Кино • 31 Шілде, 2020

Нұржұман Ықтымбаев: Кино – ұлттың төлқұжаты

744 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ киносының тарихында дара аталатын есімнің бірі – Нұржұман Ықтымбаев. Өнер деген киелі кәсіптің тұлпарын бозбала күнінен тізгіндеп мінген актер қашанда ұлт мүддесін жоғары қоя отырып, өз ісінің биігінен түспей келеді. Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің, «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығының және де көптеген халықаралық жүлделердің иегері Нұржұман Ықтымбаев Қырғызстан, Польша, Италия, Франция, т.б. шетелдерден шақырту алып, Ж.Депардье, Х.Тагава, Д.Ли сияқты әлемге танымал актерлермен киноға түсті. Қазіргі кезде Голливудтың «Комбат» фильміне түсіп жатқан актермен үзіліс күндерінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Нұржұман Ықтымбаев: Кино – ұлттың төлқұжаты

– Нұржұман аға, сіз түс­кен алғашқы картинаға да жар­­­­­ты ғасырдан асыпты. Осы уақыт аралығында жүз­ден астам кейіпкерді көрер­ме­ні­мен қауыштырып, тағды­ры әр­қи­лы образдарды cомда­ды­ңыз. Жауап­­кершілік пен жан­кеш­ті­лік­ті талап ететін кәсіптің бабын табуда әр актердің өзіндік әдіс-тәсілі болатыны заңдылық дей­тін болсақ, бәсекесі жоғары ор­та­да кәсіби тәжірибеңізді қа­лай­­­ша ұтымды пайдаланып ке­­­­­лесіз?

– Кино – мен үшін киелі өнер, үлкен мектеп. Ал осы киноға жан беретін актерлік те ана сүтімен да­риды десем қателеспеймін. Кино­ға актер жүрегін салмаса, жан­ды образ туа ма? Мықты актер болу үшін басты рөлдердің бірне­ше­уінде ойнап дәлелдеу қажет. Әр фильмде актер жүрегінің, тағ­ды­рының бір парасы жатады. Ал шетел фильмдеріне түсуде өзін­дік тәсіл­дерім бар. Шетел кино­ларына түсерден бұрын бірне­ше актермен сайысқа түсуге ту­ра келеді. Біздің киноның кем­шін қалып жатқан тұсы – осы. Қанша киноға түскенімді дәл са­нап айта алмағаныммен, экран­ға алып шыққан әрбір ке­йіп­ке­рім көкейімде сайрап тұр. Бұ­йырған рөлдерді жоғары дең­гей­де ойнап шығуға тырысамын. Кемшілігімді де байқап оты­­­рамын. Дегенмен кез келген рөлді ойнауға келісе бермеймін. Сценариймен танысқаннан ке­йін рөлді жауапкершілікпен алып шығудағы ішкі түйсігіме үңі­лу өмірлік тәжірибемнен қа­лыптасты. Анау бір жылдарда түрік ағайындарымыз Қожа Ахмет Ясауи туралы фильм түсір­мек болып, бабамыздың рөлін сомдауға ұсыныс жасады. Мен бір апта бойы ойландым. Мұхаммед (с.ғ.с.) бүтін мұсылманның пай­ғам­бары болса, Ясауи қазақ хал­қының пай­ғамбары деп білеміз, ал сүйегі жат­қан Түркістан жері киелі. Бұл бір ғана мысал, дегенмен кез келген рөлді алып шы­ғуға кәсіби дең­гейім жетеді. Бірақ қасиетін сезетін болсам, оған жа­қындамау қағидасын қатаң ұс­тап, фильмге түсер алдында ата-бабаларымның аруағына сыйынып отырамын.

– Қазақ киноактерлерінің арасында бірінші болып КСРО Мем­лекеттік сыйлығын иелен­діңіз. Елімізде, сондай-ақ шетелдерде жиырмадан астам бас жүлде Сіздің еншіңізге бұйырды. Біртуар тұлға Д.Қонаевтың өзі қазақ киносындағы еңбегіңізді жоғары бағаласа, кезінде әріп­тестеріңіз «кинодағы құбылыс» деп баға берген екен.

– Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуіміз фильмнің премьера­сы барысында өтті. Мәскеуде түс­кен бірнеше фильмнен кейін төрт сериялы «Нанның дәмі» филь­мінде Ыдырыс Ноғайбаев­ты – Д.Қонаевтың, мені – А.Асқаров­тың рөліне бекітті. Фильмнің пре­­­мьерасы және Тыңның 25 жыл­­­­дығы Республика сарайында өтіп, мерекелік шараның соңына қа­рай дастарқан жайылды. Осы кез­де Дінмұхамед Ахметұлы «Не­скромный секретарь» қайда?» деп мені іздейді. Ыдырыс түртіп қа­лып, орныңнан тұр дегендей белгі берді. Орнымнан тұрып Ди­мекеңнің қасына келіп едім, «Әй, азамат, қатырдың, қатырдың!» деген қуанышын жасырмады. Ди­мекеңнің қолпаштауынан қа­нат­танып кеткендей болдым. Фильм­нің режиссері А.Сахаров «Со­ветский экран» журналына «киноға қазақ актерінің келуі – құ­былыс» деп жазып жүргені осы кез болатын. Кейіннен КСРО Мем­лекеттік сыйлығын иелендім.

– Қазақ киносының атасы атанған Шәкен Аймановтың өзі қамқорлық танытып, Нұрмұхан Жантөриндей тұлғаның мек­те­бінен өту бақытының бұ­йы­руы да кездейсоқтық емес. Ол кезде жас актерлерге қандай та­лаптар қойылушы еді?

– Шәкен Аймановтың «Абай әні», «Алдар көсе» фильмдерін­де­гі рөл­дерін көріп өстік. Бірде Шәкен Айманов шақырып жатыр деген соң қабылдауына келдім. Ол «Қилы кезең» фильміне түскен кезім. «Әй, қалқан құлақ, келдің бе?», – деді. Кейіннен еркелетіп осылай атап кетті. Саған аттас ағаң бар деп, Нұрмұхан Жантөринді кабинетіне шақырды. «Ағалы-інілі болып жүріңдер, режиссерлермен таныстыр» деп табыстаған кезін маған емес, ұлттық киноға жасаған қамқорлығы деп білемін. Содан Нұрмұхан аға мені дубляжға ертіп келіп режиссерлермен таныстырды. Бүгінде дауыстары алтын қор­да жазылған М.Бақтыгереев, О.Қал­мырзаев, З.Шәріпова, Ф.Шәріпова, Т.Тасыбековамен танысып, дуб­­ляжда бірге жұмыс істеп, осы салаға барымызды бердік. Кейіп­­керлермен бірге жыладық, бір­ге күлдік. Ал Шоқанды, Қодар­ды сомдаған Жантөринмен мен осы­лай танысқан едім. Қа­зақ кино­сының дамуында К.Сма­йылов, А.Федулиндей тұлғалар­дың да еңбегі өлшеусіз. Бірде Ка­мал аға­­ның шақыртуымен қабыл­дауы­на келдім. Бұл екі фильмге түс­кен кезім. «Әй, сені Мәскеудегі әйе­лің шақыртып жатыр. Міне, телеграмма», деді. Келсем, Ғабит Мүсірепов, Сахи Романов отыр екен. Ештеңені түсінбестен, абдырап қалдым. Артынан белгілі болғанындай, Камал ағаның «Мос­ковская жена» (кейін «Жетінші аспан» болып өзгерді) фильміне шақырту алғанымды қалжыңмен жеткізгені екен. Ол жылдарда қазақ, қырғыз актерлерін орта­лық киностудияның іріктеусіз бе­кітуі кино тарихында мүлде бол­маған. Осы фильмнен кейін «Сверд­ловск», «Мосфильм», «Одесса» киностудияларынан шақырту ала бастадым.

– Актерліктен бұрын әнші­лікке маманданып, Ұлықпан Құ­бышев, Ғарифолла Құрман­ға­­лиевтей өнер майталмандары­нан оқыдыңыз. Өнер жолын таң­дауыңызға өнерлі отбасынан шы­ғуыңыздың әсері көп ықпал еткен болар.

