Оңтүстік Қазақстан • 27 Шілде, 2020

Түркістанда қыз ұзатып, келін түсіргендерге айыппұл салынды

1213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында демалыс күндері мобильді топтармен карантин режімі кезінде қызметін жүзеге асыратын обьектілерге мониторингілеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда қыз ұзатып, келін түсіргендерге айыппұл салынды

Нәтижесінде, тексерілген 1328 нысанның 206-сы карантин талаптарын бұзғаны  анықталды. Оларға тиісті хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жалпы, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 183 хаттама толтырылған. Сондай-ақ рейд барысында тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылды. Мысалы, Қазығұрт ауданы Тұрбат елді мекенінде 32 қонақ шақырылған, Төлеби ауданы Зағамбар елді мекенінде және Сайрам ауданында 50-ден аса азамат жиналған қыз ұзату тойлары өтіп жатқандығы анықталды.

Сайрам ауданында 2-беташар және ұжымдық отбасылық мерекесін өткізу фактілері,  Арыс ауданында 35-40 адамның басы қосылған 3-беташар, қыз ұзату, Келес ауданы Жолбасшы елді мекенінде 30 қонаққа беташар өткізіліп жатқаны анықталып, мобильдік топ тарапынан отбасылық іс-шаралар тоқтатылды. Той иелеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар Төлеби ауданында 4 демалыс  орнының жұмыс істеп жатқаны зерделеу барысында анықталып, хаттама толтырыла жұмысы тоқтатылды және  230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес жабылған нысандардың жұмысын жалғастырғаны және рұқсат етілгенімен уақыты шектелгеніне қарамастан жұмыс істеп жатқандары да анықталды.