Бұл орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарды қайта қалпына келтіру, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қылует жерасты мешіті (XII ғасыр), Жұма мешіті (XII-XIX ғ.), Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (XVI ғ.), Шилдехан (XIV-XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI ғ.), тағы да басқа орындарында да ауқымды жұмыстар қолға алынған.
Ал үш жылдан бері жабық тұрған, Орталық Азиядағы сәулеттік кесенелердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді. Қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын. Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстарын Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген болатын. Қалпына келтіру жұмыстары барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оған белгілі тарихшылар мен зерттеушілер және білікті реставраторлар қатыстырылды.
Күні кеше Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстармен Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова танысып, БАҚ өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ журналистер кесенеге қолданылған құрылыс материалдары мен сәулеттік ерекшелігі жөнінде қорық-мұражай қызметкерлерінен терең мағлұмат алды.
Түркістан қаласына жақындаған кезде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бірден көзге түседі. Биіктігі жағынан оған тең келетін сол заманғы ғимараттар өте аз. Осы қасиет оның негізгі бір ерекшелігіне жататынын атап өту қажет. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қызметкерлері Шахрисябздағы Ақ-Сарайдың маңдайында Әмір Темір: «Біздің қуатымызға, күшімізге күмән келтірсең – біздің салған ғимараттарға қара» деген ұран жаздырғанын айтады. Ал күні кеше қалпына келтіру жұмыстары аяқталған күмбездің рәміздік қасиеттері туралы бұған дейін де пікір білдірген ғалымдар баршылық. Әмір Темір тапсырыс беруші ретінде өзі де күмбездерге көп көңіл бөлген екен. Қалалық сәулет өнері Әмір Темір дәуірінде гүлденгені туралы Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынталандырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орталық Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түсті. Аруақ қонған жерлер ерекше көңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесене салынды». Яғни Әмір Темірдің көркем мұрасы Орталық Азия өнер тарихының жарқын беті деп айтуға болады. Ғалымдар тарихи құжаттар, аңыз-әнгімелер негізінде Түркістан төңірегіндегі радиусы – 40-75 шақырымда орналасқан елді мекендердегі көптеген балшық түріне зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде ескерткіштің керамикалық кірпіштерінің химиялық құрамына ең жақын және сәйкес келетін балшық Түркістан қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан қазіргі теміржол бойындағы Сауран стансасындағы көне Сауран қорғаны маңынан алынған топырақ екендігі анықталды.
Дәл сол жер, әсіресе, аңыз әңгімелерде көп айтылады. Белгілі тарихшы М.Е.Массон былай деп жазды: «Аңыз әнгімеге байланысты кесененің құрылысы және өрнекті кірпіштері Сауранда дайындалып, Ясыдағы құрылыс орнына дейін қолма-қол жеткізілген». Ғалымдардың дерегіне жүгінсек, күйдірілген Сауран балшығының химиялық талдануы мынадай қатынасты көрсеткен: кремний – 61%, қалайы тотығы – 14%, кальций мен магний – 15%, темір тотығы – 5%, калий мен натрий – 4,5%. Бұл көрсеткіш кесене кірпіштеріне жүргізілген химиялық талдауымен сәйкес келеді. Яғни іргетасы балшық пен тастан құйылған Ахмет Ясауи кешені ХІV ғасырдағы құрылыс инженерлерінің сөзсіз озық шешімі болып табылады. Пропорциялық қатынастардың бірлігі, құрылыс тәжірибелері ортағасырлық шеберлердің сәулет өнерінің күрделі теорияларын меңгергендігін көрсетеді.
Ал ортағасырлық Күлтөбе қалашығы мен Жеті ата негізгі көшелеріндегі археологиялық-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне Түркістан қаласының тарихи-мәдени кешенінің аумағында еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы мұражайын ұйымдастыру жоспарлануда. Аталған жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қазақ ғылыми зерттеу институты, «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізуде. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында туристер демалатын, қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристердің көз қуанышына айналмақ. Сондай-ақ Б.Саттарханов даңғылы аумағында этноауыл салынуда. Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша өткен жылы 5000-нан аса біздің заманымызға дейінгі I ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған. Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі – 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХ ғасырларға тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылған.
Күлтөбе қалажұртында әлі де ашылмаған тарихи сырларды зерттеп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған маңызды тарихи орындарды сақтау, қалпына келтіру, археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу және әртүрлі әлеуметтік бағыттарға арналған – ғибадатханалар, үйлер, қолөнер шеберханалары және өзге де тарихи археологиялық нысандардың 3D үлгісін жасау, тарих, археология, этнография, мәдениеттану және өнертану тұрғысынан Күлтөбе қалажұртын зерттеудің әртүрлі аспектілеріне арналған монография, ғылыми жинақ, иллюстрациялық альбом, бірқатар ғылыми мақалалар форматында жарияланымдар ұйымдастыру жоспарланған. Тарихи орындарды қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қадағалауында. Бүгінде 2019-2021 жылдарға жоспарланған археология және реставрация жұмыстары аясында көне қалашық аумағында табылған тарихи орындарды бастапқы келбетіне сай қабырғасын қалау, сондай-ақ туристердің аралап, танысуына ыңғайлы галереялық жолдар салу сынды бірқатар жұмыс атқарылған.
Түркістан облысы