10 Сәуір, 2010

МЫҢНАН ТҰЛПАРЛАР ҚАТАРЫНДА АТАЛДЫ

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Отандық жоғары білім беру саласын сынамайтын адам жоқ. Әсіресе, сары басылымдар оның кемістік жағын көп айтады. Бірақ осы саладағы біздің қол жеткен жетістігіміз аз емес. Жуырда, халықаралық “Таймс кейз едюкейшн” агенттігі әлемдегі 500 үздік университетті атады. Бұл нәтижеге агенттік екі жыл бойы әлемнің 15 мыңнан артық универ­ситеттерін зерттеп, сарапшы­лардың, жұмыс беру­шілердің пікірлері мен ұсыныс­тарын саралап, салмақтағаннан кейін қол жеткізген.  Әрине, 15 мыңның ішінен үздік деп танылған 500-дің қатарына ілігу де оңай емес, дегенмен, Орталық Азиядағы посткеңестік респуб­ликалар университеттерінің арасынан оның қатарына біздің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кіріпті. Осының өзі отандық білім беру жүйесінің басқалардан кем емес екендігін көрсетпей ме? Бұл жаңалыққа өз басым қатты қуандым. Шынымды айтсам, мен бұл фактіге алғашында сене қой­май, университет басшылығына хабарласып, оның анық-қаны­ғын қосымша анықтадым. Сөйтсе... үздіктер қатарына ТМД-дан бес-ақ университет іліккен екен. Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ежелгі университеттерінен басқа оның қатарына Новосібір мен Том қалаларының университеттері қосылыпты. Бесіншісі – біздің университет... Осыған орай мен мынаны айтқым келеді, егер біздің Білім және ғылым министрлігі халық­аралық рейтингке сай болатын сараптар жүргізуді өздері қолға алып, оқу-білім процесін қада­ғалап отырса, біздің жоо-лар­дың жетістігі бұдан да жоғары болар еді. Ол үшін, әрине, қо­сым­ша қаражат бөлуге тура келеді. Ал қазір біздің жоғары білім саласына  бөліп отырған қара­жатымыз жоғары талапқа сай деп айта алмайсың. Мәселен, біздің Еуразия ұлттық универ­ситетінің жылдық бюджеті Санкт-Петер­бург универ­сите­тінен жеті есе аз көрінеді. Мұн­дай жағдайда үлкен нәтиже талап етудің өзі артық. Соның өзінде біздің білім беру сала­мыз­дың жетістігі әлгіндей бо­лып отыр. Ал егер рейтингті көте­ру бағытында шаралар қарас­тырылып, олар жеткілікті дәрежеде қаржыланды­рылса, жетістік бұдан да зор бола­ры сөзсіз. Осының өзі, сайып кел­генде, отандық білім саласы­ның сапасын арттырар еді ғой. Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты.