Қоғам • 27 Шілде, 2020

Сәтбаевтағы сорақылық

1244 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қаныш Сәтбаев атындағы қалада болған жойдасыз қылмыс жұрттың ашуға бой алдырса, жолындағының бәрін жайпап кететінін көрсетті. Қыз баласын төбесіне көтеріп, төресіндей күткен қазақтың жұдырықтай балдырғанының тағдырына алаңдап, тарпаң мінез көрсеткеніне бір есептен түсіністікпен де қарауға болатын шығар. Дегенмен, осы дүрбелеңді пайдаланып, шектен шыққан тәртіпсіздікке барған кейбір тентектің ісін қалай болғанда да құптай алмайсыз.

Сәтбаевтағы сорақылық

Кеншілердің шағын қаласын ғана емес, Қарағанды облысын, қала берді бүкіл елді елең еткізген бұл оқи­ғаның қалай өрбігенін қолдағы бар деректі ұқсата отырып, рет-ретімен баян­дап көрелік.

Айтуға ауыз бармайтын бұл қылмыс 23 шілде күні Сәтбаев қаласындағы Ерден көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болды. Зәбір көрген қыз баланың ата-анасы осы үйдің бесінші қабатында тұратын туыстарының үйіне Жезқазғаннан келген екен. Содан, кешкі сағат 20.30 шамасында далаға шыққан жұдырықтай қыз үшті-күйлі жоғал­ған да кеткен. Арада жобамен алғанда жарты сағат уақыт өткенде бұл жөнінен жергілікті полиция да құлақтанып, іле-шала тәртіп сақшылары, еріктілер бар, бәрі бірдей тік көтеріліп, іздеу шаралары басталып кетеді. Бұл жұмысты олар алдымен әлгі кіреберістен бастаған екен. Жоғарыдан төмен тінтіп келіп, бірінші қабатқа түскен. Ондағы пәтерлердің біріндегі жас шамасы алпыстағы еркек есікті өзі ашып, үйде ешкімнің жоқтығын айтыпты. Әзірге анықталмаған дерек бойынша, полиция қызметкерлері пәтер ішіне есік аузынан тұрып көз жүгірте салған да, әрі қарай кете барған...

Ал бұл кезде әбден шошынған, кейбір деректер бойынша аузына скотч жапсырылған жұдырықтай қыз бала сол пәтердің ішінде ты­ғулы жатыпты. Полиция қыз­мет­керлері мен еріктілер болса, аяқтан сабылып, басқа жақты шарлап жүрген.

Енді, жоғалған қыз бала қалай табылды десеңізші? Жоғарыда айтқан үйге жапсарлас салынған тойхана бар екен. Із кескендердің бірінің есіне сол ғимаратта  бейне- бақылау камерасының барлығы түсіпті. Содан, бейнежазбаны қа­рап кеп жіберсе, сағат 20:30-дың мұғдарында жоғалған қыз бала бауыры болса керек, жас шамасы төрттердегі ұл баланы ертіп кіре­берістен ішке енген. Арада аз ғана уақыт өткенде жаңағы бала іштен жалғыз өзі ғана шыққан. Ал қыз бала зым-зия жоқ болып кеткен.

Осыны көре сала тәртіп сақшы­лары жүгіріп келіп, әлгі кіреберісті қайта сүзіп шыққанда, бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінен жо­ғал­ған қызды тауып алыпты...

Бұл кезде ұялы телефон, әлеу­меттік желілер арқылы оқиға барысынан құлағдар болып үлгерген қала тұрғындары аталған үйдің жанына жиылып, кіреберістің есігін күзетіп тұрған полиция қызметкерлерінен азғынды өз қолдарына беруді талап етеді. Жағдай сәт сайын ушы­ғып, істің арты насырға шаба бас­таған. Ал, білетіндердің айтуын­ша, полиция қызметкерлері күдіктіні үйдің арт жағындағы терезеден шығарып, бөлім­шеге алып кетіпті. Мұны есті­ген ашулы топ енді полиция бөлім­шесін бетке алған. Педофильді өз қол­­дарымен жазалағысы келген ниет­­тері іске аспағаннан кейін олар ашуын полиция бөлімшесінің аула­­­сында тұрған қызметтік авто­көліктерден алған. Тіпті, бір-екеуін өртеп те жіберіпті. Кейбір рас­тал­маған деректерге қарағанда, сол түні түрлі дене жарақатын алған тәр­тіп сақшылары да болған екен. Осы­­дан-ақ тәртіп бұзушылықтың қан­­­дай ауқымда болғанын аңдауға болады.

