
Соңғы күндері Санкт-Петербургтің «Зенит» командасының жартылай қорғаушысы Андрей Аршавиннің тағы да үйленбекші болып жатқаны туралы ақпар тарады.Бұл туралы «Лента.Ру» хабарлады.
Футболшының таңдауы кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында көп көрсетіліп кеткен Дарья есімді келіншек екен. Бұлардың байланыстары туралы біз де осының алдында екі рет жазғанбыз. Оның біріншісі бұл екеуінің жақында Питерде режиссер Федор Бондарчуктің «Сталинград» атты фильмінің премьерасына екеуінің қол ұстасып бірге барғаны туралы дерек берсе, екіншісі келіншектің жол-көлік оқиғасына ұрынған кездегі өзін ұстау жағдайы жайлы айтуға арналды.
Андрей премьераға барғанда қасындағы құрбысының қолындағы неке сақинасын жұртқа көрсетіп қалуға тырысқан (суретте). Мұнысы бұлардың бұл жүрісі бекер емес екенін білдірмек болғаны деседі.
Енді қазір 32 жасар футболшының сол құрбысына үйлену жөнінде келісім сұрағаны да белгілі болып отыр. Келіншектің аты – Дарья, әзербайжан қызы. Ол футболшыдан 3 жас үлкен. Екі баласымен күйеуінен ажырасқан. Мамандығы журналист. Спорт тақырыбына маманданған. Санкт-Петербургтің университетінің журналистика факультетін бітірген.
Дарьяның курстасының сөзіне қарағанда, ол оқып жүргенде-ақ көркімен көзге түскен, бірақ тәкәббар болған.Үнемі жақсы өмірді аңсап жүрген.
Дарья қазір Лондон қаласында тұрады. Сонда спорт индустриясында қызмет етеді.
Мұрат Айтқожа.