Қоғам • 03 Тамыз, 2020

Той тойға ұласа ма?

813 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тойдың нағыз қызатын науқанында асабалар қауымы арқандаулы. Себеп түсінікті. Елдегі карантин еркіндіктен айырып, торқалы той түгілі, топырақты өлімге де баруды тоқтатты. Наурыздан бері нәпақасыз қалғандардың қатарында елдің қызықшылығына қызмет ететін асабалар да бар. Үш ай үйден шықпай жатқан той тізгіншілері немен айналысып жатыр, тойға мораторий жариялауға олар қалай қарайды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.

Той тойға ұласа ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір «Тойың той­ға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей тех­ноло­гияның заманында той-тома­лақ­тың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүм­кін­дік беру керек деп талап қояды. Мем­лекеттің өзі өлермендікпен өмір сүре­тін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген болатын.

Иә, Президенттің парасатты пайымы – бейнетті сәт туғанда би билеуді, шашу шашуды шамалы тоқтата тұр дегені. Қолыңнан келсе, қоғамның қолтығынан деме, ғылыммен айналыс, ғылыми жаңалығың жұртқа пайда әкелсін. Осы ретте айтыскер ақын, айтулы асаба Болатбек Оразбаевтың ойын білген едік.

«Тойға мораторий жариялау керек» деушілерге айтарым, елдің қуа­ны­шымен емес, қайғысымен кү­ре­су керек. «5 жыл тойды тоқтатсақ, елдің жағдайы жақсарар еді» дейді бір кісі. Меніңше, мәселе жекелеген адамдардың отбасылық тойында емес. Оған шектеу қоюдың да шекарасы бол­уы керек. Мысалы, әлдекім жалғыз ұлының қуанышын бөліскісі келеді. Тағы бірі әкесі немесе анасы қарттық жасына жеткенде, құда-жекжатпен қауқылдасып қалса дейді. Енді бірінің әйелі шекесі торсықтай ұл табады.Тағысын тағы... Оны қалай атап өтпейді? Ал тойға қойылатын шектеу дұрыс. Мәселен, тойға шақырылатын қонақ­тардың саны аз болса, ас мәзі­ріне адам басына аспандағы баға­ны сұрайтын мейрамханалардың құл­қы­ны төмендесе, кортежге, тағы басқа қажетсіз шығындарға тыйым са­­лынса, асабалар мен әншілердің, одан бөлек қызмет көрсетушілер мен өнерпаздардың да еңбекақысына өлшем қойылуы ретке келсе, той жасау деген аса шығынды дүние болмас еді деп ойлаймын.

Ең бастысы, қарапайым халықтың тойы емес, мемлекеттік деңгейде тойланатын тойлар мен сапасыз жиындарға мораторий жариялау керек. Мерейтойлық жиындарға да ақша шашып, ескерткіш тұрғызғанша, мектептер мен мәдениет ошақтарын, зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар ашып, жұмыспен қамту қалыпқа келсе, халық та өкіметке қол жаймай-ақ жанын бағар еді. Қазір біз Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы деп жатырмыз ғой. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Абай Құнанбайұлы балуан болғанын білесіздер. Соған орай Абай атына Спорт мектебін, күрес мектебін ашса, бүгінгі ұрпақ хакімді басқа қырынан таныр ма еді. Сол сияқты «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиге университеттен бөлек оның атына обсерватория ашса, қандай жарасымды болар еді деп ойлаймын. Себебі бабамыз математиканы да, музыканы да, философияны да терең меңгерген ғалым ғой. Ал тойшыл қазақтың жеке қуанышына қол сұғу – адам құқығын шектейді. Тойды шектеу керек деп жүрген дөкейлердің түстік асына біздің той жасайтын ақшамыз жетпейтін шығар. Қазіргі кезде торқалы той мен топырақты өлімде ғана басы қосылып жүрген қазақтың қуанышта жүздескені қандай жақсы. Халықтың жағдайы тойдың май жілігін жегендерді емес, елдің байлығын жегендерді тоқтатқанда жақсаратынын ұмытпау қажет. «Той болмасын» дегендердің ниетіне берсін! Тойда жолығайық, ағайын», дейді Б.Оразбаев.

