Саясат • 31 Шілде, 2020

Әлеуметтік медсақтандыру есебімен – 14,1 млрд

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда жалпы босанғандардың үштен екі бөлігінен астамына әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті есебінен 14,1 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік медсақтандыру есебімен – 14,1 млрд

Мәселен, бірінші жартыжылдықта босандыру ақысына 19 млрд 244 млн теңге төленді. Бұл соманың 70%-дан астамы МӘМС пакетінің қаражаты, ал 26%-ы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен төленді. Бірінші жартыжылдықта еліміздегі медициналық ұйымдарда ТМККК пен МӘМС аясында 185 мың әйел босанды, оның 34 мыңы ауыр жағдайда босанды.

Медициналық ұйымдардағы босану құны босанудың ауырлығына және қосымша ауруларға байланысты 85-100 мың теңгеге дейін бағаланады. Жедел көмек көрсетілсе тариф қосымша аурулардың ауырлығына байланыс­ты 153-тен 230 мың теңгеге дейін же­теді. Сондай-ақ босануы қиын болған аналарға жасалған операцияның ақысын да Қор төлейді, мұндай жағдайда бір науқастың емінің құны 579 мың теңге болады. Дені сау туған нәрестеге арнал­ған медициналық көмек босандыру шы­ғыстарына кіреді.

Егер балаға қосымша медициналық көмек қажет болса, ол да тегін көрсетіледі, өйткені 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан қорғалады және мемлекет жарнасын төлейтін 15 жеңілдік санатына кіреді. Жеңілдік жасалған санаттарға жүкті әйелдер, 3 жасқа толмаған балаларды күтетін декреттік демалыстағы әйелдер кіреді.

1 тамыздан бастап Қазақстанда жос­парлы медициналық көмек көрсету қайта басталады. Бірінші кезекте КВИ-мен күрес жөніндегі іс-шараларға тар­тыл­маған стационарларды кезең-кезеңі­мен қоса отырып, республикалық деңгей­дегі мамандандырылған клиника­ларға жоспарлы емдеуге жатқызу қалпына келтіріледі. Сонымен қатар карантин кезінде медициналық ұйымдардың бір бөлігі онкологиялық аурулармен ауы­ратын науқастарға, гемодиализдегі пациент­терге, сондай-ақ босанған әйел­дерге шұғыл және жедел көмек көрсете отырып, штаттық режімде жұмысын жал­ғастырды.

Медициналық сақтандыру қоры сақ­тандырылу мәртебесін анықтау, ме­ди­циналық ұйымдардағы көмек көрсетуден бас тартқандарға қатысты  сұрақтар туған жағдайда, пациенттер 1406 байланыс орталығына шағымданып, сондай-ақ Qoldau24\7 мобильді қосымшасында өтініш, ұсыныс қалдыра алады.