Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Грузия Премьер-министрі Николоз Гилауримен кездесті. Екі ел делегациясы арасында жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі мен Грузияның Ұлттық банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Оған Қазақстан тарапынан агенттік төрайымы Елена Бахмутова, ал Грузия тарапынан Ұлттық банк төрағасы Георгий Кадагидзе қол қойды.
Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бастау алады. Осыған дейін екі ел арасында түрлі бағыттарда 50-ден астам екіжақты құжаттарға қол қойылған. Дегенмен, екіжақты ресми дипломатиялық ынтымақтастықты реттейтін құжат негізі 1993 жылы сол кездегі Грузия басшысы Э.Шеварднадзенің елімізге ресми сапары барысында қол қойылған Қазақстан және Грузия республикалары арасындағы өзара қарым-қатынас туралы келісім болып табылады.
2008 жылы Грузия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 67,2 млн. долларды құраған көрінеді. Оның ішінде ел экспортының көлемі 49,7 млн.долларды көрсетсе, Грузия елінен келетін экспорт көлемі 17,3 млн.долларды құрапты. Біздің елімізден негізінен бидай экспортталатын болса, Грузиядан келетін өнімдер тізімі жиһаз, металлургиялық, мәшине жасау, химиялық және азық-түлік өнімдерінен, түрлі ферроқорытпалардан тұрады.
Қол қою рәсімінен соң еліміз Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов келіссөз барысында екіжақты қарым-қатынас мәселелерімен қатар, Қазақстан бидайы үшін Грузия жерінде арнайы терминал салу мәселесінің де талқыланғанын жеткізді. Грузия Үкімет басшысының айтуынша, бұл Қазақстанға осы тауар түрін әртараптандыруға мүмкіндік бермек.
Үстіміздегі жылдың жазында, атап айтсақ, тамыз-қыркүйек айларында Қазақстан Үкіметінің делегациясы осы мәселелерді пысықтау үшін баратын болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.