19 Қазан, 2013

Саз кәмшатын өсіру

660 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біздің қазақта саз кәмшаты, саз құндызы деген атаулармен белгілі нутрия өсіру ісі халқымыз үшін бейтаныс шаруалардың бірі болып келеді. Дегенмен, соған қара­мастан, саз кәмшатын өсіру шағын және дербес шаруа­шылықтар үшін өте тиімді істердің бірі. Саз кәмшаты көбінесе суда өмір сүреді. Терісі өте жылы да әдемі. Оның түсі ашық сұр түстен қара жылтыр түске дейін құбылып тұрады. Соның ішінде теңбілденіп келетін өртең сұр түсті терілерге деген сұраныс өте жоғары болып табылады.

Біздің қазақта саз кәмшаты, саз құндызы деген атаулармен белгілі нутрия өсіру ісі халқымыз үшін бейтаныс шаруалардың бірі болып келеді. Дегенмен, соған қара­мастан, саз кәмшатын өсіру шағын және дербес шаруа­шылықтар үшін өте тиімді істердің бірі. Саз кәмшаты көбінесе суда өмір сүреді. Терісі өте жылы да әдемі. Оның түсі ашық сұр түстен қара жылтыр түске дейін құбылып тұрады. Соның ішінде теңбілденіп келетін өртең сұр түсті терілерге деген сұраныс өте жоғары болып табылады.Саз кәмшатының тірідей сал­мағы – 5-7 кг. шамасында. Де­несі­нің ұзындығы – 45-60 см. Алты-жеті жыл өмір сүреді. Көп жағ­дайда мұз қатпайтын суларда тір­шілік етеді. Сондай-ақ, құрғақта да өмір сүре алады. Қысқы қаңтар, ақпан айларында терісінің сапасы жақсара түседі.

Істі неден бастау керек? Саз кәмшатын өсіру – көп қаржы мен арнаулы дағдыны қажет етпейтін шаруалардың бірі. Ең алдымен, саз кәмшаты дегеніміз қандай аң, одан қандай пайда табуға болады деген сұрақтарға жауап іздеп көруіңіз қажет.

Біздің елімізде, сондай-ақ, көптеген шетелдерде саз кәм­ша­ты­ның стандартты және түрлі-түсті түрлерін өсіру ісі белең ал­ған. Саз кәмшатының мұндай тұқымы көп жағдайда жабайы түрінде кездеседі. Оның терісі қоңыр сұр түсті болып келеді. Тұқымдық өсімталдық қасиеті өте жоғары. Бес-алтыдан күшіктейді. Анасы күшіктерін күтуге барынша бейім келеді. Бұл жағдай оны өсіру ісін жеңілдете түседі. Әдетте күшіктерін екі айдан соң анасынан айырады. Дұрыс күтілген жағдайда үш-төрт жыл бойы күшіктейді.

Саз кәмшатын күту. Аңның бұл түрін жылдың кез келген айында сатып алуға болады. Дегенмен, егер сіз оны қыс айларында сатып алсаңыз, өз шаруашылығыңызға жеткізгенге дейін неғұрлым жы­лырақ және жайлы жағдайда ұстағаныңыз жөн болады. Саз кәм­шаты сондай бір ерекше күтімді қажет етпейді.

Саз кәмшатына орынжай әзір­леген кезде олардың жартылай суда өмір сүретіндігін ескеру керек. Су болмаған жағдайда құр­ғақта өмір сүруге де бейімделе алатындығын айта кетсек артық болмас. Күтімнің құрғақтағы түрі судағы күтімге қарағанда едәуір арзанға түседі. Мұндай жағдайда оған жұмсалатын азықтың көлемі 15-20 пайызға дейін төмендейді.

Дегенмен, сусыз жағдайда өмір сүрген саз кәмшатының тері­сі соншама бір сапалы болмай­тын­дығын айтуымыз керек. Себебі, сусыз жағдайда өмір сүрген саз кәмшаты өз терісіне дұрыс күтім жасай алмайды. Ал суда немесе арнайы бассейнде өмір сүргендері неғұрлым ірі де қуатты келеді.

Қыста саз кәмшаты су жағ­да­йында үсікке шалынбас үшін бассейнді судан арылтып, оның түбіне сабан төсеген жөн. Соны­мен қатар, олардың өмір сүретін арнаулы індері немесе клеткасы болғаны жөн. Қыс жағдайында оларды да жылылап, қымтап қойған орынды болып табылады.

Саз кәмшатын азықтандыру. Азықтандыру әдетте тәулігіне екі рет жүргізіледі. Жазғы уақыт­тар­да оларды жасыл шалғын шөп­пен, ал қысқы уақыттарда пішен, ас­тық дәндері, өсімдік тамырлары, құ­рамажем және нан қалдықтарымен азықтандырған дұрыс. Саз кәм­шатына шіріген шөптерді беруге болмайды. Олар көбейген тұста аналары мен күшіктерін неғұрлым жиі­рек азықтандырған, атап айт­қанда, тәулігіне кемінде үш рет азықтандырған дұрыс болады.

