Қазіргі уақытта АҚШ-та оқитын шетелдік студенттер елден кетуі, я заңды мәртебеде қалуы үшін жеке курстарға немесе басқа оқу орнына ауысу сияқты шараларды қолға алуы керек. Жағдай ушықса, оның соңы депортацияға алып келуі мүмкін.
Күндізгі оқу бөлімдерінде қашықтан оқитын, F-1 және M-1 визасын алған студенттер онлайн курсты толығымен жүктеп алса, АҚШ-та қалу мүмкіндігі көп. Визаның бірінші түрі шетелдік студенттерге елде оқуға, екіншісі – кәсіби курстардан өтуге беріледі. Сонымен қатар күндізгі бөлімде оқитын білім алушылар федералдық ережелерді сақтауы міндетті. Ал F визасына қатысуға құқығы бар студенттер бір сабақтан немесе үш сынақ сағатынан онлайн түрде өте алады.
Осы тарапта Лос-Анджелес қаласындағы University of California-ға «extension» бағдарламасымен оқуға түскен Мұхаммед Әлімбеттен аз-кем ақпарат алған едік. «Көші-қон және кеден полициясы басқа елдің студенттеріне күзге дейін елден кетуді міндеттеді. Егер сіз оқитын жоғары оқу орны толықтай онлайн форматқа өтсе, сонда ғана елден кетуге мәжбүр боласыз. Мен оқитын білім ордасында сабақтардың 80 пайызы қашықтан өтіп жатыр. Алайда қалған 20 пайызын әлі де «гибрид» форматта қарастырудамыз. Яғни жоғары оқу орнына әлі де баруға тура келеді. Ең өкініштісі, балалық шағымнан бергі арманым АҚШ-та білім алу болса, соған қол жеткізген кезде бұл заңның шығуы шетелдік студенттер үшін ауыр соққы болды», дейді М.Әлімбет.
Ол қашықтан білім алудың қолайсыз екенін айтты.
«Дүкендерге, сауда орындарына бетпердесіз кіруге болмайды. Адамдар арасындағы арақашықтық та сақталған. Негізінде вирус кішкене бәсеңдеген сияқты еді. Бірақ осыдан 1 ай бұрын Джордж Флойдтың оқиғасынан кейін елде жағдай күрт нашарлап, ауру жұқтырғандардың саны лезде арта түсті», дейді студент.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп жыл соңына дейін бірқатар визаны беруді тоқтатты және Green-карта ұстаушылардың кейбір жекелеген санатына кіруге тыйым салуды ұзартты.
Ақ үй басшысы «Экономикалық құлдырауға алып келген коронавирустық пандемияға байланысты иммигрант емес виза бағдарламалары жұмыс істейтін америкалықтарға қауіп төндіреді», деген пікір қалдырды. Мұны АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трамптың сайлауалды бағдарламасы десек те болады.