Оқиға • 03 Тамыз, 2020

Жырақта өткен жиырма жыл

1253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәжікстан Республикасының азаматы Бобораджаб Джавлиев туған жеріне, отбасына оралмағанына жиырма жыл болыпты. Сонау 2000 жылы табыс табу үшін Ресейге барған сапарынан әлі орала алмай жүр. Бірде Мәсекеуде, енді бірде Тулада құрылыс жұмыстарымен айналысыпты. Ал былтыр көшеде жүрген оған атыраулық Леонтий Демяшев кездесіпті. Бірақ Тәжік­стан азаматы Атырауға қашан, қа­лай келгенін есіне түсіре алмады.

Жырақта өткен жиырма жыл

– Табыс тауып, еліме орала­мын деп ойладым. Құжат­тарымды жоғалтып алдым. Көмек сұрайтын таныстарым да жоқ. Соққыға жығылғаннан болу керек, көп нәрсені ұмытып қаламын, – дейді тәжікстандық Бобораджаб Джавлиев.

Өзге елде құжатсыз, жиыр­ма жыл бойы отбасынан жырақта жүру кімге оңай дейсіз? Сол себеп­тен, Леонтий Демя­­шев оны саяжайында паналатып, күн­делікті азық-түлікпен қамтыды. Ме­дицина саласында жұмыс істейтін туыс­тары арқылы миг­ранттың денсаулығын түзеуіне, Тәжікстандағы отбасын табуына көмектесті. Қазір мигранттың ағасы табылып, екеуі бір-бірімен телефон арқылы сөйлесіпті. Ал Душанбеде тұратын отбасы мен туыстары оны жиырма жылдан бері сарғая күтіп отыр.

– Менің мақсатым – құжат­тарын реттеп, отбасымен қауышуына көмектесу. Бірнеше айдан бері мен де, отбасым да оған бауыр басып қалдық. Бірақ оның да  отбасы, туыс­тары бар ғой. Мен соларды тауып беруге әуеде еткен едім. Ал оның отбасы мен аға­­йын-туысының жылуын сезінбегеніне жиыр­ма жыл өтті, – дейді Леонтий Демяшев.

Бобораджаб Джавлиевтың құжаттарын реттеуге бір айдай уақыт қажет. Қазір ол арнайы орталықта тұрып жатыр. 

 

АТЫРАУ