Саз кәмшаттары белгілі бір маусымға қарамастан, жыл он екі ай бойы көбейе береді. Күшіктердің өзі төрт-бес ай уақыттың ішінде тұқым тарату қабілетіне ие бола алады. Ал тұқым көтеру кезеңі орта есеппен 132 күнге созылады. Саз кәмшаты көбінесе түнде күшіктейді. Бұл үдеріс әдетте 20 минуттан үш-төрт сағатқа дейін созылады.

Анасы өз тумаларын екі айға дейін өзі азықтандырады. Әдетте жаңа туғандарды жеке клеткада ұстайды. Басқадай мүмкіндік болмаған жағдайда олардың бәрінің басын қосып, бір клеткада ұстауға болады. Бірақ жас мөлшерінің бірегейлігін ескеру керек.

Саз кәмшаты өнімдерін өткізу. Бұл істі бірнеше бағыт бойынша жүргізуге болады. Мәселен, саз кәмшатының етін немесе терісін сатуға болады. Сондай-ақ, олардың өзін өсіріп, өткізу ісімен шұғылданатындар да бар. Етінің сапасы мен дәмі жағынан қоян етінен кем түспейді. Көбінесе диеталық тағам ретінде пайдаланылады. Оны тұздап, сүрлеп қоюға да болады. Бұл іспен шұғылданушылардың малдәрігерлік куәліктері болуы тиіс екендігін еске саламыз.

Ал терісі өте бағалы. Тері­лері­нің сапалық қасиеті құндыз терісіне таяу келеді. Әдетте саз кәмшатын 6-7 айлығында союға болады. Сыпырылған терісін қалың тақтайға жүнін ішіне келтіре отырып, тарта кигізіп, іш жағынан майлы пышақпен қырады.

Міне, осындай жолмен дайын­далған өнімдерді өткізу үшін сіз оны тұтынушыларды алдын ала іздестіре бастағаныңыз жөн. Етін өткізу үшін қаладағы мейрамханалармен хабарласу керек. Егер олардың тарапынан сондай бір сұраныс болмаған жағдайда базарға апарып саудалауға болады.

Саз кәмшатының терісін өткізу ісін бірте-бірте жүйелі жолға қоя аласыз. Әдетте оларды киім тігетін фабрикалар жақсы сұраныспен алады. Сондай-ақ, жекелеген тұты­нушыларға да сатуға болады.

Саз кәмшатының кез келген өнімін сатуды бұқаралық ақпарат құрал­дарына хабарландырулар беру арқылы да жолға қоюға болады.

Саз кәмшатын өсіруден тү­се­­­тін кірістер. Саз кәмшатын өсі­рудің шығынсыз сала екен­дігін жоғарыда айттық. Бұған жұм­салатын барлық шығын оларды алғаш рет сатып алған кезде болуы мүмкін. Содан кейін азықтандыру үшін аздаған қаражат жұмсайсыз. Ал оны өсіруден түсетін кірістер жұмсалған шығындарды мыңдаған есе ақтайтындығына ешбір күмән келтірмеңіз.

Мәселен, бір саз кәмшатынан шамамен алғанда, 1,5 кг. ет түсетін болса, оның базардағы нарықтық құны кем дегенде 4 мың теңге тұрады. Яғни сіз осы іспен алғаш шұғылданған кезіңізде 6 ай уақыт өткен кезде барып, оның пайдасына кенеле бастайсыз. Өйткені, біз жоғарыда саз кәмшатының өте өсімтал келетіндігін және жыл он екі ай бойы балалай беретіндігін айттық. Бір жылдың өзінде бір саз кәмшатының өзінен ғана ет өндіру ісінен сіз кемінде 30-40 мың теңгеге дейін пайда таба аласыз.

Бір саз кәмшатының терісінің бағасы әдетте базарларда 2500-3000 теңге көлемінде болады. Демек, сіз қос саз кәм­шатының балалап, көбеюі нәти­жесінде кем дегенде 10-15 мың теңге пайда аласыз. Ал әдетте, бұл іспен шұғылданатын адамдар саз кәмшатын жүздеп өсіріп сатады. Демек, сіз істі дұрыс ұйым­дастырып, дұрыс жолға қойған жағдайда осы бизнес түрінен көп пайдаға кенеле аласыз.

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Пайдалы кеңестерді мына сайттардан

алуға болады:

www.nutree.ru/kormlenie/

www.zooclub.ru/mouse/nutr/7.shtml

www.yesyes.ru/business-89-page-1.html

www.prohoz.ru/vybor-nutrij-i-osobennosti-razvedenya-nutrij/

Соңғы жаңалықтар