Аймақтар • 24 Шілде, 2020

Адам капиталынан артық ештеңе жоқ

211 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Cоңғы күндері эпидемиялық жағ­дайды реттеу үшін Шымкент қаласы әкімдігі шұғыл, батыл қадамдарға бара бастады. Соның бір дәлелі, қала қазынасындағы аса қажеттілік тудырмайтын бюджет шығыстарын денсаулық сақтау саласына бағыттайтын болып шешті.

Адам капиталынан артық ештеңе жоқ

Осылайша үнемделген 3 млрд теңге қаржы адам капиталына жұмсалмақ.

Тарқатып айтар болсақ, Шымкент қаласының әкімдігі ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты басым емес бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында 2020 жылдың бюджетін қайта қарады. Екі рет нақтылаудың нәтижесінде 3 094,5 млн теңге оңтайландырылды. Қысқартылған шығынның ішінде тех­никалық құралдарды сатып алуға, түр­лі іс-шараларды өткізуге, қаланы абат­тан­дыруға арналған қаржы бар.

1

Үнемделген қаржы індетке қарсы күрес шараларына, ауруханаларды дә­рі­лік заттар мен медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтуға бағытталды. Нақ­тылап айтқанда, 1 647,5 млн теңге дәрі­лік заттар мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, медицина қыз­меткерлерін уақытша баспанамен қам­тамасыз етуге және көлікпен тасы­мал­дауға, оттегі стансасын орнатуға бө­лінсе, 236,3 млн теңге қаланы дезинфек­циялау жұмыстарына, ал 2 050 млн тең­ге жұқпалы аурулар госпиталінің құры­лысына жұмсалмақ.

Сондай-ақ шілде айында қалалық бюджеттің қаржысын нақтылау жұ­мыстары қолға алынады. Эпидемия­лық жағдайға байланысты бюджет шы­ғындарына талдау жасалып, жалпы 7 214,6 млн теңге оңтайландырылады деп жос­парлануда. Нақтылау кезінде мәдени іс-шаралар өткізу, қаланы көгалдандыру-абаттандыру, қызметтік іссапарлар, мемлекеттік мұқтажға жер телімдерін алу, құрылыс жұмыстары сияқты шы­ғындар қысқартылады. Аталған қар­жы денсаулық сақтау саласының мате­риалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.

1

 

Дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жасақталды

Түнеугүні дәрі-дәрмек іздеп түңілген, дәріхана жағалап дәрменсіз күй кешкен жұрттың жанайқайы қатты шыққаны белгілі. Осындай күйге тап болған аза­маттар жақындарын айтып келмес індет­тен аман алып қалу үшін әлеуметтік желіде қажетті дәрі-дәрмектің ұзын-со­нар тізімін жазып, ағайыннан араша, көп­шіліктен көмек сұрағанын көз көріп, құлақ естіді.

Осындай қысылтаяң сәтте қала билігі желі белсенділерінің әрбір өтінішіне бейжай қараған емес. Қайта сол сыннан нәтиже шығару үшін шаһардағы дәрі-дәрмек қорын жасақтай бастады. Арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіп, қасқалдақтың қанындай болған аса қажетті дәрілерді дәріхана сөрелеріне қойғызды. Бағасын қатаң бақылауда ұстады. Осылайша, Шымкент қаласының қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталды. Шетелден 3 миллионға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Үкіметтің селекторлық отыры­сында мәлімдеді. Жиында қалада атқа­рылып жатқан эпидемияға қарсы шаралар мен Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Онда әкім қаладағы дәрі тұрақтылығын сақтау мақсатында Үндістан, Ресей, Украина мен Өзбекстан елінен 2 млн 676 мың флакон бірінші ке­зектегі дәрі-дәрмек пен 16 млн 700 мың маска жеткізілгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының халықты дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі тапсыр­масына сәйкес қалада төрт мониторинг тобы құрылып, 348 дәріханаға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысқан 50 дерек анықталды. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталды. Қалада көтерме дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 10 ірі фармацевтикалық компания және 560 дәріхана жұмыс істейді. Шетелден дәрі-дәрмек алып келуге атал­ған фармацевтикалық компанияларға біржолғы рұқсат бе­рілді», деді қала әкімі.

