Сыршыл ақын Сағи Жиенбаев өткен ғасырда «Қарттарым, аман сау жүрші!» деп еді. Ұрпақ сабақтастығында қарттардың орнын кейінгі толқын жалғастырып, оның ізін жастар басып жатады. Бұл бұлжымай орындалып келе жатқан өмір заңы. Алапат соғыстың майдангерлері бұл күнде саусақпен санарлық қана қалды.
Сыршыл ақын Сағи Жиенбаев өткен ғасырда «Қарттарым, аман сау жүрші!» деп еді. Ұрпақ сабақтастығында қарттардың орнын кейінгі толқын жалғастырып, оның ізін жастар басып жатады. Бұл бұлжымай орындалып келе жатқан өмір заңы. Алапат соғыстың майдангерлері бұл күнде саусақпен санарлық қана қалды.Ал олардың жол сорабын соғыс сұрапылында балалығынан айырылған қайсар жандар басты. Көңіл көзі ашықтар енді соларды елеп-ескеріп жатыр.
Алтын күзбен бірге Арқа төсіндегі Астанада еліміздің облыстары барларымен көзге ұрып, жәрмеңке өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл қазір әдемі жалғасын тауып жатыр. Солармен бірге елорданы көруге ниет танытқан, сол жағалаудағы көз тартар көрікті ғимараттарды, айбарлы рухани дүниелерге риза кейіппен қарап, теледидардағы, суреттердегі көріністер ақиқат екен деп жүрген ауыл қарттарымен дидарласып қалғанымыз бар.
– Біз Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданынан келдік. Әкіміміз Лавр Хайретдинов: «Астананы көріңіздер, тамашалаңыздар. Содан кейін елге келіп бар жақсылықты жеткізіңіздер», – деп әр ауылдан тоғыз қарт алып келіп еді, көріп көңіліміз толып, осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістігіміз екеніне иландық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дара да дана ісіне көңіл тоғайды, – дейді Қалимолда Зайнуллин. Ол ауылдың да ажары ашылып келе жатқанына нақты мысалдар келтірді. Ал онымен қатарлас келе жатқан Сейдеғали Қойшығалиев «Сексен үшке аяқ басқан шақта Астананы көру бақытына ие болдық. Теледидардан Батыс елдерінің астаналарын қақ жарып ағып жатқан өзендерді көріп, таңғалушы едік. Біздің астанамыз да Есілдің екі жағына орын теуіпті. «Бәйтерек», «Хан шатыр», Назарбаевтың орталық мұражайы келісті-ақ тұр. Елден ақсақалдар келіпті деп Сенат, Мәжіліс депутаттары қабылдап, құрмет көрсетті. Қартын қадірлеген ата салтты көріп, бір марқайып қалдым», – дейді. Тағы бір ақсақал: «Осындай игілікті іске ұйытқы болып, бізді қатардан қалдырмаған әкім ініміз Лавр Рашидұлына алғысымыз ерен. Сексеннің үстіне шығып селкілдеп жүргенде, еңселі елордаға әкеліп, осынша ізгі ниетке кенелтті. Біз Астанадан көрген әрбір ақиқатты суретке түсіріп алып жүрміз. Барған соң аудан жұртшылығына таныстыратын боламыз», – десе, Табылды Масатов ел дамуына Жаңақала ауданы азаматтарының қосып отырған үлесінен дәйектер келтірді. Молдағали Тәжиев ауданда атқарылған жұмыстарды алға тартты. «Әсіресе, ауыл-ауылға жеткен көгілдір отын мен «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза суға қолымыз жетті», – дейді ол.
Көненің көзіндей, өмірдің өзіндей қарттармен дидарласқанда алтын тамыр ауылмен қауышқандай болдық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».