Негізі бұған дейінгі матчтар елордадағы «Астана Аренада» өтіп жүргені баршаға белгілі. Алайда жыл басында ішкі жөндеуге байланысты жабылған стадионның құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бітпей жатқан көрінеді. Сондықтан ҚФФ басшылығы тәуекелге бармай-ақ, алғашқы матчты Алматыда өткізгенді жөн деп шешіпті. «Ұлттар лигасындағы Беларусь құрамасына қарсы ойынды Орталық стадионда өткіземіз. Ал үйде өткізетін тағы екі матчтың қайда өтетіні әлі белгісіз», дейді ұлттық құрама командалары департаментінің директоры.
Сондай-ақ Қайрат Нұрдәулетов УЕФА басшылығы 1000 адамға дейін стадионға жанкүйер кіргізуге рұқсат бергенін мәлімдеді. «Әрине ең алдымен барлығы сол елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты екенін ескерген жөн. Мысалы, матч қабылдайтын елде жағдай тұрақты деп саналса барлық санитарлық талапты сақтап, жанкүйер кіргізуге болады. Ал матч індет кең таралып жатқан елде болса онда футболшылар жанкүйерсіз ойнайды», дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионында Албания, Беларусь және Литва футболшыларымен бір топта өнер көрсетеді.