Аймақтар • 24 Шілде, 2020

"Талдықорған – Өскемен" жолын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде

1175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовпен бірге Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы республикалық маңызы бар "Талдықорған-Өскемен" тасжолының қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерін тексерді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

"Талдықорған – Өскемен"  жолын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде

Ұзындығы 763 шақырымды құрайтын "Талдықорған – Өскемен" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жолшылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бүгінге дейін мамандар 14856 мың текше метрден астам жер қазу жұмыстарын аяқтап, 272 су өткізу құбыры мен 29 мал өтпесін салды. Сондай-ақ, жолдың 287 шақырымында қиыршық тас және құм қоспасынан жасалған жолдың төсеме қабаты, 256 шақырымында жол негізінің төменгі қабаты, 238 шақырымында жоғары кеуекті ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол негізінің жоғарғы қабаты және 190 шақырымында тығыз ірі түйіршікті жол жабындысының төменгі қабаты жайластырылды. Бұдан бөлек, мұнда жол өтпелері, көпірлер мен жол айырықтары сияқты 30 жасанды құрылымның құрылысы жүріп жатыр.

Жол елдің оңтүстігі мен шығысын байланыстыратындықтан, оның екі өңірді дамытуда маңызы зор. Ол – негізгі көліктік күре жолдардың бірі. Тасжол Алматы облысындағы Қойлық елді мекенін, Шығыс Қазақстан облысында Шынқожа, Үшбиік, Аягөз елді мекендерін айналып өтеді.

Құрылысын жұмыстарын "CITIC Cinstruction Co.Ltd", "К-Дорстрой" және "Todini Central Asia" ЖШС жүзеге асыруда. Жұмыстардың сапасын "ГК ИНЖИНИРИГ" және "ZS Enginering" компаниялары бақылайды.

Еске салайық, жобаға сәйкес "Талдықорған – Өскемен" тасжолының 32 шақырымы төрт жолағы бар 1 техникалық санаттағы, ұзындығы 731 шақырымды құрайтын жол учаскесі 2 жолағы бар ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Осылайша жүргізушілер көп ұзамай Талдықорғаннан Өскеменге дейін 6-7 сағат ішінде жете алатын болады. 

Бұдан бөлек, қайта жаңарту жұмыстарының аясында 6 көпір, теміржол арқылы өтетін 3 жол өтпесі, жарықтандырылатын 11 жол айырығы, 276 құбыр, демалыс алаңдары, елді мекендер маңында орнатылатын автопавильондар салынатын болады. Бүгінгі таңда учаскелердегі жұмыстарға техниканың 2 мыңнан астам бірлігі мен 4 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында "QazAvtoJol" ҰК" АҚ мен мердігерлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Шара аясында жол учаскелеріндегі қайта жаңарту жұмыстарының барысы мен қарқындылығы мәселелері талқыланды.