Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Тұтынушы нарық пен тауар нарығы деген ұғымдар бар. Қазақстанда негізінен тұтыну нарығы дамыған. Тұтынушы нарық сұранысының 80 пайыздан астамын сырттан енген импорт тауарлар құрайды. Ал импорт тауарлардың дені доллармен сатып алынады. Қош, бұл көз үйренген, көңіл көндіккен қарекет қой. Дегенмен артық табыс табуға әдеттенген кәсіпкерлер үшін доллар арқылы шекара асып келген тауарларды мемлекеттің тежеуімен саудалау қиынға соғады. Әрине, елдің жағдайын ойлап, Ұлттық қорды жұмсап, теңге бағамын ұстап тұруға болар еді. Бірақ бұл дәл қазіргідей күрделі кезеңде өндірістердің қысқаруына, жұмыссыздықтың белең алуына соқтыруы мүмкін. Нарықты қолдан тежеу ірі өндірістерді тұншықтырумен бірдей. Сондықтан мемлекет теңгенің еркін айырбас бағамын енгізуге және инфляциялық таргеттеуге көшті.
Теңгенің құлдырауы бұрын да болған. Бірақ дәл бүгінгідей төмендеген емес. Себебі мұнайдың мұншалықты күрт төмендеуі де бұрын-соңды болған емес. Америкалық сарапшылардың бірқатары мұнайдың соншалықты қатты арзандауы Ресей мен Қытайдың сауда-саттықтағы бәсекелестігін арттыратынына сенеді. Теңгені еркіндікке жіберу де Қазақстан үшін уақыт ұтудың таптырмас амалы деуге болады.
Иә, құрлықтағы екі елдің әлеуеті Қазақстан үшін маңызды. Біздегі тауар айналымының 75 пайызы Еуроодақ пен көрші екі елдің ахуалына байлаулы. Егер сыртқы саудадағы ірі әріптестердің біреуінің басына бұлт үйірілсе, бізді де айналып өтпесі ақиқат. Қазақстанның Еуроодақ елдерімен арадағы алыс-берісі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Ресей мен Қытайдың сыртқы саудадағы үлесі өте қомақты.
Әлемді дүрліктірген пандемия кезінде ауруынан айыққан Қытай өзіндік үстемдігін көрсетуі мүмкін. Шикізатқа бағаның төмендеуі, доллардың күш алуы Азиядағы елдердің қаржы нарығын әлсіретті. Ресейдің де экономикасы шикізатқа тәуелді. Ал бағаға әмірін жүргізе алатын бір ғана ел бар жаһанда, ол – азулы Америка. Америкалықтардың Ресейге деген көзқарасы жақсы емес. Содан «қара алтын» бағасын ең төменгі шегіне дейін түсіруге барын салады. Карантин кезеңі сол жоспарды тіпті артығымен орындады. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков теңге бағамын тежеу тиімсіз екенін айтады.
– Коронавирус пандемиясы мен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы аясында ұлттық валютамыздың бағамы негізгі үш фактор арқылы анықталатын болады. Біріншіден, төлем балансының ағымдағы есепшотына назар аудару керек. Егер ағымдағы есепшоттың сальдосы минусқа кете берсе, онда ұлттық валютаның одан бетер құнсыздануына жол ашылады. Мәселен, өткен жылы мұнай бағасы жоғары болғанда Қазақстанның төлем балансының ағымдағы есепшоты шамамен минус 4 млрд доллар тапшылық көрді. Демек, сыртқы саясатта көптеген проблемалар шешілмей жатыр. Біз Ресейге, шамамен, 7 млрд сауда балансының дефицитін беріп жатырмыз, яғни Қазақстан жыл сайын 7 млрд долларға ұтылып отыр деген сөз. Ал рубль құнсызданып, біз теңгенің бағамын сол қалпында ұстасақ, экономикалық тұрғыда өзімізге тиімсіз болады. Өйткені девальвация жасаған елдің тауарлары арзандай түседі, – дейді экономист.
Экономикалық тұрғыда өрбіген дағдарыс кейінгі уақытта саяси сипат ала бастағанын да айта кету керек. «Әлем қазір салыстырмалы түрде тыныш болғанымен, бұл дауыл алдындағы тымырсық сәт», дейді сарапшылар. Осы тұстан байырқалата тұрып, бір ғасыр артқа шегінейік. 1920 жылдары Еуропада етек жайған экономикалық дағдарыс 30 жылдардағы фашизмнің күшеюіне өзек болған-ды. Ал қазіргі оқиғаның астарында экономикалық жағынан бәсі басым Америка мен Қытай арасындағы саяси күш сынасудың болып жатқаны байқалады. Доллардың бірте-бірте күш алып бара жатқаны көптеген елде шошытты, тіпті кейбірі көк қағаздан бас тартуға мәжбүр болды. Ал күнделікті күнкөрісін қамдап отырған қарапайым халықтың қытай тауарына деген тәбеті артты. Қазір халықаралық банк жүйесі әліптің артын бағып, бизнесті қаржыландырудан қашып отыр. Әйтсе де Қытай әлемдегі ахуалға қарамастан, шетелдік инвестицияға қан жүгіртетін жаңа жобаларды іске асырып әлек. Яғни доллардың қыспағынан құтылып, юаньды нарықтың төріне шығаруға мүдделі. «Қытай экономикасының тұрақтануы Қазақстан үшін қауіпті емес, керісінше шығыс пен батысқа шикізат тасымалдауға мүмкіндік ашылады», дейді отандық сарапшылар. Мұнысы шикізат сатумен пайда табатын еліміздің жағдайын меңзегені болар.
– Дәл қазір теңгенің болашағына болжам жасау қиын. Себебі оған ықпал ететін факторлардың да қалай өрбитінін болжау мүмкін емес, әлемдік экономикада саяси ойындар белең алды. Америка мен Қытай арасындағы шиеленіс бізге де кесірін тигізуде. Мәселен, былтырғы жартыжылдықта салымшылар банктерге 10,3 трлн теңге қаржы салыпты. Бұл алдыңғы жылғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 2,4 пайызға төмен. Салынған қаржының жартысынан көбі ұлттық валютада сақталған. Жылдық өсім 6 пайызға тең. Ал қалған сома шет- елдердің валютасына тиесілі. Қызығы сол, олардың үлесі 11,8 пайызға азайған. Деректерге сүйенсек, Қазақстанның барлық өңірінде қаржысын ұлттық валютада сақтайтындардың үлесі артқан. Бұл теңгенің ішкі нарықта беделін әлі сақтап қалғанын аңғартады. Доллар қанша өскенімен, тұрғындардың теңгеге деген көзқарасы түзу. Себебі мұнаймен кіндігі байланған доллардың алдағы уақытта құлдырауы ықтимал. Жағдай түзелгеннен кейін «қара алтынға» сұраныс қайта артатынын ескерген жөн, – дейді экономист Диас Бабаш.
Қарапайым халық доллардың теңгеге шаққанда қымбаттап бара жатқанына қарап, экономикалық үлкен дағдарыстың шеті көріне бастады ма деп күдіктенеді. Күрделі кезеңдер болуы мүмкін екенін сарапшылар да, ресми мемлекеттік органдар да жоққа шығармайды. Керісінше, дағдарысқа жан-жақты дайындықты күшейту керектігін ескертуде. Ал оның Қазақстанға экономикалық-әлеуметтік тұрғыда қаншалықты ауыр немесе жеңіл болатынына ұлттық валютамыздың АҚШ валютасына шаққандағы бағамы айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз.