Саясат • Бүгін, 10:05

Өңірлер қауіпсіздігі Алматыда талқыланды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ – Таяу Шығыс үштаға­нын­дағы қауіпсіздік, геосаясат және түркі интеграциясы». Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция осын­дай тақырып аясында ұйымдас­тырылды. Екі күнге созылған жиынға Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Ресей және Ұлыбританиядан келген ғалымдар, сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері қатысты.

Өңірлер қауіпсіздігі Алматыда талқыланды

Халықаралық басқосу қазіргі гео­саяси ахуалдағы Еуразия кеңістігінің маңы­зын, өңіраралық қауіпсіздік мәселеле­рін, түркі интеграциясы­ның даму бағытын, сондай-ақ көлік-логистика дәлізде­рінің стратегиялық рөлін талқылауға арналды.

Ғылыми жиынды Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынас­тар және әлемдік экономика кафедрасы, Аймақтық қатынастарды талдау орта­лығы және Халықаралық ғылымды дамыту орталығы ұйымдастырды. Кон­ференция PhD, доцент міндетін атқарушы Әділбек Ермекбаев жетек­шілік ететін «Қазақстанның ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету кон­тексінде Халықаралық Транскаспий бағытын іске асырудағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» және «Түркі интеграция­сын тереңдету: Қа­зақ­стан үшін перс­пективалар, гео­саяси тәуекелдер мен қауіптер» ғылыми жобалары аясында жүзеге асырылды.

Конференция барысында Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс кеңістігіндегі қауіпсіздік архитектурасы, геосаяси өзгерістер, өңірлік интеграция, энергетика, көші-қон, су ресурстары, көлік дәліздері және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сарапшылар аталған өңірлердің бір-бірімен барған сайын тығыз байланысып келе жатқанын, сондықтан олардың біріндегі саяси немесе экономикалық өзгеріс тұтас Еуразия кеңістігіне әсер ететінін айтты.

Панельдік сессияларда өңірлік және өңірден тыс акторлардың сыртқы сая­си басымдықтары, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың көршілес аймақтарға ықпалы, Түркия саясатының өзгеруі, Үндістанның стратегиялық мүдделері және Қазақстанның Таяу Шығыс елде­рімен қарым-қатынасындағы көп­век­торлы ұстанымы қарастырылды. Қауіп­сіздік тақырыбына арналған сес­сияда Пәкістан, Ауғанстан және Орталық Азия тоғысындағы транс­ұлттық қатерлер, терроризм, дәстүрлі емес қауіптер, су факторы, көші-қон үдерістері және аймақ­тық тұрақтылық мәселелері талқы­ланды. Сонымен қатар Шанхай ынты­мақтастық ұйымының қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен жасанды интеллектінің жұмсақ күш құралы ретіндегі әлеуеті сөз болды.

Түркі интеграциясына арналған отырыста сарапшылар түркі әлемі­нің қазіргі даму бағытын, түркі аймақ­шыл­дығының келешегін, мәдени және білім беру қауіпсіздігін, сондай-ақ Түр­кі мемлекеттері ұйымының саяси, гуманитарлық және сарапшылық бай­ланыстарды нығайтудағы орнын тал­қылады. Қазақстан, Әзербайжан және Түр­кияның стратегиялық ұстаным­­дары мен жа­һандық тұрақсыздық жағда­йын­дағы ықтимал тәуекелдер де назарға алынды.

Конференция қорытындысында қатысушылар Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс елдері арасын­дағы ғылыми және сарапшылық ынты­мақтастықты кеңейту қажет екенін атап өтті. Бірлескен зерттеулер жүргізу, университетаралық байланыстарды дамыту және өңірлік қауіпсіздік пен интеграциялық үдерістер бойын­ша тұрақты академиялық диалог қалып­тастыру маңызды бағыт ретінде айқын­далды.

Соңғы жаңалықтар

«Ордабасы» орда бұзды

Футбол • Бүгін, 09:55