Медицина • 30 Шілде, 2020

Бір бүтіннің екі жартысы

1546 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ерлі-зайыпты Қуан және Найля Қабылдиндердің медицина саласына келген жолдары екі түрлі болды. Мысалы, Қуан Советұлының дәрігер болуын кездейсоқтық деп те айтуға болушы еді. Орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін, туған топырақ – Қарқаралыдағы мал дәрігерлік техникумға түскен. Аталған оқу орнын үздік бітірген өрен үшін мол мүмкіндіктердің қақпасы сол кезде айқара ашылған еді. Қолында Мәскеудегі Тимирязев атындағы аграрлық университетке берілген мақсатты жолдама болды. Дегенмен, бұл – ел ішіне аласапыран ала келген 1991 жыл еді. Алысты болжайтын әдеті бар әкесі ұлдың тұңғышын алысқа жіберуден бірден бас тартқан.

Бір бүтіннің екі жартысы

Жалпы, дәрігер Қуан әкесі Совет Қабылдаұлын өзінің өмі­рін­дегі ұлы ұстазы санайды. Совет Қабылдаұлы – Қарағанды облысына танымал тұлға. Заманында Қарқаралы ауданы басшыларының бірі болып, елге қалтқысыз қызмет етті. Зайыбы Оркен Серкенқызы екеуі үш баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы болды. Қазіргі уақыт­та бұл кісілер еліміздің астанасында тұрып жатыр.

Содан, Мәскеуге барар жол жа­былған соң, Қуанды қуантып тағы бір мүмкіндік туындай қалған-тын: сол жылы Қарағандыдағы медициналық институтқа техникумды үздік бітірген түлектерді бір ғана емтихан нәтижесімен қабыл­дайтын қаулы шыққан. Талап­ты жас мұндай мүмкіндікті құр жі­бермеді де, сол кезде атағы дүріл­деп тұрған оқу орнының сту­денті атанып шыға келген.

Қуан Советұлы медицина инс­титутын жалпы хирургия бойынша 1997 жылы тәмамдап шықты. Сол жылы танымал маман, хирургия кафедрасының меңгерушісі Сергей Викторович Лохвицкийдің ақыл-кеңесімен урология саласына ден қойып, бағыт алды.

Еңбек жолын 1999 жылы облыс­тық көпсалалы аурухана­да бас­тады. Қуан Советұлы өзін өмір­де жақсы ұстаздан жо­лы бол­ған адам ретінде санайды. «Еңбек жолымды енді ғана бас­таған ке­зімде медицина саласының май­талмандары, өзім тұлға ре­тін­де қатты қадірлеген жан­дар­­дың қамқорлығын, істеген жақ­сылықтарын көп көрдім. Бұл ретте өзімді бақытты жандардың қатарына ойланбастан қосамын. Қазір арамызда жоқ марқұм Болат Алдабергенұлы Нілдібаев ағамыздың шапағаты көп тиді. Қуандық Тұрлығұлұлы Бейсенов деген ұстазым маған ота жасаудың қыр-сырын жалықпай үйретті. Медицина ғылымдарының док­­торы Сұңғат Қуандықұлы Күде­ринов сынды ұлағатты ұста­зымнан да үйренгенім көп болды», деп сыр ақтарады Қуан Советұлы ұс­таздары жайында әңгіме қоз­ғалғанда.

Міне, осындай ұстаздардың алдын көрген Қуан Советұлы 2004 жылы сол кезде Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диаг­ностикалық бірлестігі деп атал­ған мекемеде еңбек жолын жал­ғастырды. Қазір Хафиз Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана болып атауы өзгертілген мекеме жанынан құрылған №5 емханада уролог-андролог болып абыроймен еңбек етіп келеді.

«Бүгінде Қарағанды бойынша урология саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар келіп, жаңалықтар мен өзгерістер емдеу-сауықтыру үдерісіне жылдам енуде. Қазір біз пышақпен ота жасамайтын болдық. Қуық ішіндегі, несеп жолдарындағы, бүйректегі тас­тарды лазерь сәулесімен үгітеміз. Бұрын отадан кейін науқастар ауруханада 10-15 күндей жатушы еді, қазір әрі кетсе бір аптаның ішін­де сауығып кететін болды», дейді Қуан Советұлы.

