Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен елімізде бірінші болып қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының ақпараттық орталықта есебі тыңдала басталды. Онда индустрияландыру картасы, өңірдегі экономиканы сауықтыру, жол, көпір, көшелерді абаттандыру мәселелері сөз болды. Ақпарат құралдары өкілдері алдында бірінші болып Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов есеп берді.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен елімізде бірінші болып қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының ақпараттық орталықта есебі тыңдала басталды. Онда индустрияландыру картасы, өңірдегі экономиканы сауықтыру, жол, көпір, көшелерді абаттандыру мәселелері сөз болды. Ақпарат құралдары өкілдері алдында бірінші болып Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов есеп берді.
Аумақ тұрғындары шалғайдағы аудандар мен қалаларда не тындырылып жатқанынан жеткілікті хабардар емес. Олардың жұмыстары мен кемшіліктерін баспасөз бен телеарналардан көрсетудің маңызы зор, дейді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Алдымен қаланың кешегісі мен бүгінгісі, кәсіпорындар мен мекемелердің тыныс-тіршілігі жайлы фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Сосын қала әкімі атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен айтып берді.
– Өскемен – ірі металлургиялық орталық. Мұнда отыздан астам кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 407 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды. Инвестициялық белсенділік өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайыз өсті. Еліміздің индустрияландыру картасына енген «Азия-Авто» зауытында 12 мың адам еңбек ететін толық циклды зауыттың құрылысы қарқын алды. Жалпы құны 264,5 миллиард теңгенің 15 ірі жобасы республикалық индустриялық серпінді жобаға енді. Олардың қатарында күннен қуат алатын фотоэлектр табақшалары, үй құрылысы комбинаты, қағаз комбинаты бар. Жыл басынан бері 31 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тамыз айында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 11 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша 450 пәтерлі 6 көпқабатты несиелік тұрғын үй, «Жас отбасы» бағдарламасымен 120 пәтерлі екі тұрғын үй берілмек. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 55 пәтерлі шағын отбасылық жатақхана құрылысын аяқтау көзделінді.
Қала әкімі Темірбек Жұмақұлұлы бұдан кейін өзендер өрнектеген Өскеменде көпірлердің аз екенін тілге тиек етті. Келер жылы өңір басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен қарт Ертістің бойында бір көпірдің құрылысы басталатын түрі бар. 1 қарашада Үлбі өзенінде тағы бір көпір тапсырылмақ. Көшелерді жарықтандыруда кемшіліктер бар, оны түзеу міндетіміз, деді қала басшысы. Экологияны сауықтыруда да бағдарлы жұмыстар жүргізілуде. Азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалаудамыз. Жақында көшедегі жайма базарларды жауып, арнайы орындарда сауда жасауға жағдай жасадық. Ертістің сол жағалауы «ақылды қалаға» айналмақ. Инновациялық жобаның авторлары жастар «ақылды қалада» демалып, көңіл көтеретін орындарды салып, түрлі қызмет көрсететін мекемелер топтастырылмақ.
Журналистер қала әкіміне сауалдарды қарша боратты. Экология, көше тазалығы, тіпті қала әкімінің кезекті еңбек демалысы кезінде жүргізушісінің рұқсатсыз көлікті алып кетіп, жол апатына ұшырағаны жайлы да сауалдар қойылды. Т.Қасымжановтың айтуынша, жүргізуші кінәсі үшін жауап бермек, қазір арнайы орындар тергеу амалдарын жүргізуде. Ал проблемалар мен кемшіліктерді қала тұрғындарымен бірлесіп шешу қажет екенін да назарға салды. Ашық әңгіме журналистердің көңілінен шықты. Апта сайын мұндай кездесулер жалғаса бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.