– Қазақ өнерінің корифей­ле­рінен дәріс алу бақыты бұйырған менің бұл салаға келуімнің өзі бір қызық. Ұ.Құбышев, Ғ.Құр­ман­ғалиевтің мектебі үлкен өмір­дің бастауы болды. Ұлықпан аға дом­быраны солақай шертетін еді. Әр қимылын қалт жібермеуге тырысатынмын. Орындау ше­бер­­лігі мықты, саусақтары көз ілес­пес жылдамдықпен қозға­ла­тын. Ұстаздарыма жаратушы­дан берілген дарын менің бойы­ма кәсіби білім ғана емес, кісі­лік пен кішілікті де дарытты. Қай­­да жүрсем де алдымнан жа­ны жайсаң өнер жанашырлары шық­ты. Кезінде жеті жылдық бі­­ліммен Алматы қайдасың деп, хорео­графия училищесінен бір-ақ шыққаным бар. Кейіннен хор, домбыра үйретеді деп жүрген оқу орны би үйрететін болып шыққанда ұстазым Дүнгенбай Ботбаевқа «Мен қайда тап болдым?», дедім. Содан қабылдау уақыты өтіп кет­кеніне қарамастан, музыкалық училищеге ертіп барып, оқуға ілі­гуіме көмектесті. Комиссия мү­шесі Сокольский орындауымды тыңдап көргеннен кейін, кеш те болса оқуға қабылдады. Ол жылдары Панфилов паркі маңындағы ғимаратта білім аламыз. Бірде дом­бырамен «Нұржамалды» құй­қылжыта салып отырғанымда бөл­меге бейтаныс кісі кіріп келіп, «Өлең айтқан кім?» деп сұрады. Сұ­рауына жауабын естісімен «Көр­ші бөлмеге келіп менен сабақ ал» деп шығып кетті. Дүн­ген­бай ағадан сұрап білсек, атақты композитор, әнші ағамыз Ғарифолла Құрманғалиев екен. «Нұржамалды» орындағаным ұнап қалса керек. Ол кезде дауыс та зор, барыңды салып ән ай­тасың. Анам айтқан мысал өлең­дерді құлағыма барынша құ­йып өскен баламын. Әншілік на­ғашыларымнан дарыған мен бес жасымнан бастап ерлері соғыстан оралмаған отбасылардың көңілін аулап, әкеммен ере барып, бір мезгіл «Алпамыс», «Мұңлық-Зар­лық» «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», басқа да қисса-дас­тандарды жатқа айтатын едім. Күл­діретін жерде күлдіремін, жы­ла­татын кезде жылатып айтамын. Актерлікке деген қадамым осы кезде басталған болуы керек. Жалпы, отбасымыз ғана емес, Матай тауының баурайын мекен еткен ауылымыз дерлік өнерлі жандар болатын. Училищеде оқып жүргенімде әкем қайтыс болып, ауылға оралуыма тура келді.

– Өнерді қара жұмысқа айыр­бастағаныңызға өкіндіңіз бе? Ұс­тазыңыз Дүнгенбай Ботбаев өнерді тастамауға, кері қайтуға үгіттеген дегенді жиі естиміз.

