
Дара да дана, ұлт ертеңі, түрік дүниесінің келешегі деп жар салған, болмысы бөлек жалын жүрек ақын Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың басында «Түріктің тәңірі берген несібі ғой... Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?», дегені белгілі. Өткен аптада сол қара шаңырақта, жалпы түркі дүниесінің руханиятына қосылған екі кітап, нақтылай түссек, «Түркілік тәрбие» атты антологиялық жинақ пен түрік мемлекеттері мен халықтары арасындағы қазіргі интеграциялық үдерістерге қатысты саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени қарым-қатынастардың барысы баяндалған «Түркі дүниесі» атты альманахтың тұсаукесері өтті.
Дара да дана, ұлт ертеңі, түрік дүниесінің келешегі деп жар салған, болмысы бөлек жалын жүрек ақын Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың басында «Түріктің тәңірі берген несібі ғой... Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?», дегені белгілі. Өткен аптада сол қара шаңырақта, жалпы түркі дүниесінің руханиятына қосылған екі кітап, нақтылай түссек, «Түркілік тәрбие» атты антологиялық жинақ пен түрік мемлекеттері мен халықтары арасындағы қазіргі интеграциялық үдерістерге қатысты саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени қарым-қатынастардың барысы баяндалған «Түркі дүниесі» атты альманахтың тұсаукесері өтті.

Бұл айтулы еңбекке қазақ топырағында алғаш шаңырақ көтеріп, іргесін бекітіп келе жатқанТүркі академиясы ұйытқы болғанын, былтыр «Түркідүниесі», «Асылмұра» атты іргелі еңбектерді оқырманға ұсынғанын айта кетсек дейміз.
Ерекше құндылықты таныстыру рәсімінің тізгінін қолға алған Түркі академиясының президенті Ш.Ыбыраев елеулі кітаптар туралы жан-жақты баяндай келіп, бұл ғылыми орданы ашуына, оның жүйелі жұмыс істеуіне, бауырлармен байланыс жасау үдерісіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болып келе жатқанына нақты дәйекті дәлелдер келтіріп, «Түркілік тәрбие» антологиясында түркі халықтарының рухани, мәдени мұрасы олардың қазіргі заманғы өмір сүру салтына негізделіп, тұңғыш рет бір ізге келтіріліп отыр. Мол мұраны жүйелеу үшін түркі халықтарының тарихында жиі кездесетін ортақ ұстанымдар, тұжырымдар, көзқарастар, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар алты тілдің негізінде түркі тәрбиесі бірізді жүйеге түсірілді», деді. Ол бұдан кейін кітаптардың құрылымы, түзілу тәсілі, атсалысқан түрік ғалымдары туралы да баян етті. Қазір түркі өркениетін қамтитын кітапты шығару ісіне жұмыла кіріскенін де назарға салды.
Бұдан кейінгі сөзді Түркі кеңесі Ақсақалдар алқасының мүшесі, көрнекті ғалым Әділ Ахметов алып, аз уақыттың ішінде көп іс тындырған академияның ізгілікті ісіне ризалығын білдірді. Ол сонымен бірге халықаралық ұйым ТҮРКСОЙ уақыт өте келе, ЮНЕСКО секілді әлемдік үлкен мекеме болатынына сенімді екенін жеткізді. Түркияда өткен түрік дүниесінің басқосуына төрткүл дүниедегі тек-тамыры бір бауырларымыздың жиналғанын, бұрын шет қала беретін түркімендер де атбасын бұрғанын атап өтті. Академик Ғарифолла Есім түрік дүниесінде түрік азаматы деген ұғым қалыптастыру керектігін айтып, алда шығатын кітап білім мен ғылымға, жаңа технологияға арналса деген ұсынысын білдірді. Қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков тек-тамырымызды түгендеу барысында «түркі», «түрік», «түркия», тағы басқа атауларды бір ізге түсіру керектігін айтты. Мен үзбей айтып келе жатқан бір идея: түрік тарихын мектепте оқыту, түркі әлеміне ортақ телеарна ашу, Түрік академиясының мүшелігіне сайлау өткізу еді. Бізге Тәңірім мол мүмкіндік беріп отыр. Соны пайдалана алмай, тарихымызды түгендеуде көп жағдайда су бетінде қалқып жүретініміз бар. Тереңге үңілу арқылы тегіңді танып, білесің. Ана бір жылдардағы аласапыранда Ресейдің сыртқы істер министрі болған бір азамат түріктерді бір-біріне жақындастырмау керек дегенін өз құлағыммен естігенмін. Біз әртүрлі өркениеттерді айтамыз. Ал неге түрік өркениетінің бар екенін білмейтіндердің құлағына құймаймыз? Ағайындар-ау, түрік өркениеті бұрын да болған, қазір де бар. Соны дәйектеп, ұрпақтар санасына сіңіру бізге жүктеліп отыр. Мына еңбектер соның алғашқы қадамы дер едім, деді.
