Аймақтар • 31 Шілде, 2020

Аты жаман індеттің аптығы басыла бастады

188 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Маусым айындағыдай емес, шілдеде Шымкентте эпидемиялық жағдай ретке келе бастады. Аты жаман індеттің аптығы басылды. Осылайша, үшінші шаһарда коронавирус инфекциясы мен пневмония індетінің таралу қарқыны бәсеңдеді.

Аты жаман індеттің аптығы басыла бастады

«Бүгінде Шымкент қаласында Сovid-19 вирусын жұқтырған азамат­тардың саны 4 708-ді құраса, оның ішінде 2 938 азамат емделіп шықты. Маусым айының алғашқы бес күнінде күніне 84-100 адам вирус жұқтырып, өсімі 2,5-3­ пайызды құраған. Өткен тәулікте 54 вирус жұқтырған адам тіркелді. Осы айдың басымен салыстырғанда екі есе төмендегені байқалады», деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Шаһар басшысының айтуынша, жедел жәрдем шақыру 43 пайызға азайып, стационарларда ем алушылардың саны 56,9 пайызға төмендеп отыр. Со­ны­мен қатар бастапқы медициналық сани­тарлық көмек көрсету жұмыстары күшейтілді. Мәселен, Шымкентте қосым­ша 197 мобильді бригада құрылып, 16 мыңға жуық науқасқа үйге арналған стацио­нарлық қызмет көрсетілген. Мобиль­ді бригада қызметтері арқылы 45 074 азаматқа үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізілген.

1

«Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін реттеу жөніндегі Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында қала қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталды. Бүгінде шет мемлекеттен 2 млн 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрілер мен 16 млн 700 мың бетперде жеткізілді. Сондай-ақ қосымша 58 өкпені жасанды тыныстандыру, 250 «Бобров» тыныс алу аппараты және 26 реанимациялық мониторлар алынды. Қазіргі таңда реанимациялық орынның 88,7 пайызы ӨЖТ аппараттарымен қамтылып отыр», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар оттегімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып келеді. Оттегімен қамтылған орын саны 861-ге жеткен. Қосымша 2 ауруханада оттегі стансасы іске қосылса, бір ай ішінде тағы 3 аурухана аталған құрыл­ғымен жабдықталмақ.

Ал індеттің таралу қарқыны төмендеді деп босаңсып қалған жергілікті билік жоқ. Күн өткен сайын сақтық шараларын күшейтіп, зарарсыздандыру жұмыстарын мықтап қолға алыпты. Өткен демалыс күндері шаһарда жалпықалалық ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, жалпықалалық ауқымды дезинфекциялау жұмыстарына барлығы 94 арнайы техника жұмылдырылып, 170 («Шымкент жасыл қала» – 50, Әскери қызметшілер – 40, сервистік мекемелер – 80) су бүріккіш жабдық, 5 тонна хлор ерітіндісі, 600 литр сірке қышқылы әзір­леніп, пайдаланылды.

Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 27 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде Абай ауданы – 7, Әл-Фараби ауданы – 6, Еңбекші ауданы – 7, Қаратау ауданы 7 техникасын дезинфекция жұмысына қосты. Орталық көшелерді арнайы мамандандырылған мекемелер техникалармен, ал демалыс орындары, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласы, ойын алаңдары, ішкі орамдық көшелерді әскери қызметшілер мен сервистік мекеме жұмысшылары су бү­рік­кіш жабдықтармен зарарсыздады.

1

Аталған іс-шарада жалпы 2 мыңнан аса көше, 1147 аялдама, 45 көпшілік дема­лыс орындары (саябақ, гүлзарлар) және 2171 көп қабатты үй аулалары толығымен қамтылады. Және де қала аумағындағы барлық кәсіпкерлік нысандарды дезинфекциялау нысан иелерімен келісім негізінде атқарылады.

Індеттен де қиын бір дүние бар. Бұл – үрей. Үрейді жеңген адам ғана дертті еңсеріп шығады. Осы бағытта Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы жүйелі жұмыс істеуде. Басқарма басшы­сы­ның міндетін атқарушы Тимир­хан Варзиловтың айтуынша, індетке шалдық­қан науқастарға онлайн психологиялық көмек көрсетілуде.

«Бұл «1430» мобильді қосымшасында білікті психологтер тобы жұмыс істейді. Мамандар коронавирус инфекциясы­нан жазылып шыққан науқастарға психологиялық оңалту жұмыстары бо­­йын­ша онлайн түрде кеңес береді. Атал­ған індеттің нейротоксикалық әсері болғандықтан, науқастың бойында үрей қалады. Сол себепті күйзелістен арылтып, қалыпты өміріне бейімдеу үшін бұл көмектің маңызы ерекше», деді Тимирхан Варзилов.

