Аймақтар • 03 Тамыз, 2020

5 балалы отбасына баспана сатып алып берді

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Мың алғыс" акциясына үлес қосуды парыз санаған жомарт жанды азаматтар Алматы облысының Алакөл ауданынан көптеп шығуда. Қолында барын мұқтаж отбасыларына бөлісіп, қайырым жасауға әрқашан дайын жүретін олар қазіргідей сындарлы шақта індетпен күресу үшін жұмылуда, - деп хабарлайды egemen.kz.

5 балалы отбасына баспана сатып алып берді

Жақында алакөлдік бірнеше шаруа қожалығының басшылары бас қосып, 3 бас ірі қара сойды. Ал малдың жас етін аудан аумағында індетпен күресіп жатқан медицна қызметкерлеріне таратып берді. Қазір орталық аурухананың инфекциялық бөлімі мен Үшарал әскери горнизонының лазареті коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу ісімен күндіз-түні айналысуда. Шаруа қожалықтары әкелген жарты тонна ет дәрігерлер мен науқастардың ыстық тамағына жұмсалмақ. Сондай-ақ, Алакөл ауданының құрметті азаматы, "ZHERSU" корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов Құрбан айт қарсаңында 4 өгізді құрбандыққа шалып, Лепсі және Жыланды ауылдарындағы тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға таратып берген.

Ал "Ырыс" және "Айманбетов" шаруа қожалығының иесі Рыскелді Айманбетов аудандық ауруханаға 5 бірдей жасанды тыныс алу аппаратын сыйға тартты. Жақында Алматы қаласында орналасқан "Surveygroup" ЖШС бас директоры Ержан Манапов та аудандық ауруханаға  4 жасанды тыныс алу аппаратын сатып әперген болатын. Жалпы осындай игі іске үлес қосу Алакөл ауданының қалталы азаматары үшін дәстүрге айналды десе де болады. Кәсіпкерлер емдеу мекемелеріне медициналық құрал-жабдықтарды сыйға тартуда. Сол арқылы жерлестерінің өмірін сақтап қалуға барынша ат салысуда. Бұған дейін олар індетке шалдыққан науқастардың еміне шипа болар деген сеніммен қолдау көрсетіп, 11 оттегі концентрантын табыс еткен болатын.

Ал Құрбан айт қарсаңында баспанаға мұқтаж алакөлдік көпбалалы отбасы үшін ерекше қуанышты оқиға орын алды. Аудандағы "Диана" қайырымдылық қоры қаржы жинап, оларға 3 бөлмелі үй сатып алып берді. Енді Ақтүбек ауылында тұратын көпбалалы ана Самал Нүрпейісованың жеке шаңырағының түтінін түтетін болды.

- Самал 5 бала тәрбиелеп отыр екен. Біз оның баспанаға мұқтаж екенін естіп, қайырымды жандарға сауын айттық. Аз уақыт аралығында 920 000 теңге қаржы жиналды. Осы ақшаға Ақтүбек ауылынан 3 бөлмелі үй сатып алып, көпбалалы отбасын қуанттық, - дейді "Диана" қайырымдылық қорының өкілі Қ.Қапар.

Жалпы, алакөлдік қайырымды азаматтар жинаған қаржыға мұқтаж отбасылар үшін баспана сатып алу ісі жолға қойылған. Бүгінге дейін алты отбасы қоныс тойын меншікті баспаналарында атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше