Қазақстан • 24 Шілде, 2020

"Қарағанды – Балқаш" тасжолында қозғалыс жыл соңында дейін ашылады

761 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында жүргізушілер жыл соңына дейін жаңартылған "Қарағанды – Балқаш" тасжолымен жүре алады, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Қарағанды – Балқаш" тасжолында қозғалыс жыл соңында дейін ашылады

Бұл туралы республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскелерін тексеру барысында "QazAvtoJol" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов мәлімдеген.

Ұзындығы 363 шақырымды құрайтын "Қарағанды – Балқаш" тасжолын қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда тасжолдың барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, жер қазу жұмыстарының 73% (22,7 млн текше метр) орындалған. Сондай-ақ, жолдың 95 шақырымында жол негізінің қосымша қабаты, 41 шақырымында жол негізінің төменгі қабаты, 68 шақырымында жол негізінің жоғарғы қабаты, 58 шақырымында жол жабындысының төменгі қабаты төселді. Бұдан бөлек, жолшылар 165 су өткізу құбырын орнатып үлгерген.

Қайта жаңартудан өткен соң жол 4 жолағы бар І-б техникалық санатындағы жолға сәйкестендірілетін болады. Айта кету керек, жолды кеңейту учаскелердегі апаттылық деңгейін айтарлықтай төмендетіп, жолдың көлікті өткізу қабілетін бірнеше есеге арттыра түспек.

Жоба 28 көпір мен жол өтпелерінің, 377 су өткізу құбырының, демалыс алаңдары мен елді мекендер маңында орнатылатын автопавильондардың құрылысын қарастырады.

Мердігерлік ұйымдар – "СП КазГерСтрой" және CITIC Construction Co.Ltd компаниялары. Құрылыс жұмыстарына техниканың 1720 бірлігі, 2250 адам жұмылдырылған. 500 адам – нысанға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары.

Жолшылардың алдында осы жылдың соңына дейін автомобиль жолының толық бойында жол жабындысының төменгі қабаты бойынша қозғалысты ашу міндеті тұр.