18 Қазан, 2013

Жол жаңғырып, байланыс жеделдейді

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарым-қатынастың алтын көпірі болу мүмкіндігі мол Маңғыстауда теміржол, тасжол құрылыстары өркендеуде. Болашаққа жоспарланған жол салу істері де жоқ емес. Облыс аумағында аяқталуын ел-жұрт асыға күтіп жүрген жол құрылыстары бар. Бұлардың бүгінгі ахуалы мен ертеңгі бағыт-бағдары туралы өңірге республикалық ақпараттық-насихаттық топты бастап келген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің аузынан естідік.

Қарым-қатынастың алтын көпірі болу мүмкіндігі мол Маңғыстауда теміржол, тасжол құрылыстары өркендеуде. Болашаққа жоспарланған жол салу істері де жоқ емес. Облыс аумағында аяқталуын ел-жұрт асыға күтіп жүрген жол құрылыстары бар. Бұлардың бүгінгі ахуалы мен ертеңгі бағыт-бағдары туралы өңірге республикалық ақпараттық-насихаттық топты бастап келген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің аузынан естідік.

Министр Мемлекет басшысының «Қазақ­­­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының не­гізгі бағыттарының, оның ішінде Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту аясында берген тапсырмаларының жүзеге асуы барысына тоқталды.

А.Жұмағалиевтің айтуынша, Бейнеу кентінен Шетпе кентіне дейін жүргізіліп жатқан 240 шақырым автомобиль жолы құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр, сондай-ақ 2017 жылы Жетібай кентінен Жаңаөзен қаласына дейінгі автожол учаскесін қайта құрылымдау жұмысы басталатын болады. Бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан «Бейнеу-Шалқар» теміржолы құрылысын бойлай тасжол салынады деген елдің қуанышты әңгімесі рас екен, бұл екі мекеннің арасын қосатын жалпы ұзындығы 500 шақырымдық автожол құрылысы 2015 жылы басталмақ. 120 шақырымы Маңғыстау облысының аумағымен өтетін жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылуға мүмкіндік береді. Ал «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін құрылымдау барысында 698 шақырым салы­нып біткен, бұл биылғы жылға жоспарланған 806 шақырымның бір бөлігі. Сонымен қатар, А.Жұ­мағалиев вокзалдардың инфрақұрылымын дамыту, олардың қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Биыл Ералиев, Қоркөл, 10-шы бекет, Үстірт стансаларындағы вокзалдардың жөнделуі аяқталады деп күтілуде. Мемлекет басшысының Ақтау теңіз портының қуатын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясындағы құрғақ жүк терминалдарын салу жоспарына сай құрғақ жүк терминалдарын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі биыл қыркүйек айында бекітіліп, қараша айында су түбін тереңдету жұмыстары басталмақ. Телекоммуникациялық желілерді жаңғырту, елді мекендердегі байланысты дамыту, сандық эфирлік теледидарды енгізу мәселелеріне тоқталған министр ағымдағы жыл соңына дейін Маңғыстау облысы сандық телехабар таратумен 100 пайыз қамтылатындығын, 2013 жылы еліміздің барлық облыс орталықтарында, оның ішінде Ақтау қаласында 4G жүйесінің құрылысын аяқтау жоспарлануда екендігін айтты. Жұртшылықпен кездесуде халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің Маңғыстау облысындағы сапасы мен көлемділігі де айтылды. 2013 жылдың 9 айында Маңғыстау облысының ХҚО-лары 421 769, ұтқыр ХҚО-лары – 7 240 құжат берсе, e-gov бұрыштары мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында 52 351 кеңес берілген. Көктемде Ақтауда ашылған арнайы ХҚО бас-аяғы 5-6 ай ішінде 17 мың адамға қызмет көрсетіп үлгеріпті. Ұшы-қиыры жоқ жазық далада діттеген жеріне жете алмай келе жатқан ақынның «дала жатыр аяқталмай, басталмай» деп жырлағанындай, Көлік және коммуникация министрі құзырындағы Маңғыстау өңіріндегі біткен және болашақта бітетін істерге қарап, өңірде жолдар жаңарып, байланыс жеделдей түседі деуге болады.

Жолдауға қолдау көрсету барысында Маңғыстауға келіп, жұртшылықпен жүздесіп, өз саласының өңірде өркендеуі мен алдағы міндеттері туралы осыларды мәлім етті министр. Жол, байланыс саласында серпінді жобаларды қолға алған өңірде біткен істің де, бітетін істің де «менмұндалап» көрініп тұратыны анық. Сондықтан, әрбір жобаның жолда қалмай, халық игілігіне, ел ертеңіне қызмет етуі – басты парыз.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».  

Маңғыстау облысы.

 

Соңғы жаңалықтар