Абырой болғанда, түні бойы қала­ның ұйқысын қашырған, жұрт­тың зәресін ұшырған ызалы топтың таңға қарай ашуы тарқап, қоғамдық тәртіп біртін-біртін қалпына келе бас­таған. Бұл жерде полиция қыз­меткерлерінің табандылық таныт­қанын да айта кеткен жөн. Олар жолдан тайқып кеткенде, жағдайдың қандай болмағын көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты.

Шілденің 24-і күні Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәтбаев қаласына арнайы барды. Өңір басшысы жағдайды өз көзімен көріп, оқиғаның мән-жайымен жете танысты. Тікелей эфирге шығып, бұл істің Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін бейнеүн­деу арқылы мә­лімдеді. Сондай-ақ күдіктінің ұс­талғанын, қазіргі уақыт­та осы оқиға бойынша тиісті тер­геу амалдарының жан-жақты жүр­­­гізіліп жатқанын жұртшылыққа жеткізді.

– Өкінішке қарай, Сәтбаев қала­сында оқиға болған түні жазы­ғы жоқ жандарға зиян келті­рілді. Тәртіп бұзушыларды тоқ­тату үшін жеке құрам оқиға орны­на жұ­мыл­дырылды. Мен азамат­та­рымыздың жүрегі наразылыққа толы екенін түсінемін және онымен келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоция­мызды тежей біліп, болған жағдай­ды құқықтық алаңда қарас­тыруы­мыз керек, – деді Жеңіс Қасым­бек.

Өңір басшысы тергеу амалдары аяқ­талғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол зәбір көрген қыз баланың денсаулығы ең үздік дәрігер-мамандардың бақылауында бола­тынына уәде берді.

Мұның алдында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасаған болатын.

– Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу әре­кет­тері жүргізілуде, қажетті сарап­­тамалар тағайындалды. Күдік­тінің әре­кеттері Қылмыстық кодекс­тің екі бабы – «Адамды ұрлау», «Жас балаларды зорлау» бойынша сараланады. Болған оқиғаға қатысты қала тұрғындары ашу ша­қырып, нара­зылық білдірді. Олар оқи­ға орнына жиналды. Кейбір тұл­ғалар бұзақылық әрекеттер жасауға, мү­лікті қасақана бүлдіруге әрекет етті. Қоғамдық тәртіпті бұзған­­дар­ды полиция заңға сәйкес анық­тап, жауап­­кершілікке тартады, – деген еді министр.

Кейбір деректер бойынша, сол түні жаппай тәртіпсіздіктің жуан ортасында болған жиырма шақ­ты адам уақытша қамауға алы­нып, қазіргі уақытта олармен тер­геуші­лер жұмыс істеп жатыр екен. Ал зәбірленуші қыз бала дәрігердің тексе­руінен өткеннен кейін атан-анасы­ның қолына тапсырылған. Кейінгі түскен ақпараттарға қара­ғанда, азғын зәбірленуші балаға қатыс­ты арам ойын жүзеге асырып үлгер­меген екен.

Жалпы, шілденің 23-інен 24-іне қараған түні Сәтбаев қаласында бол­ған бұл жаға ұстатарлық оқиға көптеген жайттың бетін ашты. Бү­гінгі қоғамда құқық қорғау­шы­­­ла­­­р­­ға, сот орындарына және атқару­шы би­лікке деген әлеуметтің сенімі азай­­ған сыңайлы. Қазіргідей күр­делі кезеңде әділетсіздіктен түңіл­ген, тұрмыстың илеуінен күй­зел­ген елдің жүйкесі сыр бере бастапты. Ең сорақысы сол, осындай сын сағатта жұртты сабырға шақырудың орнына, отқа май құйып, адамдарды небір сойқан істерге айдап салғысы келетіндер тым көбейіп кеткендей...

Одан беріде, дәл осы оқиға барысында ресми ақпараттың қалың бұқараға кешеуілдеп жеткені де жөн-жосығы жоқ түрлі қауесеттің тара­луына септігін тигізбей қой­мады. Бүгінгідей технология да­мы­ған заманда халықты шынайы ақпаратпен шапшаң түр­де қам­тамасыз етіп отырудың қанша­лық­ты маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жетті.

Қалай болған күнде де, Сәтбаев­тағы сорақы оқиға жұдырықтай баланың қауіпсіздігінен бастап қоғамдағы қордаланып қалған мәселелерге дейінгі аралықтағы жалпы ахуалға жіті назар аударылып, терең талдау жасалынып, тиісті қорытындылар шығарылу керектігін көрсетті.

 

Қарағанды облысы,

Сәтбаев қаласы