22 Қазан, 2013

Маңызды мәселе талқыланды

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік шиеленісті болдырмау – басшы мен жұмысшыға бірдей міндет

Халқымызда «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әрі жаман, әрі жақсы тіркес бар. Жамандығы ұрыс-керістің лебі болса, жақсылығы соны жуып-шайып, тігісін жатқыза бітістіруге қызмет етуі. Осы бітістіру мен түрлі әлеуметтік шиеленістің алдын алудың тұрғындар саны артып, жұмыс орындары жетіспей және шетелдіктермен бірлесе жұмыс жасау барысында алуан түсініспеушіліктер туындап жататын қазіргі кезеңде маңызы зор.

 Әлеуметтік шиеленісті болдырмау – басшы мен жұмысшыға бірдей міндет

Халқымызда «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әрі жаман, әрі жақсы тіркес бар. Жамандығы ұрыс-керістің лебі болса, жақсылығы соны жуып-шайып, тігісін жатқыза бітістіруге қызмет етуі. Осы бітістіру мен түрлі әлеуметтік шиеленістің алдын алудың тұрғындар саны артып, жұмыс орындары жетіспей және шетелдіктермен бірлесе жұмыс жасау барысында алуан түсініспеушіліктер туындап жататын қазіргі кезеңде маңызы зор.

Ақтауда өткен «Маңғыстау облысында әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік еңбек дауларын шешу» атты өңірлік тәжірибе алмасу семинары осы мақсатты діттеді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Әлеуметтік жаң­ғыр­ту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ға­мына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтік-еңбек саласындағы қарама-қайшылықтарды рет­теудің тиімді көпдеңгейлі теті­гін енгізу қажеттілігі туралы айтты. Маңғыстау облысы кәсіп­орындарындағы еңбек қаты­настары әрдайым қарапайым, жеңіл болып қалыптасқан жоқ. 2013 жыл басталғалы бері өңірде жалақыны көтеру, еңбек жағдайы мен әлеуметтік пакетті жақсарту секілді әртүрлі мазмұндағы 6 еңбек дауы орын алды. Мұндай жағдайдың жиі қайталанатыны неліктен? Дау-дамайды шешу барысында біз құқықты мойындамау, жұмысшыларды жалдаудың бұлыңғырлығы, компаниялардағы бизнес-үдерістің ашық еместігі, компания басшыларының нақты жағдайлардан, жұмысшылардың мұң-мүдделерінен бейхабар болуы секілді жағдайларға тап бола­мыз. Сондықтан да мен барша­ңызды адамдарды жұмысқа алуда, кадр саясатында барынша мөлдір, таза болуға шақырамын. Жұмысшыларға олардың ең­бекақылары қалай, неден құра­латынын түсіндіру қажет. Ол үшін өндіріс және еңбек тәртібін нығайтудағы кәсіподақтар қозға­лысының рөлі мен орнын қайта қарастыру керек. Өңірімізде кәсіподақ көшбасшыларымен белсенді диалог орнаған. Облыс­тағы кәсіподақтар кеңесінің қыз­меті оң бағалауға лайық, – деп өңірдегі әлеуметтік ахуал мен шиеленістердің алдын алу бағытындағы жасалған жұмыс­тарға тоқталған Маңғыстау облы­сының әкімі А.Айдарбаев одан әрі мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың өзара қарым-қатынасын жетілдіруді, еңбекақы берешегі мәселесін шешуді, еңбек тәртібін нығайту, еңбек жағдайын жақсарту мәселелерімен айналысуды, сондай-ақ кәсіподақтар ұйымдарының нығаюымен бірге «Самұрық-Қазына» әлеумет­тік әріптестік қорымен, орта­лық органдарымен өзара қа­рым-қатынасты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Семинарда «Әлеуметтік тұрақ­тылық рейтингі – еңбек даулары мен шиеленістерін диагнос­тикалау тетігі» тақырыбында баяндама жасаған Әлеуметтік әріптестік орталығының бас ди­рек­торы Н.Ерімбетов:

– Елде­гі әлеуметтік тұрақтылық – мем­лекеттік саясаттың ше­шу­ші ба­сымдықтарының бірі. Компа­ния­лардың әлеуметтік тәжірибесін талдау арқылы әлеу­меттік-еңбек қатынастары мәселелеріне жаңа, стандартты емес шешімдер қа­жеттігін аң­ғаруға болады. Адами факторды ескермей, әлеуметтік еңбек қақтығыстарына тек еңбек даулары ретінде қарау дұрыс емес. Мұндай наразылықтарға тереңірек үңілсек, оның астарында жұмысшылардың адами қарым-қатынастары, оларды адам ретінде құрметтеу керектігін аңғару қиын емес, – деді.

«Самұрық-Қазына» АҚ тобы компаниялары кәсіп­одақ­­тарының әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу және әлеу­меттік дамыту бойынша жа­ңа міндеттерге сәйкес Қор ком­па­нияларындағы әлеуметтік-еңбек қақтығыстарының алдын алудың және жол бермеудің тиімді тетіктерін әзірлеуге және енгізуге арналған Әлеуметтік әріптестік орталығы құрылды. Жұмысын белсенді бастаған Қордың жұмыстары 4 блокқа жүйеленген. Алдымен, әлеуметтік жауапкершілік пен әріптестіктің барлық бағыттары бойынша мемлекеттік органдармен, үкі­меттік емес ұйымдармен және БАҚ-тармен өзара тығыз іс-қимыл жасауды, екіншіден әлеуметтік-еңбек қақтығыстарының алдын алудың жаңа тетіктерін енгізуді межелеген олар, үшінші кезекте әлеуметтік-еңбек қатынастары диагностикасының инновациялық әдістемелерін жасап, енгізу жә­не соңғы жүйеде бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі жөнін­дегі іс-шаралары бағытында жұмыс­танады.

Семинарда сөз алғандардың барлығы ел тыныштығын сақтау үшін әлеуметтік шиеленістердің алдын алу, қандай еңбек дау­ларының да өз шешімін табуына қол жеткізудің маңыздылығын баса айтты. Бұл жұмыс беруші және жұмыс жасаушы тарап үшін де маңызды. Жұмыс беруші, яғни басшылық біржақты еңбек өнімділігіне, өндірістік жетістікке ғана малданып, қарамағындағы жұмысшылардың ахуалын кейінгі орынға қойса тығырыққа тіреліп, шиеленіске жол ашып береді. Ал жұмысшылардың да «біз үшін бәрін жасайды, әйтпесе..» деп ала­қанын ысқылап, орынсыз талап қоюының жөні жоқ. Қандай қиын жағдайды да, басшысының басқару ісіне күдігі мен күмәні болса да ашық айтып, заң жолымен, қалыпты шешуге тырысуы қажет. Сабыр, сыйластық, түсіністікпен ел бірлігін, тыныштығын сақтау, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосу болып табылады. «Бүгінгі жасалған әрбір жұмыс, қаланған түйір кірпіш келер ұрпақтың бақыты үшін» деген ой-сенім еш­кімді де адастырмайды деп ойлаймыз.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АҚТАУ.

Соңғы жаңалықтар