Бағдарламалар • 31 Шілде, 2020

«5-10-20»: Несие беру басталды

1998 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл 11 мамырда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасын бастау туралы тапсырма бергені мәлім.

«5-10-20»: Несие беру басталды

 

17 мыңға жуық займ беріледі

Бағдарламаны жүзеге асыруға іле-шала 390 млрд теңге қарастырылып, оның 210 млрд теңгесі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы игерілетін болған. Аталған банк басшысы Ләззат Ибрагимова осы қаржының алғашқы траншы банкке түскені туралы және басқа да мәселелер жайлы «Egemen Qazaqstanǵa» хабарлады.

– 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш банкке 27 шілде, яғни дүйсенбі күні келіп түсті. Осыған байланысты, әкімдіктер салған несиелік тұрғын үй бойынша бұған дейін мақұлдау алған жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несие беріле бастады, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, келесі аптадан бастап банк 1990 жылдардан 2009 жылға дейінгі аралықта әкімдіктердің кезегінде тұрған алғашқы 20 мың адамға шақырту жібереді. Олардың 6 мыңға жуығы – қазіргі таңда банк салымшысы. Осы 6 мың адамға банк SMS хабарлама жолдауға тиіс. Ал әкімдік кезегіндегі қалған 14 мың азаматтың байланыс ақпаратын анықтау үшін банк өзінің www.hcsbk.kz ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында олардың тізімі көрсетілген хабарлама жариялауды жос­парлап отыр.

90 млрд теңге қанша уақыт ішінде игеріледі? Бұл сауалға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы:

– Қаражаттың игерілуі ал­ғашқы тұрғын үй нарығын­дағы ұсынысқа байланысты. Біз «5-10-20» бағыты бойынша бас­пана алуға болатын тұрғын үй нысандары жайлы ақпаратты жариялауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ құрылыс ком­па­нияларының нөмірлері де көр­сетіледі. Қаражаттың ендігі кезекте ауда­рылатын бөлігі, яғни қалған 120 млрд теңге алғашқы транш игеріліп болғаннан кейін түседі, – деді.

Ләззат Ибрагимова атап өт­кендей, жалпы «5-10-20» бағ­дарламасын жүзеге асыру мақ­сатына бөлінген 210 млрд теңге аясында шамамен 17 мыңға жуық займ беру жоспарланған.

Жалпы, кезекте тұрған адамдарды іріктеудің негізгі қағидасы – жариялылық. Бұл «Бақытты отбасы» бағдарламасы сияқты несие алғандар тізімін жариялау арқылы жүзеге аспақ.

Іріктеудің екінші қағидасы – жер-жердегі әкімдіктердің бас­пана кезегіне тұрған адам­дардың теңдігі. Яғни адамдар бағдарламаға кезекке тұрған жылына байланысты шақырылады. Неғұрлым ертерек тұр­ғандар соғұрлым ерте шақы­рылады.

Бағдарламаның негізгі шарттары: азаматтың жеке баспанасы болмауы керек; баспана кезегінде тұруға тиіс; «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитінде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинағы болу керек. Несие 20 жыл мерзімге 5 пайыздық үстемемен беріледі. Пәтер бағасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн теңгеден аспауға тиіс. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түр­кістан және Қарағанды қала­ла­рында ең жоғары шекті меже 15 млн теңге деп белгіленді.

 

Ипотека нарығын дамытқан дұрыс

«5-10-20» бағдарламасының негізгі операторы «Бәйтерек» хол­дингі екенін айта кетейік. Хол­динг басшысы Айдар Әріп­ханов:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен біз Сингапурдың Housing and Development Board моделі бойынша үш енші­лес ұйымды – Бәйтерек деве­лопмент, Қазақстандық ипо­текалық компания және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы тұрғын үй бағдарламалары саласында Бірыңғай оператор құру бойын­ша жұмыс жүргізудеміз. Пре­зидент тапсырмасымен, жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» негізінде «Отбасы банкі» құры­лады, ол тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және тарату­ды орталықтандыра отырып жүзеге асырады. Оған қол жет­кізу үшін кезекте тұру жүйе­сін әкім­діктерден алып, бас­панасы жоқ отбасылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Отбасы банкіне» беру жоспарлануда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасына толық қолжетімділігін ұсыну жоспарлануда, – деді.

Статистика комитетінің ха­­бар­лауынша, биылғы маусым айында жаңадан салынған тұр­ғын үйлердегі пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 298,4 мың теңге болды. Бұл былтырғы бағадан 5 пайызға жоғары. Елімізде 2010 жылмен салыстырғанда пәтер 10 есе қымбаттапты. Республика бо­йынша ең жоғарғы көрсеткіш елордаға тиесілі, шаршы метрдің құны маусым айында 373,3 мың теңгеге жетті. Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында да жаңа үйлердің шаршы метрі 340-357 мың теңге аралығында. Пәтер бағасы салыстырмалы түрде арзан қалалардың со­ңын Петропавл, Семей, Тал­ды­қорған, Тараз қалалары тү­йін­дейді. Сарапшылардың па­йым­дауынша, жылжымай­тын мүлік нарығындағы ба­ға­ның құбылуына «5-10-20» бағдарламасының әсері бола қоймайды. 2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынған кезде баға арзандайды деген болжамдар жасалып, кейін оның жаңсақ болжам екені анықталған-ды. Бұл жолы да солай болмақ.

Екіншіден, республика­ бо­йынша жылжымайтын мү­лік салу қарқыны елдегі де­моө­графияның қарқынынан бір­­неше жылға қалып келеді. Баспана бағдарламалары бойынша салынып жатқан пәтерлер сұраныстың төмендеуіне әсер ете алмауы мүмкін. Құрылыс материалдары нарығындағы ахуал да шаршы метрдің қымбаттауына әсер етіп тұр.

Қалай болғанда да, елімізде ипотека нарығының әлеуеті, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін оң әсері зор. Қа­зақстан құрылыс салушылар қауымдастығының атқарушы директоры Владимир Борисов осылай дейді.

– Бұған дейінгі дағдарыстар кезінде көптеген елдің үкі­мет­тері бірінші кезекте ірі биз­­неске қолдау көрсеткен-ді. Қа­зіргі таңда экономикаға муль­­типликативті әсер беретін секторларды қолдауға басымдық бе­рілуде. Құрылыс секторы осын­дай сала деуге болады. Түрлі ипо­текалық бағдарламаларға қа­ты­суға мүмкіндік алған азаматтар ақшасын жастықтың астына тықпай, баспана жағдайын жақ­сартуға жұмсайды. Тұрғын үйге деген сұраныс артса, ІЖӨ-нің 6,5 пайызын беріп отырған құрылыс саласы дамиды, – дейді ол.

Ал құрылысты дамыту үшін ипотека нарығының ауқы­мын кеңейтуге бағытталған жұ­мыстар жасалғаны жөн. Бұл үшін бірінші кезекте бастапқы салымды төмендету керек. Со­нымен қатар банктер бас­пана несиесінің пайыздық мөл­шерлемесін төмендеткені жөн. Елімізде бұл бағыттағы жұ­мыстар басталды деуге де болады. Бұған дейін ең төменгі пайыздық мөлшерлеме 7 пайыз болса, «5-10-20» бағдарламасы бойынша ол 5 пайызға дейін азайды. Яғни бұл бағдарлама халықты баспанамен қамтуға ғана емес, құрылыс секторына да оң ықпалын тигізуге тиіс.