 

Шетелдік дәрігерлер оң бағалады

Індеттің алдын алуда еліміз шетелдің медицина мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Соның дәлелі ретінде жуырда Шымкент қаласына көршілес Ресейден бір топ медицина маманы келген болатын. Аптаға жуық уақыт ішінде сала білгірлері отандық денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

Күні кеше Шымкенттегі ақпарат­тық-коммуникациялық орталықта өткен жиын­да қалалық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының міндетін атқа­ру­шы Тимур Варзилов пен Ресейден келген жоғары дәрежелі реаниматолог Денис Цветков қаладағы эпидемиялық ахуал төңірегінде баяндады.

Жиын барысында Т.Варзилов қалада эпидемиялық жағдай тұрақтанып, нау­қас­тарға қажетті медициналық көмек уақтылы көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ал Шымкентке арнайы тәжірибе алмасу мақ­сатында келген жоғары дәрежелі реаниматолог Д.Цветков жергілікті дәрі­герлердің коронавирусқа қарсы атқарып жатқан жұмыстары туралы өз ойымен бөлісті.

«Байқағанымыз, қазіргі уақытта жер­гілікті дәрігерлер штаттық режімде жұ­мыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың стационарға келіп түскен уақытынан бастап, толық емдеу жұмыстарының жүргізілуін көріп шықтық. Шымкент қаласындағы ауруханаларда интенсивті терапияны қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастар жан­­сақтау бөлімінде ем алуда. Бұған қоса, оларға респираторлық терапия бо­­йынша ем жүргізіледі екен. Бұл өте жақсы. Әлемдік медицина дең­ге­­йінде қолданылып жатқан емдеу тә­сіл­­­дерінің бірі – жасанды тыныстан­дыру мен инвазиялық тыныстан­дыру аппаратын қол­да­на отырып, ауыр жағдайдағы нау­қас­ты аман алып қалу. Бұл тәсілді жер­гілікті мамандар жақсы меңгерген. Шым­кент­те науқастарға кәсіби медицина ма­ман­дарының көмегі қолжетімді. Қала тұрғындарына айтарым, ауру басталған сәттен бастап медициналық көмекке жүгініңіздер», деді ресейлік дәрігер.

Ресейден келген медицина мамандары қаладағы бірнеше медицина ұйымын аралап, емдеу тактикасы бойынша жер­гілікті дәрігерлермен тәжірбие алмасып жатыр. Жалпы, шетелден жеті маман келген. Оның үшеуі реаниматолог-дәрігер және төртеуі инфекционист.

 

Індеттің беті қайта бастады

Ай басындағыдай емес, соңғы аптада Шымкентте коронавирус не пневмониямен ауырғандардың қатары азая түскен. Қара жамылған азалы хабар да сирей бастады. Соңғы мәлімет бо­йынша COVID-19 індетімен Шымкент қаласында жалпы 4453 адам тіркелген.

Өткен тәулікте вирус жұқтырған 43 адам тіркеліп, өсім 1 пайызды құрады. Жа­зы­­лып шыққандар саны – 2770. Яғни, науқастардың 62 пайызы емделіп шық­қан. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Премьер-Министр Асқар Ма­мин­­нің төрағалығымен өткен Үкімет оты­­­рысында баяндады.

Селекторлық режімде өткен жиында әкім қаладағы эпидемиялық жағ­дайды тұрақтандыру мақсатында инфек­циялық және провизорлық стационарларда қысқа мерзімде қосымша 3 050 төсектік орын ұйымдастырылып, орын саны 3 860-қа жеткізілгенін, оның ішінде 650 инфекциялық, 3 210 провизорлық төсектік орын бар екенін айтты. Сонымен қатар реанимациялық 30 орын саны 151 орынға дейін ұлғайтылғанын жеткізді.