– Шындығында да солай. Дүн­генбай аға артымнан қуып келіп, кері қайт дегенімен, менің ауылда қалмауға амалым қалмады. Ше­шем жалғыз, ал үлкен бауы­рым оқуда. Содан төрт айлық шо­пырлық курсты оқып алып, кө­ліктің руліне отырдым. Әкенің жиғаны балаға мал болмайды дегеннің жөні бар екен, үйдің тіршілігін қайта жөнге салдым. Ол кезде басшылықтың «Волгасын» жүргіземін. Ауылға бір кезде елу­ге келген кезі екен, Кәлпеде ту­ған Қанабек Байсейітов, Ермек Серкебаев, Абай Байтоғаев, билеп жүріп ән салатын Айымторы Тойғарина келе қалды. Осы кездесуде емен-жарқын әңгімелесудің сәті түспеді. Бірақ олар кеткеннен кейін жақындарымнан ажырап қалғандай күй кешіп, іштей қимай қоштастым. Ал ауыл тір­лігі әрі қарай жалғасып жатты. Кезінде әкем өзі жанашыр болған жандардың бірі, ұстазым Баяхмет Құсайынов бірде мені көріп: «Не істеп отырсың?», деді зілді дауыспен. «Карбюратор тазалап отыр­мын», дедім. «Көшеден кез келгенді әкелсең тазалайды. Се­нің жағдайың басқа, май-май болып отырғаның не?» деп намысыма тие сөйлеп, оның үстіне ауылға да сыймай барасың, деп қойып қалды. Қасқыр мінезді халық емеспіз бе, тау тағысының баласы алты айлығында өзін тексеріп көретіні сияқты, білектің күшін сынап көріп, ауылға атым шыға бастаған кез. Не де болса, осы әре­кетімді бетіме басып тұр-ау деп топшыладым. Осылайша Баях­мет ағаның жөн сілтеуімен Жаркенттегі музыкалық училище­ге оқуға түстім. 1962 жылы Мәс­кеуге барып «Он алты қызды» орын­дап, «Бас жүлдені» иеленіп қайттым. Бұл ұстаздарымнан алған білімнің алғашқы жемісіндей еді. Осы сапардан кейін мен есеп­ті концертімді беруге кірісіп жатқан кезімде киноның адамдары іздеп жүр дегенді естідім. Осы жолы өзін Сара Жорабаевамын деп таныстырған апайымыз ки­ноға түсуге шақырды. Содан «Қазақ­фильмге» ертіп келді. Қабылдауда Мәжит Бегалиннің өзі отыр екен. Сыртта шылым шегіп, бір-біріне дөрекі сөйлеп тұрған жастарды көріп көңілім құлазып кетті. Дереу киноға түсем деген райымнан қайтып, «Жаркент қайдасың?» деп кері қайтып кеттім. Жаркенттегі училищеге оқуға түсерде де, бі­лім алып жүргенімде де дирек­тор Нұрмақ Шегебаевтың, ке­йін­нен сол кісінің табыстауымен Әбілмәжін Кенжебековтің ша­пағатын көп көрдім. Мұнда жүргізуші болуымның да септігі ти­ді. Әскерден оралған Володя екеуміз аулада бұзылып тұрған «Захар» машинасын жөндеп алып, өзім құрған шығармашылық топ­пен бірге ауыл-ауылды аралап, кон­церт қойып, табыс тауып жүр­дік. Труба, кларнет сияқ­ты үр­мелі аспаптарды игеріп ал­ға­нымның да пайдасы болды. Тап­қан табысымызды жетек­ші­­мізге әкеп өткіземіз. Кейін оқу­­ды бітіргенімізде Әбілмәжін аға­­йымыз бірде-бір тиынына ти­местен, ұлдарға костюм, қыз­дар­ға көйлек алыңдар деп бөліп берді. Нұрмақ Шегебаев қайтыс бол­ғаннан кейін басшылыққа ерек­ше сұлу, сымбатты жан Кла­ра Жұмағұлова келді. Біздерге қам­қорлығы шексіз болды. Үйленуіме де қолғабысы тиді. Училище қабырғасында танысқан жұбайым Шолпанмен отасқаныма 56 жыл болды. Екі ұл, бір қыз өсіріп, бес немере, екі шөберенің қызығын көріп отырмын.

– Жаркент жері алдағы өмі­ріңізге серпін беріп, өнер соқ­па­ғына қайта түсірген екен. Сара апайыңыз бойыңыздан ак­тер­лікті дөп таныған болып шық­ты ғой. «Қилы кезең» филь­міне түсу барысында кадрдан тыс қызықты сәттердің көп бол­ға­нын, әрі эпизодтан бір­қа­тар кө­ріністің алынып қал­ға­ны туралы деректерді өзіңіз­ден естісек...

– Ол кезде пәтерде тұрамын. Үйлі болған кезім, кішкентай қы­зым бар. Тағы да киноның адамдары іздеп жатыр, деді. Өзім жат­тықтырып жүрген жігіттер ки­но­­ға түсуге барып, алаңда сөзге келісіп қалса керек, дереу мені шақыртыпты. Кино түсіріп жатқан алаңға келгенімде, алдымнан жар­­­қырап Сара апам шыға келді. «Қилы кезеңде» екінші режиссер екен. Ол кісі «Енді қайда барсаң да, сенен айырылмаймын», – деді. 1966 жылы Әбілхан ағамыздың туған жері Сарыбелде Құрманбек Жандарбеков туған күнін атап өтпек екен. Той болады деп Сара апамыз шақырды. Он екі қанат қазақ үйді тігіп тастаған. Төрде Құрманбек Жандарбеков, жанында Қанабек Байсейітов. Ол кезде тәртіп қатаң, үлкенді сыйлау, құрметтеуге қатты мән береміз. Содан Сара апам ауыл­дың алты ауызын тыңдап кө­рейік, деді. Домбырамен «Боз­жор­ғаға» бастым. Жамбастап жат­қан Құрманбек аға басын кө­теріп алып, маған тесіле қарап қалды. Тағы да екі үш өлең кетті құйқылжып. Содан Қанабек Бай­сейітов «Әй, Абдолла, мына бала жанып тұр екен, «эпизодқа адам іздеп жүр едің ғой, көрсеңші» де­ді. Ол кісі өзі де байқап отыр екен. Алла сәтін салам десе, оп-оңай екен ғой. Содан алғашқы ки­ном «Қилы кезеңге» эпизодқа түс­тім. Барымды салып ойнадым. Жұлқыласу сәтінде жеңімді жұ­лып алып, жұлқыласатын көрі­ніс болған. Бәрі қыран-топан күл­кіге қарық болды. Комедия болып кетеді деген себеппен алып тастаған кадр осы еді. Кейіннен Абдолла аға да, біз де өкіндік. Екі дубльден кейін Әлімғазы, Ыдырыс Ноғайбаев, Женя Попов, Әнуар Молдабеков қол соға қошеметтеді. Көркемдік кеңес мені фильмге бекітуін бір апта бойы күттік. Со­дан А.Қарсақбаевқа Камал аға мен А.Федулин кинодан кейін Алматыға әкеліңдер деп хат жолдапты. Үш айдан кейін Алматыға жету туралы жеделхат алдым. Кейіннен «Балалық шақққа саяхат» та осы Сарыбелде түсірілді.

