Аймақтар • 29 Шілде, 2020

"Арқан" жол ережесін бұзғандарды аямайды

1016 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті әрқайсысы 17 млн теңге тұратын 6 дана "Арқан" автоматтандырылған жүйесіне ие болды. "Арқан" радары орнатылған полиция көліктері енді елдімекендерден тысқары жерде жол қозғалысын бақылап, заңбұзушылық оқиғалары туралы мәліметті бірден орталыққа жіберіп отырады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Арқан" жол ережесін бұзғандарды аямайды

Орал-Атырау күре жолы бойында жаңа құрылғыны іске қосып, журналистерге таныстырған полиция қызметкерлері "Арқанның" бірнеше артықшылығы бар екенін айтады.

- Өздеріңіз білесіз, патрульдік полиция құрылымында сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында елді мекендерде жылдамдық өлшеуіш құралдарын пайдалануға тыйым салынған болатын. Өңір басшылығының қолдауымен жол қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған жүйе желісі кеңейіп келеді. Бүгін іске қосылған "Арқан" автоматтандырылған жүйесі жылдамдықты бақылауға, нөмірлік белгілерді қадағалап, ішкі істер органдарына ұрланған, қамауға алынған және іздеуде жүрген көлік құралдарын тексеруге мүмкіндік береді. "Арқан" жіберген бейне ақпарат жедел басқару орталығының мониторынан үздіксіз көрініп тұрады. Жылдамдықты бұзу кезінде бұл жүйенің басты артықшылығы – ереже бұзушылықты мәліметтер базасынан жою мүмкін емес, полицей мен жүргізуші арасындағы байланыс болмайды және қала маңындағы жолдардың кез-келген учаскесін басқара аламыз, - дейді Батыс Қазақстан полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.

Су жаңа "Lada-Largus" автомобиліне орнатылған "Арқан" құрылғысы жол қозғалысын үздіксіз түсіріп, ондағы көліктерді арнайы база арқылы тексеріп отырады. Егер көлік ұрланған немесе іздеуде жүрген болса, көлік иесі айыппұлын уақытында төлемеген т.с.с. жағдайда, инспекторға белгі беріліп, құқықбұзушыға сол жерде шара қолданылады. Ал жылдамдықты арттыру, белдік тақпау сияқты ереже бұзушылардың мәліметі бірден орталық базаға жіберіліп, автоматты түрде айыппұл жазылады. Бұл іске тіпті инспектордың өзі араласа алмайды.

Жанболат Жаншиннің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда өңірде жолда қаза тапқан адам саны азайғанымен, жол ережесін бұзушылық, жол-көлік оқиғаларының мөлшері өсіп келеді екен. "Арқанның" арқасында елдімекендерден тысқары жерде жиі болатын ауыр жол апаттарының алдын алып, жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге тоқтам салынбақ.

 

Батыс Қазақстан