Қазақстан • 27 Шілде, 2020

Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды – АШМ

969 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2020 жылдың 24 шілдесіндегі мәлімет бойынша республикада 708,5 мың тонна азық-түлік тауарларының қоры бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды – АШМ

"Биылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша республикада 713,8 мың тонна азық-түлік қоры бар, оның ішінде тұрақтандыру қорларында 34 мың тонна, өндіріс кәсіпорындарында 210 мың тонна, қоймаларда 155 мың тонна, ал бөлшек сауда желілерінде 315 мың тоннадан астам. Бұдан өзге 402 миллионнан астам жұмыртқа және 2,1 миллион тонна азық-түлік бидайы бар", - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Вице-министрдің айтуынша, тез бұзылатын өнімдердің қоры бір апта немесе одан да көп, жарамдылық мерзімі ұзақ тауарларды сақтауды қамтамасыз ету бірнеше айға дейін созылады.

"Айта кету керек, азық-түлік өндірісі жаңа өнім жинау есебінен артып, қор үнемі жаңарып, толықтырылып отырады. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығы сезілмейді және күтілмейді. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында тамақ өнімдерін өндіру көлемі ақшалай түрде 904 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4% көп", - деді ол.

Сонымен бірге спикер қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ жинау жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінде бағаның маусымдық төмендеуі күтілуде.