Экономика • 28 Шілде, 2020

600 шақырым күре жол жөнделеді

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге жалпы сомасы 43 млрд 912 млн теңге қаржы бөлініп, 295 жобаны жүзеге асырылып жатыр.

600 шақырым күре жол жөнделеді

Нәтижесінде аймақта жалпы ұзындығы 597,7 шақырым болатын автомобиль жолы жөнделеді. Мұның сыртында, биыл ауылдық елді мекендерде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстары ерекше қарқынды. Жаз басталғалы Аман­келді, Алтынсарин, Әулие­көл, Қарабалық, Қарасу, Қостанай аудандарындағы күре жолдар оң­далып, бұрын-соңды асфальт көр­меген көшелерге тас төселіп жатыр.

Қазір Қостанай мен Тобыл қала­сын жалғап жатқан облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында жаңа көпір салынып жатыр. Бұл маңда қазір жергілікті тұрғындар «корей көпірі» деп атап кеткен көне көпір тұр. Одан бірнеше есе кең әрі қауіпсіздік талаптары толық ескерілген заманауи жаңа көпір ескі көпірдің оң жақ қапталынан түседі. Қа­зір Тобыл өзенінің үстінде құры­лыс қайнап жатыр. Бас мер­дігер – «Қазақжолқұрылыс» ЖШС. Серіктестік құрылыс жұмыс­тарын жаз шыға бастап кетті. 

Жобаға сәйкес көпірдің қа­ра­ма-қарсы бағыттағы көлік жо­лы жолақтары төртеу болады. Жоспар бойынша нысан бас­тапқы орнынан едәуір оң­ға қарай жылжиды. Бұрынғы тар өткел секілді ескі көпірдің бұры­­лыс-бұлтарысы көп еді. Жаңа көпір облыс орталығының шы­ғыс тұсынан шығатын Көбеев көше­сіне тік жалғасып кететін болады.

– Жоба инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құны – 4,4 млрд теңге. Көпір мүлде жаңа кейіпке енеді десек болады. Биыл мұн­дағы желілер ауыстырылып, көпірге 140 тірек тасы орнатылады. Екі қаланы қосатын көпірдің ұзындығы 261 метр болады. Егер бұрын ескі көпірдің ені 10 метр болса, жаңасының ені 24,5 метрге дейін кеңейтіледі.

Жаяу жүргіншілерге арнал­ған тротуар салынып, диодты жа­рықшамдар орнатылады. Бұ­ған қоса қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін бей­не­бақылау камераларын қою қарас­тырылған. Көпір құрылы­сын 2021 жылдың соңына таман аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алек­сей Костюков.

Биыл жаз облыстың оңтүстік аудандарындағы елді мекендерді жалғайтын Әулиекөл-Жалдама автомобиль жолы да орташа жөн­деуден өтіп жатыр. Күре жолды қалпына келтіруге 3,9 млрд теңге бөлінген. 100 шақы­рымдық автокөлік жолына жөн­деу жүргізіп жатқан мердігер ком­пания нысанды күзге дейін аяқ­тауды көздеп отыр. Сондай-ақ көптен күтім көрмей ой-шұ­­қыры көбейіп тозып кеткен «Қарабұтақ-Қостанай» тас жолы жөнделуде. Қазір Рудный қаласынан Денисов ауылына дейінгі аралықта жол-құрылыс жұмыстары жүргізіп жатыр.

 

Қостанай облысы