Аймақтар • 25 Шілде, 2020

Петропавлда 4 миллионды ала қашқан ұры ұсталды

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сағат түнгі 10 шамасында қаланың "Корона" сауда үйінің маңында 4 миллион теңгедей ақшасы бар пакетін ұстап тұрған әйелдің соңынан баспалап келген ұры оны жұлып алып, қаша жөнелген, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда 4 миллионды ала қашқан ұры ұсталды

Осынша қолма-қол ақшаны түнгі мезгілде қолына жалғыз ұстап жүрген әйелдің де қылығы қызық екен. Жан дауысы шығып, ұрының артынан жүгірген оның дауысын қалалық патрульдік полиция батальоны экипажының қызметкерлері естиді.

Полиция аға лейтенанты Асқар Татанов аулалардың бірінде жасырынбақ болған ұрының соңынан жүгіріп, қуып жеткенде анау қолындағы пакетін лақтыра салып, жасырынбақ болды. Алайда, полиция қызметкері оның заттай айғақтан құтылмақ болған ниетін іске асырмай, шалып жығып, қолын қайырады.

Сөйтіп миллиондарын жайбарақат ұстап жүрген жайбасар әйелдің жолы болып, мүлкі өзіне қайтарылды. Қазір оның полиция қызметкерлеріне айтар алғысы шексіз. 

"Есім шығып кеткен мен полицияға хабарласудың орнына бақырып, ұрының соңынан жүгіре беріппін ғой. Әйтеуір жолда кездескен бір әйелдер полицияға дабыл жіберіпті. Полицейлерге және оған хабар берген адамдарға алғысым шексіз", дейді ол.

Тонау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 34 жасар ұсталған адамның бұрын бірнеше рет сотталғаны анықталды. Қазір ол   Петропавлдың уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ПЕТРОПАВЛ