Қала басшысы қаладағы аурухана­ларға қосымша 58 ӨЖТ аппараты мен 250 «Бобров» тыныс алу аппараты және 26 реанимациялық монитор алынғанын, реанимациялық орындар 134 ӨЖТ аппаратымен және оттегімен қамтылғанын, орын саны 861-ге жеткенін мәлімдеді.

Бұған қоса Мұрат Әйтенов тұмау және өкпе қабыну белгілерімен жедел жәрдем шақырушылар саны 26,6 пайызға азайғанын, стационарларда ем алушылар саны 31,5 пайызға төмендегенін, ста­ционарлардағы төсектік орынның жүк­темесі 90,3 пайыздан 47,5 пайызға дейін кемігенін атап өтті.

 

Науқасқа жан, алыпсатарға мал қайғы...

Әр кезеңде ел ішінде топалаңда то­қаш ұрлайтындар табылып жатады. Міне, сондай ел басына күн туып, адам шығыны болып жатқан тұста да құлқынның құлы болғандар арамызда әлі жүр. Жергілікті билік тарапынан қаншама тексеру жұ­мыстары жүргізілсе де, қулығын асырып, дәрі-дәрмекті заңсыз сақтап, сатқан іс-әрекеттер тыйылмауда. Жуырда осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында медициналық препараттарды заңсыз саудалаған 11 дерек анықталды. Бұл жө­нінде Шымкент қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасы полиция, экономикалық тергеу, мемлекеттік кіріс­тер, тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменттері және прокуратура қызметкерлері қатарынан мобильдік топ құрылған. Мобильдік топтың тексеруі барысында азаматтардың медициналық препараттарды заңсыз сатуының 11 дерегі және дәріханалардың дәрілік заттарды заңсыз өткізуінің 7 дерегі анықталды. Оның ішінде 14 дерек Қылмыстық Кодекстің 214-бабымен (заңсыз кәсіпкерлік) тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізілуде.

Жалпы сомасы 16,5 млн теңге болатын 22 мыңнан астам дәрілік препарат айналымнан шығарылды. Барлық кінәлі тұлғаларға қатысты заңда қарастырылған жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданылуда.

Қала прокурорының төрағалығымен дәрілік препараттарды заңсыз өткізу мә­селелеріне қатысты мәжіліс өткізіліп, мо­бильдік топтың жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Алда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жал­ғасын таппақ.

 

Кәсіпкерлер аянып қалған жоқ

Ұлтымыздың қанында бар қайы­рымдылықты берік ұстанған ізгі ниетті азаматтар індетпен күрес шарасына білек сыбана кірісіп кетті. Сол атымтай жомарт бір шоғырдың ішінде Шымкент қаласының кәсіпкерлері де коронавируспен күрес шараларына үлес қосуда. Қайырымды жандар «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік-қайы­рымдық қорына бүгінге дейін 100 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл туралы қор директоры Дәуренбек Құрбаниязов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл қаржыға 5 дана өкпені жасанды тыныстандыру (ӨЖТ) аппараты алынған. Құралдардың төртеуі жаңа жұқпалы ауруханаға, біреуі кардио­логиялық орталыққа орнатылған. Бүгінде осы мақсатқа жұмсалған қаржы көлемі 90 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар қызметтік борышын өтеу барысында қаза болған дәрі­гер­­лердің отбасына да «Шымкент – қайы­рымды қала» қоры тарапынан қар­жылай қолдау көрсетілді. Күні бүгінге дейін қор­дың көмегімен қосымша ашыл­ған про­визорлық орталықтардағы төсектік орынға арналған 30 кереует пен 2400 литр минералды су алынған. Алдағы аптада 10 мың бетперде мен 1000 дана меди­циналық киім тарату жоспарланып отыр.