– Театр мен дубляжға маман­дан­ғаныңыз, Қуыршақ театрында еңбек еткен жылдарыңыз жайлы айта бермейсіз. Ке­зін­де театрға Әзірбайжан Мәм­бе­товтің өзі шақырғанда Шәкен аға жібермей қойған деген де деректер сирек айтылады.

– Театрға мені 1970 жылы Әзір­байжан Мәмбетов шақырды. Театрға кеткелі жүр дегенді ес­тіп Шәкен аға өңі суық, қабағы қа­тыңқы күйде қабылдады. «Саған киностудияда не жетпей жүр, не­ге ренжіп жүрсің?», – деді. Мен ренжімедім деймін. «Онда не­ге кетейін деп жүрсің? Театрға бар­саң сотталасың. Сотталғаннан ке­йін біз саған нан тасып жүруіміз керек пе? Документтеріңді қайта­дан өткіз де, киностудияға кір», – деді. Ол кісі не болғанын, не жағдайда жүргеніңді біліп қоятын. Бетімдегі тыртықты көріп «Мына бет кімдікі?», – деді. «Өзімдікі!». «Өзіңнің түгің жоқ. Бәрі халықтікі. Ал халықтың дүниесіне қол сұ­ға­тын болсаң, мен сені аямаймын. Киностудиядан шығарып жіберемін», деді. Осылайша, мен кинода қалдым. Ал Қуыршақ теа­т­рына келуімнің тарихы бөлек. Театр, дубляж актері деген дипло­мым да бар. Жоғарыда айтып өттім ғой, киноға бекітілгенім жайлы жеделхатты алғаннан кейін үш ай күтіп, «Қазақфильмге» келдім. Келсем Камал аға да, А.Федулин де Мәскеуге кетіп қалған екен. Көк ­базарды аралап жүргенімде Қуыршық театрының жарнамасына көзім түсті. Лимонад ішіп, бәліш жеп әлденіп алған соң театрға келдім. Әбдірахман Әсімжанов басымнан аяғыма дейін сүзіп шықты да көңілге қонымсыздау, күнге тотыққан түріме қарап, жарайды өнеріңді көрсет, деді. Лимонадтан дауысым қарлығып қалған. Көңі­лінен шықпадым. Ішім күйіп, кері қайттым. Баратын жерім жоқ, ки­ностудияға кіре берістегі бөл­меде жатамын. Қандала талап, күйім болмады. Содан әкемнің көзі тірісінде жиі келетін күйеу баласы Қожыкенің үйін іздеп та­уып келдім. Байжұманның баласымын деп едім жездеміз де құшақ жая қарсы алып, Бәтес әпкеміз жылап көрісті. Жандары қалмай, тамақтандырып, моншаға апарды. Әлденіп алып, жақсы киім киініп, театрға өшім кеткен адамдай қайта келдім. Қабылдаймыз десе, «істемеймін» деп кері қайтып кетпек ойым бар. Актермін деп едім, мені танымай қалды. Осылайша театрға қабылданып, сол кездегі директоры Тұршабай аға қала тіркемесін жасап, пәтерақымды төлеуге тапсырма берді. Алатын жалақым – 170 рубль. Театрдың техникалық жағына қолғабыс етіп, шымылдықты өздігінен ашылып, жабылатын жасап қойдым. Театрға барымды салдым, Сағымбек Бей­шенов, Майра Омарбаева, Құралай Ешмұхамбетовамен бірге істедім. Осы кезде «Қазақ­фильмнен» іздес­тіре бастады, бірақ екі жылдай бар­май жүрдім. Ал 1968 жылы «Ба­лалық шаққа саяхат», «Қызыл тас­тағы застава» фильмдеріне бе­кітілдім. Сол кезде актерін пай­да­ланғаны үшін Қуыршақ театрына қомақты қара­жат төленеді екен. Соның арқа­сында театр төрт жыл­дың жоспарын орындапты.

