Футбол • 28 Шілде, 2020

Легионерлер ойқастаған чемпионат немесе жергілікті футболшылар неге «запаста» отыр?

460 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

3 тамызда футболдан Қазақстан премьер-лигасының ойындары қайта жалғасын табады. Пандемияға байланысты барлық кездесу жанкүйерсіз өтеді.

Легионерлер ойқастаған чемпионат немесе жергілікті футболшылар неге «запаста» отыр?

fcordabasy.kz

22 ойыншының 17-сі легионер!

«Айта айта Алтайды, Жамал апам қар­тайды», демекші біз айтқалы тұр­ған мәселе бізге дейін де талай рет кө­терілген-ді. Бірақ мына дерек еш­кімді де бейжай қалдырмасы анық.
1 шілдеде 3-тур аясында өткен 5 кез­де­суді бастан-аяқ көріп шықтық. Бай­қа­ғанымыз, алаңдағы легионерлер­ден көзің сүрінеді және олардың «ше­берліктеріне» қарның ашады.

Әншейінде қазақтың қаймағы бұ­зылмаған оңтүстіктің өзінде футбол тамашаласаңыз, шетелде отырғандай боласыз. Біз әрине, ойын мәнерін емес, ойыншылар құрамын айтып отырмыз. Шымкенттің «Ордабасы» ко­ман­дасы Қарағандының «Шахтері­мен» болған кездесуде негізгі құ­рамға 7, екінші таймда тағы 2 легионерді алаңға шы­ғар­ды. Кезінде Ордабаев, Пехле­ваниди, Кенжебаев, Мұсатаев, Қарақұловтай елге танымал аяқ­доп шеберлері шыққан өңірде алаңға 11 ойыншының 9-ын өзге елдің азаматтарынан шығаратындай бастарына не күн туды екен? Оңтүстікте допты тәуір тебетін 11 қазақ табылмады дегенге кім сенеді? Мәселенің шешімі жоқ емес, әрине. Тек оны тыңдар құлақ болса. Бүгінде өзге командаларда әжептәуір нәтиже көрсетіп жүрген Тұңғышбаев, Сүйім­баев (екеуі де «Қайрат»), Нұр­ға­лиев («Тобыл»), Жұмаханов («Оқ­жет­пес») секілді жергілікті футболшы­ларды қайта шақырса, коман­даның мақсатын айқындап, алға қойған жоспарды орындауға болар еді.

2013 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түскен «Шахтердің» негізгі құрамында сол кезде 5-6 легионер ғана доп тебетін. Ал «Ордабасымен» өте­тін ойынға өзге елдің 9 азаматын негізгі құрамға шығаруға кен­ші­лер командасы қымсынған жоқ. Бұл аздай екінші таймда тағы бір шетел футболшысын қосып қой­ды.

«Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің...», деп Әбділдә Тәжібаев айтқандай, бүгінде оңтүстік астананың бас командасы чемпионатта көш бастап тұрғанымен, олар да негізінен легионерлерге көбірек сенім артады. «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңген Алексей Шпилевский жаттықтыратын ұжым негізгі құрамға 7 легионерді қосыпты. Оның қарсыласы «Жетісу» да өзгелерден қалыспай, алаңға 8 шетел ойыншыларын шығарды.

Бір кездері «Жетісудан» бөлек Алматы облысынан бірінші лигада «Қарасай Сарбаздары», «Сұңқар», «Іле-Сәулет» деген қазағы көп командалар болды. Сол ұжымдардан небір жас футбол­шылар түлеп ұшты. Қаржы тапшы­лығына байланысты атал­ған клубтар жабылмағанда, бү­гінде жетісулықтар мұндай халде болмас па еді дейді бір ойымыз.

Алаңдағы негізгі 22 ойын­шының 17-і легионер! Тағы бір шетелдік ойыншы екін­ші таймда доп тепті. Бұл – «Қы­зыл­жар» мен «Оқжетпес» арасындағы кездесуде тіркелді. Бейне бір Қазақ­стан футболын емес, «легионерлер сайысын» тамашалап отыр­ғандай күй кешесіз. «Тараз» коман­дасы да «Қайсармен» бол­ған ойында 7 легионерді алаңға шығарыпты.

Алаңға 3 легионерден ғана шығарған «Қайсар», «Тобыл» және «Каспий» командаларының жергілікті футболшыларға көбі­рек сенім артатыны  көңілімізге сәл-пәл жұбаныш болып тұр.

 

«...вич»-терсіз күніміз қараң ба?

