Өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіге жүріп індет тырнағына ілініп, өзі жұмыс істейтін инфекциялық бөлімде көз жұмған медбикенің бірі – Елена Новоселова. Бұған дейін Жітіқара мектептерінің бірінде медбике болып жүрген Елена қалаға төтенше жағдай режімі енгізілісімен короновирус індетіне қарсы күреске бел шешіп кіріскен әріптестерінің алдыңғы қатарында болды. Сәуір айының соңында ең алғашқылардың бірі болып коронавирус белгісі анықталған науқастар жататын арнайы бөлімге ауысып келді.
– Елена Анатольевна көп жылдық еңбек тәжірибесі бар білікті маман еді. Әріптестерінен ешқашан көмегін аямайтын. Жұмыс барысында, иә басқа кезде болсын айналасына үнемі шуақ шашып, әсіресе жас медбикелерге қамқор болып жүретін. Науқастың жай-күйін қабағынан танитын нағыз дәрігер маман еді. Лена апайды бүкіл ұжым болып ерекше құрмет тұттық. Елена Анатольевна 1965 жылы 31 мамырда Жітіқара қаласында дүниеге келді. 30 жыл ғұмырын туған жеріндегі аудандық аурухана қабырғасында өткізген білікті медбике өмірінің соңына дейін антына адал болып, ақтық демі қалғанша коронавирус инфекциясына қарсы күресті, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Рүстем Айтбаев.
Ақ желеңді абзал жанның ерлігін мемлекет елеусіз қалдырған жоқ. Елена Анатольевна Новоселова қызметтік борышын өтеу кезіндегі табандылығы мен жанкештілігі және мемлекет пен халыққа сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденіне лайық деп танылды. Жоғары мемлекеттік марапатты аудан әкімі Абай Ыбыраев марқұмның қызы Викторияға табыс етті. Салтанатты рәсімге орден иесінің отбасы мен туыстары, денсаулық сақтау бөлімі мен білім беру бөлімінің басшылары қатысты.
– Коронавирусқа қарсы күресіп жатқан дәрігердің әр күні – ерлік. Біз Елена Анатольевнаның жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймыз. Ол бойындағы ізгілік шуағын өзімен бірге ала кеткен жоқ. Көзі тірісінде араласып, біліскен айналасындағы адамдарға аманаттап қалдырып кетті. Кең жүректі, ісіне адал дәрігердің өнегелі өмірі мен ұмытылмас ісін мақтан тұтып, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін боламыз. Бүгінде аурухана ұжымы коронавирусқа қарсы күресті жалғастыруда. Провизорлық, инфекциялық стационарда төсек-орындар мен дәрі-дәрмек жеткілікті. Әр адамның қауіпсіздігі қарастырылған. Адамдардың жауапкершілігін арттыру керек. Жасырын жиын, тасада той-томалақ өткізу дегенді мүлде доғару керек. Бүгінгі таңдағы ең басты мәселе осы болып тұр. Әрқайсымыз абай болып, өзімізді өзіміз күтіп, айналадағы жақын адамдардың жағдайын ойлауымыз керек. Бүкіл қауіпсіздік шарасын қолдану керек, – деді аудан әкімі.
– Бала кезімізде ағам Петр екеумізге үйде көбіне әкеміз қарайтын. Анам көбіне жұмыста жүретін. Уақыт деген өмір ғой. Анам қамшының сабындай қысқа ғұмырының көбін ауруханадағы науқастарға арнады. Үйге қатты шаршап келетін. Оған біз де үйреніп кеттік. Біздің басымызға түскен ауыр қайғыға бүкіл ел ортақтасып жатыр. Ел ішіндегі бірлік, бауырмалдық дегенді адам осындайда түсінеді екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі асыл анашымның еңбегін жоғары бағалап, «Құрмет» орденін беріп жатыр. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаныш. Бәлкім анам сияқты медицина қызметкері болмаспын, бірақ өз Отанын шын сүйетін адал азамат болу –парызым, – деді көпшілік алдында толқи сөйлеген марқұмның қызы Виктория.
Иә, өлгендер орден тақпайды. Бірақ бұл орден қызмет бабында жүріп пандемия құрбанына айналған қайсар медбикеге деген ел құрметіне қойылған ескерткіш.
Қостанай облысы,
Жітіқара қаласы