Орал қаласында “Нұр Отан” ХДП БҚО филиалы бастауыш партия ұйымдары төрағаларының форумы болып өтті. “Нұр Отан” ХДП сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру, партия құрылымында “Нұр Отан” ХДП бастауыш партия ұйымдарының рөлін күшейту, ішкі партия жүйесі қарым-қатынасының тиімділігін арттыруға арналған басқосуға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Ноғаев, “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары, құқықтық басқарма бастығы Данияр Вагапов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар қатысты. Кеңесті “Нұр Отан” ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алған Нұрлан Ноғаев “Нұр Отан” ХДП-ның еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде зор беделге ие екеніне тоқтала келе, Елбасы саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыруда бастауыш партия ұйымдарының қосып отырған үлесі зор екенін айтып өтті.
Данияр Вагапов өз сөзінде осындай жиындардың еліміз бойынша өтіп жатқанын айтып, ең басты үш мәселеге көңіл аударды. Олар: Елбасы саясатын кеңінен тарату барысында билік пен халық арасында тығыз байланыс орнату; ұсыныстың бастауыш партия ұйымы тарапынан түсуі, оны жоғарыға жеткізуде белсенділік таныту; партия жұмысын нақты істерге арнау.
Одан кейін жиналғандар алдында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков баяндама жасады. Бүгінгі таңда 13 аймақтық филиалда құрамында 28017 мүшесі бар 323 бастауыш партия ұйымы құрылған. Барлық деңгейдегі мәслихаттағы 200 депутаттың 193-і (96,5%) – “Нұр Отан” партиясының мүшесі. Барлық мәслихат бойынша партияның 14 депутаттық фракциясы құрылып, жұмыс жасауда.
Жарыссөзге партия ұйымдары атынан Марат Тоясов (Қазталов ауданы), Әнес Ізтелеуов (Орал), Теміржан Серіков (Жаңақала), Елена Киянская (Зеленов), Арыстанбек Тілеуқабылов (Бөрлі), Жақсылық Абдолов (Жәнібек) қатысты.
Форум соңында тиісті ұсыным қабылданды.
Жиын соңында өткен жылы жемісті жұмыс істеген ұйымдар үшін жарияланған конкурстың қорытындысы шығарылды. “Ең үздік бастауыш партия ұйымы” атты конкурс жеңімпаздары болып “Василец” ЖШС, “Ақсайгазсервис” АҚ, Жаңақала ауданы С.Меңдешев партия ұйымы аталып, диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Жиын соңында Данияр Вагапов ұзақ жыл Жаңақала ауданында әкім болып қызмет атқарған Төлеген Мерғалиевке жемісті еңбегі үшін рахмет айтып, өңіріне “Белсенді қызметі үшін” кеуде белгісін тақты.
Темір ҚҰСАЙЫН.
ОРАЛ.