Қала көшелері мен аялдамаларды, аулалар мен ойын алаңдарын санитарлық дезинфекциялау жұмысы кестеге сай жүргізілуде екен. Бұл іспен "Дарис" компаниясы айналысып отыр. Ал қоғамдық орындардағы әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы мен адамдардың маска тағуын бақылау жұмысы да жіті назарда. Жұртты қауіпті індет зардабын жойып, одан әрі таралмауына үндеу жүрген еріктілер мен белсенділер қатапрында қала әкімі Бақтияр Өнербаев та жүр.
Осындай сындарлы сәтті кеншілер қаласының кәсіпкерлері де алғы саптан көрініп, денсаулық күзетіндегі дәрігерлер қауымын қолдауға кіріскен. Мысалға, текелілік қос депутаттың бастамасымен медицина қызметкерлеріне көмек көрсетілуде. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бастамасына үн қосқан қалалық мәслихат депуттары Тұрысбек Әкімханұлы мен Дәуболат Бейсенбайұлы орталық аурухананың 50 қызметкерін 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтып отыр. Ал науқастармен тікелей байланыста болған медицина қызметкерлері үшін арнайы жатын орны дайындалған. Дәрігерлер төсек жабдығы мен басқа да қажеттеліктерін де текелілік қос депутат толықтай өз мойындарына алыпты. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерін қолдауға Текелі қаласындағы "Қуаныш" наубайханасы да үлес қосуда. Кәсіпорын дәрігерлерді нан өнімдерімен тегін қамтуда. Мұнан бөлек, Текелі қалалалық кәсіптік колледж ұжымы да ақ желеңді абзал жандарды қолдау ісінен шет қалған жоқ.
Айтпақшы, Құрбан айт меркесі қарсаңында қаладағы "Керімбек би" мешітінің жамағаты бастама көтеріп, орталық ауруханаға аса қажетті құрал-жабдық сатып алып беру үшін қаржы жинаған болатын. Ол қаржыға оттегі концентраторы мен 50 дана "KN 95" респираторын және басқа да қорғаныш киімдер, бетперде алып, ауруханаға сыйлады. Осындай игі бастамаға кеншілер қаласының ұстаздар қауымы да ат салысыпты. Текелі қаласындағы №1 мектеп ұжымының бастамасымен орталық ауруханаға1 дана оттегі концентраторы мен пульс оксиметрі табыс етілген екен. Қажетті қаражат сомасын жинап беруге қаладағы бірнеше мектеп, колледж оқытушылары, Туризм орталығы мен балабақша ұжымы және ата-аналар үлес қосқан. Ауызбірлік танытқан ағайын сатып алынған аппаратқа қажетті 765 мың теңгені бірауыздан жинапты.
Сондай-ақ, демеушілер қаржысына да тыныс алу құрылғысын сатып алу ісі жолға қойылған. Бұған дейін "Айдың нұры" қайырымдылық қорының бастамасымен сатып алынған оттегі концентраторы Текеліге келіп жеткен еді. Қала кәсіпкерлері де өз қаржысына бір аппарат сатып алып берген-ді. Ал жақында Алматы облысына Түркия мен Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келген болатын. Шара аясында Текелі қалалық ауруханасына өкпені жасанды желдету аппараты мен медиицналық қорғаныш киім-кешегі табыс етілді.