Айта кетерлігі, «1430» онлайн кеңес беру мобильді қосымшасы осы жылдың 15 шілдесінен бастап іске қосылды. Бүгінде қосымшаға тіркелген эпидемио­лог, инфекционист, пульмонолог сынды бейінді мамандардан бастап жалпы саны 692 дәрігер халыққа онлайн түрде өз қызметтерін көрсетуде. Аталған кеңес тобына хабарласып жатқан науқастардың саны күннен-күнге артып, қашықтан консультациялық кеңес беру жұмыстары қарқынды жүруде.

 

Мобильді бригадалар тәулік бойы жұмыс істейді

Елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен емханалар жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін 58 мобильді топ құрылған болатын. Азаматтардың қауіпсіздігін ес­кере отырып, Мұрат Дүйсенбекұлы мо­биль­ді бригадалар санын әлі де арттыру қажет екенін айтты. Сол себепті олар­­дың саны бүгінде 197-ге жетті. Бұл туралы Шымкент қа­ла­лық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов мәлімдеді.

«Шымкент қаласындағы емханалар жанында бұған дейін 58 мобильді топ жұмыс істеп келген болса, бүгінде оның саны 197-ге жетті. Олар 16 мыңға жуық науқасқа үйге арналған стационарлық қызмет көрсеткен. Сонымен бірге 45 мың пациентке мобильді бригада қыз­меті арқылы үйлеріне дәрі-дәрмек жет­кізілді. Атқарылған жұмыстар қала­дағы эпидемиялық жағдайдың жақ­­саруына өз әсерін тигізді. Нақтырақ айтқанда, жедел жәрдем көмегін шақыр­тушылар саны күніне 38 пайызға азайды», деді Тимирхан Варзилов.

Сондай-ақ брифингте салаға жауапты мамандар стационарларда ем алушы науқастардың саны күрт төмендегенін мәлімдеді. Соңғы он күннің ішінде нау­қас­тар саны 2882-ден 1240-қа дейін азай­ған. Нәтижесінде, стационарлардағы орындар жүктемесі 78,7 пайыздан 33 пайызға дейін кеміп отыр.

 

Пневмониямен ауырғандардың 80 пайызы жазылды

Шымкент қаласында пневмония ауруы­на шалдыққан науқастардың 80 пайызы емделіп шықты. Жыл басынан бері пневмония ауруына шалдыққан 12 595 науқас тіркелген болса, қазір оның 10 263-і емделіп шықты. Бұл туралы Шым­кент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқа­ру­шы Тимирхан Варзилов мәлімдеді.

«Шымкент қаласындағы медици­налық ұйымдарда қосымша екі айға жететін дәрі-дәрмек бар. Қосымша дәрі-дәр­мектер қорында 328 027 дана температураны төмендететін препарат бар. Бұған қоса қорда вирусқа қарсы препараттардың 70 570 данасы, 135 мыңнан астам антибиотик, 79800 анти­когулянт, 110 532 дана емге қажетті витамин бар», деді Тимирхан Варзилов.

Сондай-ақ 1 шілдеден бастап осы аралықта күніне түсетін шақыртулар саны 65 пайызға төмендеген. Бүгінде «103» қызметінде 100 жедел жәрдем бригадасы халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде.

 

Темірдей тәртіпті талап етеді

Қатаң тәртіп індеттің кеңінен таралып кетуінің алдын алады. Себебі мұның алдындағы карантин шаралары кезінде салғырттық салдарынан елімізде коронавирус індеті өрши түскен болатын. Осы­ны дер кезінде түсінген қала әкімдігі мен қалалық полиция департаменті шаһар­дағы тәртіп мәселесін мықтап қол­ға алды. Бұл туралы қалалық Полиция депар­таментінің басшысы полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов баяндады.

Департамент басшысының мәлім­деуінше, қала аумағында карантиндік талаптардың сақталуын бақылау мақ­сатында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Әрбір топтың құрамына учаскелік полиция инспекторы, аудан әкімдіктерінің, аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, қалалық прокуратураның өкілдері бар.

«Жалпы, қалада 30 мобилді топ рейд­тік іс-шаралар жүргізіп, карантин талап­тарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу бойынша 299 жайтты анықтады. Тәртіп бұзушылықтар сау­да орталықтарында, дүкендерде, дәмхана, тамақтандыру мекемелері мен басқа да қоғамдық орындарда орын алды. Со­нымен қатар ескерту іс-шараларын өткізу бойынша 11 факті анықталды. Қазір қауіп­ті дерттің таралу қаупі әлі сейілмей тұр. Осы орайда, қала тұрғындарына ай­тарым, қабылданып жатқан шаралар, ең алдымен, індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағыт­талған. Сондықтан карантин талаптарын барынша қатаң сақтауға шақы­рамын», деді Е. Жұмаханбетов.