Косович (Черногория), Мика­но­вич (Хорватия), Дугалич (Сер­бия, «Қайраттың» капитаны), Жив­кович, Адамович (екеуі де Сер­бия). Бұлар Балқан түбе­гі ко­мандасының ойыншысы деп ой­ласаңыздар, қатты қате­ле­се­­сіздер. Бұл «Қайрат» пен «Же­тісу» клубтарының «шеберлері».

Байқасаңыздар, халықтық ко­манда «Қайраттың» өзі капи­­тан­дық жауапкершілікті легионер­дің мойнына жүктей салыпты. Қосалқы құрамдағы ойыншыларды қоса есептегенде шамамен 18 адам­ның ішінен капитандыққа лайық бір қазақстандық фут­бол­шының табылмағаны қалай?

Кездесу барысында ал­ма­ты­лықтар сапында легионерлерден тек Небойша Косович қана көзге түсті. Ал қалған «...вич»-тер мен легионерлер алаңда құр жүгірді демесеңіз, мықты ойын көрсетті дей алмаймыз. Көздерінде намыс оты да, ойындарында қай­сар­лық мінез де байқалмайды. Жүк­телген міндетке жүрдім-бардым қарайтын секілді.

Өзге ұжымдарда да «...вич»-тер толып жүр. «Тараз» – Бркич, Пуношевац (екеуі де Сербиядан), Чадженович, Больевич (екеуі де Черногориядан). «Ордабасы» – Симчевич (Сербия), Механович (Бос­ния және Герцеговина). «Қы­зылжар» – Делич (Черногория). «Оқжетпес» – Стоянович (Сер­бия, команда капитаны), Обра­дович – (Черногория), «Каспий» Милошевич (Сербия). 3-тур аясындағы ойынға «Астана» ғана алаң­ға шықпады. Елордалық клубта да Сербия, Хорватия, Черно­гория елдерінен келген ойын­шылар бар. Сондай-ақ Қазақ­станның 5 дүркін жеңім­пазы Павлодардың «Ертіс» коман­дасы банкрот деп танылып, чемпионатты жалғастырудан бас тартты. Әйтпесе бұл клубта да легионерлер жетерлік еді.

 

Қазақ бапкері жоқ чемпионат

Легионері көп чемпионатта тиісінше шетелдік бапкерлер де молынан болады екен. Мұн­дай жағдай тек бізде емес, өзге Ан­глия, Испания, Германия ішкі біріншіліктерінде де солай. Алай­да бұл елдердің командалары жыл сайын Чемпиондар лига­сы мен Еуропа лигасында атой салып, өз күндерін өзі көріп жүрген ұжым емес пе? Тама­ша жетістікке жетіп, мол қаржы тауып жатса, кім сынасын ко­манданы?! Ал бізде керісін­ше. «Қайраттан» басқа премьер-лигада өнер көрсететін клубтардың барлығы жергілікті немесе мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.

Ал енді мына «қызыққа» қа­раңыз. «Қайрат», «Астана», «Қайсар», «Ордабасы», тіпті биыл ғана жоғары топқа қосылған «Қызылжар» мен «Каспий» шетел­дік маманға иек артып отыр. Ал қалған 5 команданы қазақ­­стандықтар жаттықтырады. Алай­­да бізді қынжылтатыны чем­пио­натта өнер көрсететін 11 ұжымда бірде-бір қазақ бас бапкері жоқ.

Бір кездері Баймұхамедов, Сердалин, Байсейітов, Байсу­финов, Қожабергенов, Мазбаев, Пі­рімжанов секілді білікті мамандар премьер-лига команда­ларын жаттықтырған еді. Бірақ әттеген-айы сол, спорт функционерлері таланттыларды дер кезінде қолдай білмейтін секілді. Оларға тек бүгінгі нәтиже керек. Әйтпесе жыл сайын футболға деп миллиардтап бөлген қаржының ең болмағанда 20-30 пайызы білікті маман даярлауға және балалар футболын дамытуға бағытталса, мұндай мәселе болмас еді. Сондықтан да тек бүгінмен өмір сүретін футбол маңындағы шенеуніктерге өкпе артудан басқа қолдан келер қайран жоқ.

Қаржы қазақтыкі. Бірақ со­ның қызығын басқалар көреді. Легионерлер мен шетелден ша­қы­рылған бапкерлер. Неге? Бізде білікті бапкерлер аз ба? Алаш оғландары доп тебе алмай ма? Әлде футбол функционерлері легионерлермен жақсы тіл табыса ала ма? Бар мәселе осында тәрізді...

 

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»