Осы арада ойымызға 99 жыл бұрын, яғни 1914 жылы Міржақып Дулатов түрік баласына қаратып: «Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», дей келіп: «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады», деген сөзі оралды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан түрікті тану – қазақты тану деп, тарихты жазу кезіндегі алуан түрлі пікірлер туралы айтып, елдік іске тарихшы да, әдебиетші де, журналист те үлес қосуға құқылы екенін, кей жағдайда бір-бірімізді әуесқой деуден аулақ болу қажеттігін, жалпы тарихты жазу ісінде қасаңдықтан құтылу арқылы оқырманды ұйытуға болатынын еске салды. Сонымен қатар, ұлы тұлғалардың, оның ішінде түркі әлеміндегі айтулы адамдардың құнды саналатын рухани жәдігерлердің тізімін бекіту, соны жұртқа жеткізу жағын ойластыруды ұсынды. Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл славян жазуы күнін Ресей жыл сайын атап өтетінін дәйекке келтіріп, өзінің руна-сына жазуы күнін қазақ топырағында да мерекеге айналдыру мәселесін қозғап, оны Үкімет қолдағанын, бұл игілікті істің алдағы уақытта іске асатынын алға тартты. Тағы бір халық қалаулысы Камал Бұрханов: «Біз кеңес заманында жоғары оқу орындарында славян мемлекеттерінің, Ресей тарихын молынан оқыттық. Түрік дүниесі тек тілдік тұрғыда ғана қарастырылды. Қазір оқып-біліп жатқан тарихынан мүлде хабарсыз болдық. Ендігі жерде осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», деді. Ол бұған қоса, көптеген тарихи еңбектердің қасаң тілмен жазылатынын, оны қажет адамдар ғана оқитынын, жалпы жұрт көп жағдайда біле бермейтін, сондықтан тарихи құндылықтарға ынталы жұртқа көркем тілмен ұсынудың артықтығы жоқ деген пікірге қосылатынын жеткізді. Әлемдік үдерісте мұндай ізденістердің бар екенін де алға тартты. Профессор Диқан Қамзабекұлы түрік халықтарының арасындағы аударма ісіндегі кетіп жатқан олқылықтарды жою жолын ұсынды. Жақсы дүние жақсы аударылмаса, оқырманын таппайды. Осы істі жүйелі жолға қойсақ, бір-бірімізді жете түсінер едік, деп байлам жасады.
Сонымен, түрік өркениетіне қосылған «Түркі дүниесі» альманағы мен «Түркілік тәрбие» антологиясы жұртшылық қолына тиді. Бұл айтулы еңбекте тек-тамыры бір қандас бауырлардың руханият саласындағы ұлы дүниелері өз тілдерінде жарияланған. Анау замандары ағайындықтан алшақ кетіп, өзі болған қыздай күн кешкен, қазір табысып жатқан жұрттың жауһарлары бір кітаптың ішінде маржандай тізіліп, түйісуі көңіліңе медет екен.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».