– Жұдырықтасу тәсілін қай­дан меңгеріп жүрсіз? Спорт­шы болу да алға қойған мақса­тыңыздың бірі болды ма? Өнер­де пайдасы тимесе, зияны бол­маған болар?

– Намысшылмын. Нақақтан-на­қақ жалаға көнбеймін. Сал­да­рынан талай мықты рөлдер­ден де айырылдым. Бокс үйір­ме­сі­не Алматыда училищеде оқып жүр­генде боксшы, актер Әб­ді­ра­шит Әбдірахмановқа іле­се бар­ған едім. Спорт шебері, та­лай бокс­шының тәлімгері бол­ған Ста­нислав Болдыревтің қара­мағында жаттықтым. Кейіннен ауыл жастарын осы спорт түріне баулыдым.

– Кеңес киносының үлкен мектебінен өттіңіз. Ал бүгінгі ки­ноның бағыт-бағдарына қа­тыс­ты қандай ой түйесіз? Шә­кірт­теріңізге қандай талап қоя­сыз?

– Бүгінде аға буын мен кино­да­ғы жаңа толқынның арасы алыс­тап бара жатқандығына алаңдаймын. Қалай десек те, кеңестік актерлік мектептің деңгейі жоғары болды. Өнер академиясындағы шеберхана жұмысына қатысуға уақыт та бола бермейді. Бірақ жас буынға ұлттық киноның бас­­­тауында тұрған тұлғалардан үйрен­­генімізді беріп кету парызы­мыз. Ұлттық киномыздың тілі де, мәні де жоғалып бара ма деп алаң­даймын. Қазақты қорлайтын, ұрланған, жамау-жамау киноларды да көріп қаламыз. Осы орайда «Қазақтың тарихы, тілі қайда?» деген ойға қаламын. Киноға да жүрек керек, мінез керек. Ұлттық киноның тілін түсінетін, иісін сезінетін басшы мен қатаң тәртіп жетіспейді. Кезінде киноның бас­шылығында Е.Аманшаевтай іс­кер азаматтың тұсында «Қазақ­фильм­ді» бүкіл Еуропа таныды. С.Нарымбетов, С.Текеев, Р.Әб­­дірәшев, С.Құрманбеков, Б.Қа­лымбетов, Д.Манабаев, Б.Шә­рі­пов, т.б. мықты режиссер­лері­міз тұрғанда киноның құ­нын неге төмендетіп алдық? Сце­на­­­­рий тоғыз ай толғақтан ке­йін жарық көретін автордың төл туын­­­дысы екенін ұмытып кет­тік. Ал бүгінгі сценарийдің сал­ма­ғы редактордың иығына түсті. Мық­ты деген актерлеріміз се­риал­дар­ға түсіп жүр. Актер де бап­тауды қажет ететіні сияқты С.Ме­рекенов, А.Бектеміров, Б.Әбділманов, Е.Жол­­жақсынов, Р.Омар, Д.Ақ­мол­да, Қ.Қыстықбаев, Е. Нұрым­бет, Е.Дайыров, т.б. жарқырап шық­қан актерлерге лайықты сценарийлер жазылуы керек. Тәуелсіз Қазақ­станның актерлері алысқа емес, Қырғызстан нарығына шы­ғып жатса, кәнеки. Олардың «Құр­манжан датқа» фильмінің өзі неге тұрады? Бүгінгі жас­тар қа­зақтың нағыз киносын көр­ген жоқ. Кино – ұлттың төлқұ­жа­ты. Оны өз дәрежесіне көтеру үшін Абайдың, Әуезовтей тұлға­лардың шығармаларын ба­ла бақ­шадан оқыту уақыт күт­тір­мей­ді. Халқымыздың бай мұ­ра­сы – тілін ұрпақтың бойына сіңір­мейінше ұлттық киноның көсегесі көгермейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»