Білікті маманның айтуынша, тастың жиналуы көбіне дұрыс тамақтанбаудан, бұрын алған жарақаттардың салдарынан, тұз айналу үдерісінің бұзылуынан болады екен. Жалпы, сүзбеден өткізілген кәдімгі суды көбірек ішуге кеңес береді дәрігер.

«Археологиялық қазба ке­зінде жерленген адамдармен қоса көмілген бұйымдарға ғана емес, мүрденің сүйектеріне де үлкен мән беріледі. Сондай зерт­теу­лердің нәтижесінде, біздің бұ­рынғы бабаларымыз – сақтарда аденома, яғни қуық түбі безінің ұлғаюы ауруының өте сирек бол­ғаны анықталған. Неге десеңіз, олар үнемі ат үстінде жүрген ғой. Жалпы, ер адамдарда көп кезде­сетін бұл ауруды дер кезінде ем­де­месе, ол асқынып, қатерлі ісік­­ке айналып кетуі әбден мүм­кін», дейді маман. Ал бұл кеселге ұрын­баудың бірден-бір жо­лы суық тигізбей, тазалықты үнемі сақтау керек екен. Кейбір жас­тарымыздың жыныстық қаты­насты тым ерте бастайтыны өз алдына, бұл бағытта бей-бере­кет­сіздікке ұрынып, соңынан осындай қауіпті дертке ұрынып жататыны қынжылтады дегенді айтады дәрігер. «Ер адамдар үшін атқа жиі мінгеннің пайдасы өте зор. Ондай жағдай болмаса, велосипедпен дос болған абзал. Содан кейін, көбірек жаяу жүрген аса пайдалы. Мұның бәрі жамбас қуысындағы қан айналымының жақсаруына игі ықпалын тигізеді», деп кеңес береді маман.

Қуан Советұлының сүйіп алған жары да дәрігер. Найля Әмір­бекқызының жұбайынан бір айырмашылығы, дәрігер болуды жасынан арман етіпті. Оның өзіндік себептері де бар. Соның ең үлкені – Найляның әкесі мен анасы да дәрігерлер.

Найля Әмірбекқызы Қараған­дыда туып, балалық шағын Сәт­баев қаласында өткізген. 1991 жылы ата-анасы батыл шешім қа­былдап, сол кездегі комсомолдық екпінді құрылыс – Байкал-Амур магистралі (БАМ) деп аталған алып құрылысқа аттанған екен. Табиғаты қатал, жат өңірдегі Северо-Байкалский ауданының Новый-Уоян деп аталатын ауылына қоныстаныпты. Сол жерде әкесі Әмірбек Төлеубайұлы Ғабдыбеков бас дәрігер, ал анасы Дана Секеженқызы Ғабдыбекова рентгенолог дәрігер болып қызмет еткен. Ата-анасының мұндай нар­тәуекел қадамға не үшін барған­дарын сұрағанымызда, Найля күліп жауап берді. «Алдымен, ол кезде БАМ сияқты алыс жақтар­дағы құрылысқа бару романтика саналды. Екіншіден, әрине ол жақта еңбекақы да жоғары болды», дейді ол.

Байкал өңірінде орта мектепті 1995 жылы бітірген Найля атамекенге оралып, өзінің бала күнгі арманын жүзеге асырып, Қарағанды медицина институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін облыстық онкологиялық ауруханада интернатурадан өтті де, өзін жақсы қырынан көр­сете білгендіктен сол мекемеде жұ­мысқа қалдырылды.

