15 тамызда Мексикада өтетін бокс кешінде Дәурен Елеусінов өнер көрсетеді. Олимпиада және әлем чемпионы, Азия ойындары мен Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы деген дардай атақтары бар Даниярдың туған ағасы әуесқойлар рингінде де өзін жақсы қырынан көрсетті. Ел чемпионы, құрлық біріншілігінің жүлдегері атанды. Кәсіпқойлар арасында 9 кездесу өткізген ол 8 рет жеңіске жетті. Жеті қарсыласын есінен тандырды. Тағы бір бәсеке тең аяқталды. Гвадалахарада Дәурен жергілікті боксшы Хуан Карлос Рэйгоспен айқасады. Оның көрсеткіші мынадай: 34 жекпе-жек, 16 жеңіс (6 нокаут), 15 жеңіліс, 3 кездесу тең. Орта салмақтағы қос саңлақ WBC International нұсқасының алтын белбеуі үшін таласады.
Ал 10 тамызда Мәскеуде Александр Журавский шаршы алаңға шығады. Орта салмақтағы отандасымыз ресейлік Хусейн Байсангуровпен қолғап түйістіреді.