Полиция департаментінің басшысы заңсыз дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатып сату фактілері де орын алғанын атап өтті.

«2020 жылдың 5 шілдесінен бастап бүгінге дейін полиция департаментімен жедел профилактикалық шаралар жүргізу барысында дәрі-дәрмек тапшылығы мен қымбат сатылуы және интернет же­лісі арқылы жарнамалау фактілері анық­­талды. Қала бойынша заңсыз дәрі-дәрмектің бағасын көтеруде 15 факті белгілі болды. Аталған фактілер Қыл­мыс­тық кодекстің 214-бабы бойынша қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеп, тексеру бірыңғай тізіліміне тіркелді. Зер­делеу жұмыстары қатаң бақылауда», деді қаланың бас сақшысы.

1

 

Оқу жылына дайындық пысықталды

Эпидемиялық жағдайдың қалыпқа түсуіне орай Шымкентте жаңа оқу жылына дайындық шаралары да қолға алына бастады. Ең әуелі ел болашағы – жасөспірімдердің алаңсыз білім алуы үшін Шымкент қаласында осы жылы 6 мың орындық 9 мектеп пайдалануға берілмек. Оның ішінде бесеуі жаңа мектеп болса, үшеуі – қосымша құрылыс. Бұлардың қатарында Бекет батыр-Тәшенов көшелерінің қиылысында орналасқан
1 өнер мектебі де бар. Нәтижесінде, апатты мектептер саны біреуге кеміп, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.

Жалпы, 2020 жылы қалада 13 білім нысанының құрылысы жүрсе, оның ішінде 4 мектептің құрылысы келесі жылы аяқталады. Карантиндік шектеу­лерге қарамастан Шымкентте салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Жалпы, нысан­дар­дың құрылысына 620 жұмысшы жұмыл­дырылған. Сонымен қатар Шым­кент қаласының білім ұйымдарында ағым­дағы жөндеу аяқталып, 15 мекеме күрде­лі жөндеуден өтті, 17 мекемеде спорт алаңдары және 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылды. Ал мектептерге 18 мың жаңа парта әкелініп, соңғы үлгі­дегі бейнебақылау камералары мен 30 мект­еп­ке турникеттер орнату жоспарлануда.

Биыл Шымкент қаласының білім ұйымдары жаңа оқу жылын 222 мыңнан аса оқушымен бастағалы отыр. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында атап өтті.

Басқарма басшысының мәліметінше, бірінші сыныпқа 24 мыңнан аса оқушыны қабылдау жоспарланған. Бүгінге дейін 17 401 өтініш берілген. Құжаттар Egov.kz порталы және mektep.shymkent.edu.kz сайты арқылы қабылданып жатыр.

«Шымкент қаласы жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемесімен баста­ғалы отыр. Олардың қатарында мектеп, балабақша, колледж бен қосымша білім беру мекемелері бар. Қаладағы 172 мектепке 18 мың жаңа парта, соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату жоспарлануда. Ал білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда», деді басқарма басшысы.

Жаңа оқу жылында 11-сыныптарды оқу­лықтармен 100 пайыз және қалған сынып оқушыларын қосымша кітаппен қамтамасыз ету үшін баспалармен толық келісімшарт жасалып, оқулықтарды тасымалдау басталған. Кітаппен қамту жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады.

Жыл сайын дәстүрге айналған қайы­рымдылық акциясы биыл да жалғасын таппақ. Шымкент қаласында әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға «Мек­тепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 30 мың теңге көле­мін­де бір рет­тік көмек беріледі. Бұл көмек­ті атаулы әлеуметтік көмек алатын отба­сылардың бала­лары және ай­лық күнкөріс көрсеткіші төмен отбасы­лар алады. Ол үшін ата-аналар құжаттарын білім ұйым­дарына ұсынуы керек. Ал жетім және жартылай, көп балалы отбасы балаларына мектептер­дегі қамқоршылықтың шеші­міне сәйкес бір реттік көмек белгі­ленеді.

Басқарма басшысы сонымен қатар қажет­тілікті қамту мақсатында 24 955 отба­­­сына компьютер берілетінін атап өтті.

«Биыл қыркүйек айына дейін жергі­лікті бюджет есебінен 4 800 компьютер сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде, жалпы компьютер саны 25 мыңды құ­рап, аз қамтамасыз етілген отбасы ба­ла­ларын есепке алмағанда 24 955 отбасы жаңа жабдықпен қамтылады», деді Ж.Тажиева.

Бүгінде қалада әлеуметтік көмекті қажет ететін 35 798 жас өскін болса, оның ішінде аз қамтылған отбасыдан шыққан 28 445, жетім қалған 685, ерекше білім беруді қажет ететін 6 668 бала бар. Алдағы оқу жылында аталған топтағы оқушылардың барлығына тиісті қолдау көрсетілмек.