Алматыда билік пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері іс-қимыл бірлігі мәселелерін талқылады
Жақында әуелі қала әкімдігінде “Қоғам және билік: әлеуметтік әріптестік көкжиегі” атты іске асырылған әлеуметтік мәнді жобалар көрмесі болып өтті. Онда мемлекеттік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырған бірталай жобалар көрсетіліп, жұртшылыққа таныстырылды. Осы іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимыл бірлігі мен ынтымақтастық жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысы өткізіліп, оған қала әкімі Ахметжан Есімов төрағалық етті.
Отырыс кезінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қалалық құрылымдардың жетекшілерімен бірлесе отырып, билік пен қоғамдық сектордың әлеуметтік әріптестігін одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді кеңінен сөз етті. Қала әкімі әлеуметтік әріптестіктің қолжетімді әрі тиімді тетіктері қажеттігін ерекше атап көрсетті. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, осынау отырыстың негізгі мақсатының өзі де атқарушы органдармен іс-қимыл бірлігінің пайдасын бағамдап, барлық коммерциялық емес ұйымдардың күш-жігерін топтастыру мақсатын көздегені де анық. Бүкіл ел бойынша тіркелген қоғамдық ұйымдардың қырық пайызы Алматыда жұмыс істейді екен. Ендеше, қала басшысының осынау жайға баса назар аударғаны да түсінікті болса керек. Осыған орай өзара ынтымақтастықтың көкжиегі мен келешегі туралы қоғамдық ұйымдар өкілдері де өз ой-пікірлерін бүкпесіз ортаға салды.
Алматыдағы Қоғамдық кеңес республикада алғашқы болып 2009 жылы құрылғанынан хабардар едік. Оның консультативтік-кеңесшілік орган ретіндегі мәртебесі және бар. Мұнда жұртшылық пен әкімдік өкілдері әртүрлі мәселелерді үнемі бірлесіп талқылайды. Кеңес өз отырыстарының қорытындылары бойынша қандай да бір проблемаларды шешудің жолдарын нұсқаған өз ұсыныстарын тиісті құзырлы орындар мен мемлекеттік органдарға жолдап отырады. Қала әкімдігі әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдарға бірқатар өкілеттіктерді беруді игі дәстүрге айналдырып келеді. Бүгінгі отырыста мәлім етілгендей, қалалық өкімет орындары үкіметтік емес ұйымдармен өзінің осы бағыттағы өзара тығыз қарым-қатынасын кеңейте түсуді ұйғарған. Сонымен бірге, Алматының әкімдігі қалалық мәслихат қарауына үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды екі есе ұлғайту жөнінде ұсыныс енгізіп отыр. Осыған орай жұртшылық өкілдері мұндай ашық үн қатысуға және өз ұсыныстары мен сын-ескертпелерін енгізу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.
Отырыс соңында қала әкімі 2009 жылы жүзеге асырылған әлеуметтік мәнді жобалар көрмесінің жеңімпаздарын құттықтап, оларға марапат грамоталарын тапсырды. Орындалған жобаның үздік тұсаукесері ұсынымында оралмандардың “Асар” республикалық қоғамдық бірлестігі, халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудегі озық тәжірибе ұсынымы бойынша “Шырақ” мүгедек әйелдер қауымдастығы, әлеуметтік мәнді жобаларды ұзақ мерзімді іске асыру келешегі ұсынымы бойынша Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы жеңімпаз атанды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.