Оразалы Досбосыновтың орнын басар озат шәкірттерінің бірі – Болат­бектің болмыс-бітімі қазақы той­дың қазынасы сарқылмаса дейді. Той төңірегінде он бес жыл жүрген Ораз­баев­тың салт-дәстүрді саралайтын, әдет-ғұрыпты әспеттейтін, ең бастысы қазақы тойдың бүгінгі бет-бейнесі мен келер келешегіне керекті кеңес, өзекті пікір айтатын «Той мен ой» деген кітабы жарық көрген.

«Президентіміздің сөзін толықтай қолдаймын. Білім, ғылым, өнеркәсіп, технология, заманауи даму дегендерді қарқынды түрде қолға алу қажет. Әйтпесе заман көшінен қалатынымыз айтпаса да түсінікті. Тек менің қо­са­рым, оның бәрін тек тойды тоқ­та­ту арқылы жүзеге асыруға болады деп түсінуге болмайды.

Рас, қазіргі дерт дендеп тұрған кезде тойды қысқарта тұрған дұрыс. Бірақ жағдай қалыпқа келген кезде де біржола тоқтатып, тыйым салу қазақы туы­с­тықтың, отбасылық құнды­лық­тың беріктігіне сызат түсіруі бек мүмкін. Алайда қазақ тойына түбе­гей­лі өзгеріс қажет. Менің кітабым да Президентіміздің ойымен астарлас. Қазақ тойы қалай болған және қалай болуы керек? Тойдың өзін идеология ретінде қалай пайдалануға болады? Асаба, әншілердің қандай нәрселерге жол бермегені жөн? Қазақ салт-дәстүрлерінің сыры неде? Осы секілді сұрақтарға жауап береді, дейді автор.

Сөздің шыны керек, қазір қазақ той жасаймын десе, ас-суынан соң асабаға алаңдайды. Біреуінің бөзі жақсы, сөзі жаман. Біреуінің түрі бар, тілі жоқ. Енді бірінің ерсі әңгімесі көп. Бірі тым салмақты, бірі тым әзілкеш. Бағалы сөз, байыпты әңгіме айтатындарды алайын десе, бағасы қымбат. Көгілдір экраннан көрініп жүрген, түр-тұлғасы таныстарға тапсырыс берейін десе, қаржысынан бөлек, бос күнін табу қиын. Қазір ғаламторда болсын, әлеуметтік желіде болсын Әлібекті танымайтын әлеумет кемде-кем. Аса дарынды асабалығының арқасында ол бармаған Отанымыздың нүктесі аз. Арқа мен Алатауды, Жетісу мен Жетісайды, Орталық пен Оңтүстікті шарлап жүрген Әлібек қазіргі карантин кезеңі кәсіби асабалар түгілі, кәсіпкерлерге де қиын соғып тұрғанын жасырмады. Нақтырақ айтсақ, мейрамхана иелерінің де табысы тұралап тұр, дейді ол.

«Наурыздан бастап тойлар толық тоқтады. Асабалықтан бөлек, менің жеке мейрамханам бар. Ол жерде әкімшілік, аспазшы, даяшы, күзетші, тазалықшы – бәрін қосқанда жалпы саны 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Барлығы бір сәтте жұмыссыз қалды. Кейбірі базарда сатушы болып кетті. Әр мейрамхана біз секілді 40-50 қызметкерін босатқанда адамдарға шынымен қиын. Себебі даяшы қыздар айына 60-70 мың теңге табыс табатын. Көп жастар тойға шығып нәпақа табатын. Қазір көшеде бос сенделіп жүр. Жұмысқа кірейін десе, ол жоқ. Індет басталмай тұрып аптасына бірнеше тойға шығып жүретінбіз. Қазір бәрі тоқтады. Енді басқа кәсіптің ретін қарастыру үстіндемін. Әлеуметтік желілерден тойды тоқтату керек деген әртүрлі әңгімелерді оқып қалдым. Тойды тоқтат дегенше арақ сатуды тоқтат деп неге айтпайды? Арақпен өтетін тойды тоқтат деп неге айтпайды? Тойды тоқтату керек деп жазатындардың негізгі ойы – тойшыл қауым есіріп кетті деп жатады. Адамдар тойдан есірмейді, арақтан есіреді. Тойда ішіп алған адамдардың видеосы әлеуметтік желіге салынғаннан кейін бүкіл елге тарайды. Сол себепті ең бірінші арақ­пен өтетін тойды азайту керек, дейді Әлібек Серғалиев.

