Аймақтар • 01 Тамыз, 2020

Құрбан айтта елордалық медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ таратылды

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Акция аясында 31 шілде мен 2 тамыз аралығында медицина қызметкерлеріне барлық санитария нормалары мен ережелерді сақтай отырып, 8100 ыстық тамақ тарату жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Құрбан айтта елордалық медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ таратылды

Тегін тамақпен күн сайын 2700-ден астам қызметкер жұмыс жасайтын 12 стационар қамтылады. Іс-шара кезінде қатысушылар мен еріктілер қажетті қорғаныс құралдарымен (маска, қолғап, антисептиктер) қамтамасыз етіліп, қашықтық пен карантин тәртібін сақтау туралы нұсқаулармен танысады.

"Құрбан айт мерекесіне орай біз, Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері ақ халатты абзал жандарға ыстық тамақ таратудамыз. Акция 31 шілдеден бастап 2 тамызға дейін жалғасады. Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласының 12 стационарына ыстық тамақ таратылатын болады", – деді Нұр-Сұлтан қаласының "Астана жастары" КММ маманы, волонтер Бақтияр Есентаев. Тамақтың сапасын мамандар қадағалауда.

"Бүгін Құрбан айт мерекесі қарсаңында медицина қызметкерлеріне тегін тамақ ұйымдастырылып жатыр. Осыған орай басқарма Ұлттық сараптама орталығымен бірге тамақтың сапасына зерттеу жүргізді. Барлығы санитария нормаларына сай келеді. Сондай-ақ алдын ала келіп санитария нормаларының сақталуына тексеріс жүргізілді", – деді қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Дамира Нұран.

Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қабылдау-диагностика бөлімінің дәрігері Айдана Курак әріптестерінің атынан еріктілерге алғыс білдірді.

"Құрбан айт қарсаңында бізді елеп-ескеріп, келіп құттықтап жатқанына көп рахмет. Осы қиын кезеңнен аман өтіп, қалыпты өмірге тезірек оралуды тілеймін", – деді А.Курак.

Ауқымды акцияға "Нұр-Астана" мешіті, қалалық дін істері басқармасы, "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" ЖҚ республикалық штабы, "Гауһартас" мейрамханасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, еріктілер ұйымдары, Сарыарқа ауданы әкімдігі, "Аль Баракат" компаниясы және игі істерден шетте қалмайтын мейірімді адамдар қолдау көрсетті.