Қоғам • 30 Шілде, 2020

Дезинфекция құралдары туралы дақпырт

1191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы бері түрлі қауесет те қоса пайда болды. Ар жағында кімдер тұрғаны аян, көзге көрінбейтін ақпараттық соғыста арандап қалып жүр­гендер де аз емес. Сол сияқты инфекцияның таралуын тежеу үшін қол­да­ны­латын дезинфекциялық қоспалар адам ағзасына зиян екен деген де дақпырт бар.

Дезинфекция құралдары туралы дақпырт

Осыған байланысты Алматы ин­фек­цио­нистері «қалада жүргізілетін дезин­­фекция пневмония тудырады» деп таратылып жүрген ақпаратты жоқ­қа шығара отырып, тұрғындардың үре­йін туғызатын теріс ақпараттарға қатысты түсініктеме берді. Дәрі­гер-ин­фекционист, вирусолог, биоқауіп­сіз­дік жөніндегі маман, Phd докторы Қар­лығаш Әбдиева барлық препарат­тар­дың тиісті тексерулерден өткенін атап өтті.

«Дезинфекцияның пневмония тудыруы мүмкін емес, себебі дезин­фекцияға арналған барлық препарат қаншалықты улы болатынына тек­серіліп, тест жасалады. COVID-19 вирусы беткі (үстіңгі) қабатта ұзақ сақталады, канадалық Pathogen Safety Data Sheets (PSDSs) зерттеулеріне сәйкес, коронавирус белгілі бір ылғалдылық пен температурада 7-9 тәулік сақталады. Сол себепті үстіңгі қабатты тиісті препараттармен дезинфекциялау вирустың таралуының алдын алуда қажет», дейді маман.

Қарлығаш Әбдиеваның айтуынша, COVID-19 вирусы күрделі, сөйлескен кезде науқастың сілекейінен вирусы бар микротамшылар бөлінеді және олар беткі қабатта шамамен 30 минут бойы сақталады. Сондықтан қазіргідей жағдайда дезинфекция аса қажет.

Қаладағы Фтизиопульмонология орталығының пульмонологы Абзал Малбасқанов елдің арандатушылыққа ермей, ақпаратты ресми, ғылыми дерек көздерінен тексеруге кеңес берді. «Қазір ресми дерек көздері бар. ДДҰ ресми жарияланған дерек көздері, Денсаулық сақтау министрілігінің, 100% зерттеу жүргізетін ғылыми танымал журналдар бар», деген Абзал Малбасқанов атауы жоқ арналарға сенудің қажеті жоқ екенін айтты.

Бүгінде Алматыда көпшілік жиналатын орындарда, кіреберістер мен аулаларға дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін «Глюзамин» және «Акма-Хлор» деген 2 түрлі дезинфекциялық құрал қолданылады. Бұлар отандық өндірістегі тексеруден өткен, Кедендік одақтың санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін препараттар, өндірілуіне, жүзеге асырылуы мен пайдаланылуына рұқсат етілген препараттар реестріне тіркелген. Бұл құралдар бактериялар, вирустар, қышымаларға қарсы тиімді, қауіптілігі төмен 3 топқа және қауіптілігі аз заттардың 4 тобына жатады, тітіркендіру әрекеті жоқ және адамдар, жануарлар мен құстар үшін зияны жоқ. «Акма-Хлордың» өзіне тән иісі бар екенін, ал «Глюзаминнің» иісі жоқ екенін атап өткен жөн. Сол себепті «Акма-хлор» ерітіндісін пайдаланып, нысандарға өңдеу жүргізілген кезде адамдар препараттың иісін сезуі мүмкін, ал «Глюзаминнің» иісін сезбейді.

Алматыда қолданылып жатқан де­зин­фекциялық препараттарға жүйелі зертханалық бақылау жүргізіледі. Лабораториялық зерттеулердің санитар­лық-гигиеналық нормаларға сәйкестігін тексеру үшін тұрғын үй саясаты бас­қар­масы дайын дезинфекциялық ері­тінділерден сынама алып, оны «Алматы қаласының ұлттық сараптама орталы­ғының» филиалына жеткізеді.

Халық коронавирустық инфекция­ны тарату көзі науқас адам немесе сим­птомсыз науқас екенін естен шығар­мағаны жөн.

«Біз ауруханаларда жұқпалы вирус­тар болмауы үшін міндетті түрде және өмір бойы дезинфекциялық құралдарды пайдаланып келеміз. Еден жуатын санитарлар да оны ұдайы қолданады. Жұмыс режімі аяқталғаннан кейін медбикелер кабинеттерді дезинфекциялайды. Осыдан кейін персонал пневмониямен ауырған болса, одан кейін жұмыс істеуге келісуі екіталай еді», дейді Алматыдағы Онкологиялық орталық директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов.

 

АЛМАТЫ