18 Қазан, 2013

Дербес медицина қызмет көрсету сапасын жақсартуға жол ашады

1620 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Назарбаев Университетінде «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» деген тақырыпта халықаралық конференция жұмысын бастады.

Биомедицинаның дербес медицина саласы әлемдік медицинаның озық жетістіктерінің қатарында аталады.

Кеше елордадағы Назарбаев Университетінде «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» деген тақырыпта халықаралық конференция жұмысын бастады.

Биомедицинаның дербес медицина саласы әлемдік медицинаның озық жетістіктерінің қатарында аталады.Оның негізгі ерекшелігі – әрбір науқасқа жеке күтім жасау, генетикалық ерекшелігіне қарай ем тағайындау. Дербес медицина сөзі бізде соңғы бірер жылда ғана айтылып жүргенімен, бұл жиырма бірінші ғасырдың басында негізі қаланған, нарыққа дендеп енген іргелі сала. Назарбаев Университеті, Өмір туралы ғылымдар орталығының бастамашылығымен өткізіліп жатқан халықаралық жиында осы саланың соңғы жаңалықтары паш етілмек. Яғни, әлемнің түрлі мемлекетінен келген ғалымдар науқасты жеке емдеу бойынша өз әдіс-тәсілдерімен, оған қоса ғаламдық денсаулық және биоинформатика мәселелері бойынша тың идеяларымен бөліспек.

Екі күндік жиын барысында Фумихико Матсуда (Жапония), Йонг Ил Ким (Корея), Тошихиро Танака (Жапония), Мартин Бобак (Ұлыбритания) сынды профессорлар бастаған топ панельдік сессияның назарын геномика мен дербестендірілген медицинаның мүмкіндіктері мен мәселесіне бағыттайтын болады. Ал, пленарлық отырыстың екінші бөлігінде стенд баяндамалары мен ғалымдардың ғылыми жұмыстарының көрмесі жоспарлануда. Бұған Гарвард медициналық университеті және Питсбург университеті сияқты әлемге танылған оқу ордаларының ғалымдары қатысады. Жалпы, жиынға АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің, Корея Республикасының және Ресей Федерациясының ғалымдары келгенін айта кету керек.

Назарбаев Университетіндегі Өмір туралы ғылымдар орталығы осының алдында да екі рет конференция өткізген болатын. Ол жиындарда негізінен адам өмірінің сапасын жақсарту мәселелері қарастырылған болса, тұңғыш рет өткізіліп отырған осы конференцияның мақсаты – отандық ғалымдар мен қоғамның назарын дербес медицинаға бұру. Бұл жайында Өмір туралы ғылымдар орталығының директоры Жақсыбай Жұмаділовтың пікірі төмендегідей: «Дербес медицина – әсіресе, АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінде жақсы дамыған сала. Мысалы, АҚШ-та дербес медицинаның бір жылдық нарығы 230 миллиард долларды құрайды. Олар 2015 жылы бұл қаржыны екі есе өсірмек. Ал, бізде бұл дамымаған. Оны дамыту үшін зияткерлік әлеует пен инфрақұрылым керек. Біздің орталық осы сала бойынша шетелдерде мамандарды оқытуда. Бірақ, білікті мамандарды даярлап шығару үшін кемінде он жылдай уақыт қажет. Инфрақұрылым мәселесі де бүгін-ертең шешілейін деп тұрған жоқ. Сөйте тұра біз қоғамның назарын дербес медицинаға аударғымыз келеді. Ал, ғаламдық денсаулыққа келер болсақ, бұл тақырып бо­йынша негізінен жылдам таралатын вирустық инфекцияларға қатысты мәселелер сөз болады».

Айта кету керек, конференция жұмысы ағылшын тілінде өтуде. Өзге елдерден келген профессорлармен қатар кеше бірқатар отандық жас медицина докторлары ағылшын тілінде баяндамалар жасап, өз емдеу ерекшеліктерін ортаға салды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».