Әлем • 03 Тамыз, 2020

Пандемия патшалық құрған планета

229 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемия патшалық құрғалы жер-жерде тәртіп талаптары күшейіп жатыр.

Пандемия патшалық құрған планета

Бельгия корольдігінің азаматтары үшін 25 шілдеден бастап бетті тұмшалау міндеттелді. Тұрғындар бетпердені қоғамдық орындарда, 1,5 метрлік ара қа­шықтықты сақтау мүмкіндігі жоқ жер­лер­дің барлығында тағып жүруі тиіс. Сонымен қатар дүкендерді сағат 22.00-де жабу міндеттелді. Осыған дейін түнгі 1-ге дейін жабылмайтын орындар бағынуға мәжбүр, әйтпесе айыппұл төлеу қарастырылған.

* * *

Ал Малайзия үкіметі барлық азаматтарға бірдей тұмша тағу вирустан сақтанудың тиімді жолы деп, оны бұзғандарды түрмеге отырғызбақ. Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Хишам Абдул­ланың «Тұрғындардың бәріне тұмша тағу мін­деттеледі. Әсіресе халық көп жүретін орындарда тақ­пай жүру 235 доллар айып төлеуге немесе түр­ме­ге отыруға алып келеді», деген сөзін The Straits Times жазады.

* * *

Канада жұртына да COVID-19 біраз салмақ салды. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, 116,5 мың ауру жұқтыру тіркелген.

SARS-CoV-2 Канаданың барлық штатына жайылып, 8941 адамның тіршілік тынысын тоқтатқан. Әсіресе Квебек, Онтарио штаттары ауру қиындығын айқын сезініп жатқан көрінеді. Мәселен, Квебекте 59 458 адам КВИ жұқтырса, Онтариода 39 333 азамат ауруға шалдық­қан.

* * *

Латын Америкасы мемлекеттерін COVID-19-дың шарпыған жалыны басылар емес. Аргентина, Бразилия, Колумбия тұрғын­да­ры ауру зардабын айтарлықтай тартуда.

Аргентинада соңғы тәулікте 53 адам дүние салып, ал пандемия басталғаннан бері 5241 адам құрбан болған. Азамат­тар­ды аман сақтау жолында Арген­тина үкіметі шектеу шараларын тамыздың 16-сына дейін ұзартып отыр. Оның ішін­де көп мөлшерде айып төлеу қарас­ты­рыл­ға­нымен, вирус жұқтыру бәсеңдер емес.

Бразилия денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметіне қарағанда, індет тараға­лы елде ауру жұқтырғандардың саны 2 707 877 адамға жеткен. Оның 1 865 729-ы жазылып шыққанымен, соңғы бір күн ішінде 1088 науқас өмірмен қош айтысыпты.

Колумбия пандемия патшалық құр­ғалы 10 330 азаматынан айрылған. Кешегі күннің өзінде 225 пациент SARS-CoV-2 салған құрсаудан шыға алмағанын хабарлаған Колумбия денсаулық сақтау министрлігі елде 1,6 млн адамның вирус­қа қарсы тест тапсырғанын жеткізді.

* * *

Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон COVID-19-ға қатысты шектеулердің әзір­­ге алынбайтынын қынжыла отырып жет­кіз­ді, деп хабарлайды Reuters.

«Тамыздың басында шектеулерді алып тастаймыз деп жоспарлағанымызбен, жағдайға байланысты оны қалдыруды ұйғардық. Бұл көптеген адам үшін ауыр соққы екенін білеміз, бірақ амандық бәрінен қымбат. Сондықтан ондай тәуекелге бара алмадық», дейді Борис Джонсон.

Осылайша, тұманды Альбионда 1 тамыздан бастап көпшілік көңіл көтеретін орындар ашылады. Театрларда спектакльдер қойылып, әртістер кө­рер­­мен­мен қауышып, 30 адам жиналуға рұқсат бере­тін түрлі қабылдаулар мен үйлену тойлары өткізіліп, боулинг клубтары мен казинолар ашылады деп алақандарын ысқылап күтіп отырғандардың үміттеріне су сепкендей. Үкімет басшысының айтуынша, шектеулер екі аптадан кем болмайды және тамыздың 8-інен бастап тұмша тағып жүру режімі күшейтіледі.

* * *

Африканың ОАР, Нигерия, Гана, Алжир, Кения, Камерун, Кот-д'Ивуар, Эфиопия мем­ле­кет­теріне де COVID-19 індеті ауыр тиді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қара құрлықтағы жағдайға алаңдап отыр. ДДҰ-ның Африкадағы өкілдігі кешегі күні 908 344 адамның ауру жұқтырып, пандемиядан 19 308 жанның о дүниелік болғанын айтты. Ал тамыз айының алғашқы күні SARS-CoV-2 шырмауына 910 395 африкалық ілініп, 19 331 адамның көз жұмғанын «Africa CDC» хабарлады.

* * *

Жапондық «Kyodo агенттігінің» хабарлауынша, соңғы күндері Жапон аралдарында вирус жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелуде.

Мәселен, 30 шілде күні 1305 жапондық вирус жұқтырса, 31 шілдеде SARS-Cov-2 1578 адамнан анықталған. Ал пандемия басталғалы ел көлемінде 37 мың адам оның тырнағына ілінген екен. Бұл статистикаға «Diamond Princess» лайнерінде вирус жұқтырып, Жапонияға келген туристердің де енгенін айта кеткен жөн.

* * *

Роберт Кох атындағы Берлин инс­­титуты өткен тәулікте 955 адамның вирус жұқтырғанын жа­за­ды.

Германия жұрты да SARS-CoV-2 індетімен күреске мән беріп отыр. Германия сыртқы істер министрлігі азаматтарына Испанияның Каталония, Наварра және Арагон аймақтарына туристік сапарға бармауға кеңес берді. 31 шілдедегі мәліметке қарағанда, Германия бойынша вирус жұқтырғандар саны 209 653 болып, 7 пациент көз жұмған. Ал пандемия басталғалы 9148 адам өмірмен қош айтысқан.

* * *

Нью-Йорктегі Колумбия универ­сите­тінің ға­лым­дары антиденеден жа­салған коктейль шығар­ғандарын айтты.

COVID-19-ды тиімді жояды деген бұл коктейльді әзірге жануарларда сынап көрген ғалымдар, қазан айында клиникалық тәжірибелерді адамдар арасында жүргізгілері келетінін мәлімдеді. Зерттеушілер препараттың вакцинаны алмастыра алуымен қатар, оның емге де пайдалануға болатын әмбебап коктейль екенін жеткізді.

Сондай-ақ АҚШ билігі COVID-19-бен күресте вакцина шығарып, оны жеткізіп беретін «Pfizer» компаниясына 1, 95 млрд доллар төлеуге дайын екенін айтты. Әзірге вакцина клиникалық тесті­леу­ден өтуде.

 

Топтаманы дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20