Жұмыс барысында Найля Әмірбекқызы ғылымға бейімді екенін таныта білді. Жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Валентина Брониславовна Сирота талантты шәкіртіне көп үміт артты. Жас ғалымның сүт бездерін емдеу және сауықтыру тақырыбындағы ғылыми жұмысы білікті мамандар тарапынан жоғары бағасын алды. Ғылыммен айналыса жүріп Найля Әмірбекқызы 2004-2008 жыл­дар аралығында дәрігер-радио­лог болып еңбек етті. Осы кезең­де ол Қани Жұмкенұлы Мұсыл­ман­беков, Мейрам Байзрахманұлы Тұрғынов, Владимир Алексеевич Кулешов, онкологиялық ауруха­наның қазіргі директоры Мұратбек Дәулетханұлы Жұмақаев сынды ұстаздарынан маман ретінде, адам ретінде де өміріне азық болар тәлім-тәрбие алды. Еңбек пен ғылымды қатар алып жүрген ол 2008 жылы кандидаттық диссер­тациясын сәтті қорғап, 2013 жы­лы доцент ғылыми атағына қол жет­кізді. Ал 2018 жылы Найля Әмірбекқызы сынды әмбебап маман­ға онкология және сәулелік диаг­нос­тика кафедрасының меңге­рушісі қызметі сеніп тапсырылды.

Найля Әмірбекқызы үнемі ізденіс үстінде жүрген ғалым-дәрі­гер. Ол шет мемлекеттерде, елімізде өтетін біліктілікті жетіл­діру жөніндегі семинарлар мен тренингтерге жиі қатысады. Ғы­лыми-практикалық конференция­ларда мазмұнын азуын айға бі­леген мамандар мақұлдаған баяндамалар жасап тұрады.

«Мен өзімнің мамандығымды, айналысып жүрген ісімді барлық ынта-шынтаммен жақсы көремін», деп жалғыз ауыз сөзбен жеткізеді Найля Әмірбекқызы өзінің медицина саласына деген сүйіспеншілігін. Бүгінде ол болашақ дәрігерлерді медициналық білімнің нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз.

Найля Әмірбекқызы сынды әмбебап маманның айтқан ақыл-кеңесі мұқият құлақ түруді қажет етеді. «Қатерлі ісіктің алдын алуда дер кезінде диспансеризациядан өтіп тұрудың маңызы зор, дейді ол. – Дұрыс тамақтану, сауатты ұстанған өмір салты – осының бәрі адам денсаулығына әсерін ти­гіз­бей қоймайды. Шылым шегу, алко­гольді ішімдіктерге әуестік қа­­терлі ісікке бастайтын қауіпті жол».

Ерлі-зайыпты дәрігерлердің алғашқы танысуы да қызғылықты жағдайда өткен екен. Ол кезде, яғни 1999 жылы мединститутта дәріс беріп жүрген жас оқытушы Қуан Советұлына аяқ астынан сыр­қаттанып қалған әріптесін алмас­тыруға тура келіпті. Міне, осындай тағдыршешті оқиғаға алып келген кездейсоқтық болма­ғанда, жас жігіт сол күні 4-ші курс­та оқып жүрген Найля арумен таныспас па еді? Бірақ Қуан Советұлы мұны кездейсоқтық деп санамайды: тағдырының сыйы, заңдылық деп ұғынады.

Қазір қос дәрігердің құтты шаңырағында Әмина есімді қыз бен Жанарыс атты ұл бар. Бір қызығы, ерлі-зайыпты дәрігер­лер­дің қызы заң саласын таңдапты. Қазір ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да оқып жүр. Ал Жанарыс бол­са, әке-шешенің жолын қуып, дәрігер болуға белді бекем буған екен. Биыл сәтін салса, Қараған­ды мемлекеттік медицина универ­ситетінің табалдырығын аттайды.

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мәтел біздің отбасына келгенде мәнін жоғалтады,  деп күледі ерлі-за­йыпты дәрігерлер. – Біздің еке­­уіміздің дәрігер болғанымыз, керісінше, арамыздағы түсінік атаулыны арттыра түседі. Мы­салы, біз шай үстінде отырып та ортақ тақырыпта әңгіме өрбі­тіп, жаңалықтармен бөлісіп, ақпа­раттармен алмасамыз. Түсіне білген адамға мұның пайдасы өте мол: біз бірімізде жоқты бірімізден тапқан бүп-бүтін дүниенің екі жартысымыз».

Күні кеше, нақты айтқанда, медицина қызметкерлерінің кәсі­би мерекесі қарсаңында ерлі-за­йыпты дәрігерлер Қуан мен Найля Қабылдиндердің Қазақстан медицинасы алдындағы адал да жанкешті еңбектері еленіп, екеуі де «Кәсіби жетістіктері үшін» ме­далімен марапатталды.

 

ҚАРАҒАНДЫ