«Шымкент – қайырымды қала» қо­рының негізгі мақсаты – әлеуметтік, мә­дени, ғылыми, спорттық, білім беру мақ­саттарына қол жеткізу, азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау. Бұл қор коронавирус инфекция­сымен күресте үлкен әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Қиын кезеңде жасалған жақсылық жария болса, айнала жақсы іспен жарысқа түседі екен. Кәсіпкерлерден бастау алған жақсы бастамаға отандық құрылыс саласындағы көшбасшы BI GROUP компаниясы да атсалысты. Жуырда аталған мекеме шаһардағы ауруханаларға ӨЖТ аппаратын сыйға тартты.

Шымкентте BI GROUP құрылыс ком­паниясы коронавирус індетінің алдын алу және дәрігерлерді қолдау мақса­тын­­да медициналық ұйымдарға екі жасанды тыныс алу аппаратын сыйлады. Осылайша, компания өкілдері аппаратты қалалық кардиологиялық орталық және №2 қалалық ауруханаға табыстады.

«Ауруханада 280 орындық прови­зорлық орталық ашылған болатын. Пнев­мония және ЖРВИ-дің асқынған түрінен ем алып жатқан науқастар саны 170. Отандық кәсіпкерлердің қол­да­уына алғыс айтамыз», дейді №2 қала­лық ауруха­наның бас дәрігері Сәрсен Пернебеков.

Компания өкілі Тимур Уразбаев ал­дағы уақытта ауруханаға қажетті аппа­рат­пен бірге оттегі концентрациясы бо­йынша да көмектесуді жоспарлап отыр­ғанын жеткізді.

Шымкенттегі ірі мұнай өңдеу зауыты – «Петро Қазақстан» компаниясы да бұл жақсы бастамаға үн қатты. Аталған мекеме «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік қорымен бірлесе Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген медициналық ұйымға гуманитарлық көмек көрсетті.

Аталған компания өкілдері №2 қа­лалық ауруханаға қарасты провизорлық станционарға 10 мың медициналық бетперде мен 1000 қорғаныш костюмін тарту етті. Жұқпалы індетпен күресте еңбек етіп жүрген дәрігерлерге алғысын білдірген серіктестік өкілі Ринат Ақбер­диев компания тарапынан алдағы уақытта тағы да қолдау болатынын жеткізді.

Бүгінде қаладағы провизорлық орта­лықтарда 3610 орын болса, оның 260-сы – осы №2 қалалық ауруха­нада. Қазір мұнда 200 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл орталық қажетті дәрі-дәрмектер, тыныс алу қондырғыларымен толық қамтылған. Қала әкімдігі тарапынан провизорлық станционарға қосымша 6 ӨЖТ аппараты жеткізілген болатын.

 

ЭКМО аппараты қолданылады

Шымкент қаласындағы кардиоло­гиялық орталықта пневмонияға шалды­ғып, денсаулығы күрт төмендеген науқас­тарды экстракорпоральды мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппаратына қосып емдеп отыр. Мамандар бұл құрылғыны ӨЖТ аппаратына қосымша көмек ретінде науқастарға қосуда.

«ЭКМО аппараты – өкпе қабынып, жұмысы қатты нашарлаған кезде қан­ды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті дең­гей­де оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағза­сына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», дейді Шымкент қала­лық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.

Қалалық кардиологиялық орталық жанынан ашылған ЭКМО орталығына шаһардың өзге ауруханаларынан ден­сау­лығы күрт нашарлаған науқастар жет­кізіледі. Олар да осы тәсілмен емделу­де. Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 нау­қас қосылыпты. Қазір бір науқастың ден­саулығы жақсарған. Дәрігерлер енді бір аптада үйіне қайтаруды жоспарлап отыр.

Пневмонияның ел арасында кеңінен таралуына орай ЭКМО орталығында 35 орын дайындалған. Қазір онда науқастар ем алып жатыр. Жүйелі жұ­мыстың арқасында күні бүгінге дейін қалалық кардиологиялық орталықтың бірде-бір қызметкері жаман індетті жұқ­тырмаған.