Жақында тойға бес жыл мораторий жариялау керек деген мәселе туындағанда әнші, педагог Рамазан Стамғазиевтің мынадай пікірін көзіміз шалып қалды.

«Дәл қазір коронавирус өршіп тұрған, ел қорқып жүрген кезде ауруды таратпау үшін уақытша тыйым салу орынды. Бұл тек елдегі эпидемиялық жағдайда. Бұл ұсыныстың екінші ұшы да бар. Қазақ кішкентай ғана қуанышын бүкіл елмен бөліскенді құп көреді. 500-1000 адам шақырмаса да, 20-30 адаммен тойлай береді. Үйіне он адам, жиырма адам шақырса да, отбасының кіші қуанышын атап өткені дұрыс. Тойға тыйым салмау керек. Мен қазір педагогпын, жұмысым бар. Консерватория, академия, колледжде жұмыс істеймін. Негізгі табысым – сол. Ал енді той-томалақпен жанын бағып, күнделікті тіршілігін істеп жүрген әншілерге бұл қиын. Олардың одан басқа табысы жоқ қой. Көбі ғылыммен айналыспайды, педагог емес. Жеке концертімен, той-томалақпен жанын бағып жүр», дейді Р.Стамғазиев.

Иә, карантин елдің еңсесін басып, әлеуметтік әл-ауқатына да әсер етпей қоймады. Той бизнесін тұрақты жұмысына айналдырған той ұйымдастыру агенттіктерінің де табысы тоқтап тұр. Осы ретте «Toilike-event-agency» ұйымдастыру орталығының директоры Жасұлан Қадырбековпен сөйлескен едік.

«Біздің күнделікті әрі негізі табыс көзіміз болғандықтан, тойдың тоқтап қалғаны әрине, қиын. Оның үстіне біздің орталықта өнерпаздардың бірнеше құрамы біріктірілген. Олар­дың ішінде асабалар, әншілер, безендірушілер, ұйымдастырушылар, фото-видеомен айналысатын азаматтар бар. Жалпы алғанда агенттік той иесінің сұранысын толығымен қамтамасыз ете алады. Жасыратыны жоқ, қазіргі карантин уақытында аталған өнерпаздар жұмыссыз, табыссыз қалды. Біз әріптестік орнатып, той бизнесінде қоян-қолтық жұмыс істегендердің көбісі сол кездің өзінде өздерінің жеке кәсіптерін ашып алған болатын. Негізгі бағыты той саласына қатысты болғандықтан, бүгінгі таңда басым көпшілігінің бизнесі тұралап тұр. Асабалар, әншілер әлі күнге хабарласып той сұрап жатады. Бұл әлемдік деңгейдегі ахуал болғандықтан, біздің қолдан келе­тін ештеңе жоқ. Бір қызығы, кезінде баға­сына қол жетпейтін өнер­паз­да­рымыз осы күндері арзан ақшаға да шыға береміз деп айтып жатыр», дейді ол.

Бейнетті күннің беті қайтып, бет ашылар, шашу шашылар шаққа да жетерміз. Себебі қазақ бұдан да жа­ман күнде тойға барған, бара да береді. Тек ендігі тойларда сақтық пен саулықты саралап, ысырап пен ықыласымызды түзеп, қанағат пен қаражатты есептей алсақ болғаны. Өмір болған соң ақ пен қараның, бақ пен наланың, қайғы мен қуаныштың қатар салтанат құратыны айдан анық. Қиын-қыстау заманда қиылып кетпей, азаттықтың таңына аман жеткен елімізді қайырлы күндер қарсы алса дейміз. Сөзіміздің тобықтай түйіні – қазақтың тойы бітпесін!