Ежелден топырағы қойындас, мал-жаны аралас Сыр бойы мен қазыналы Қарағандының үзілмеген бауырластық үрдісі өскелең заман талабына сай қайта жаңғырып, нығайып келе жатуына жарқын мысалдар жеткілікті.
Ежелден топырағы қойындас, мал-жаны аралас Сыр бойы мен қазыналы Қарағандының үзілмеген бауырластық үрдісі өскелең заман талабына сай қайта жаңғырып, нығайып келе жатуына жарқын мысалдар жеткілікті.

Тәуелсіздік жылдарында жаңаша сипатта жалғасушы өзара өңіраралық мәдени, экономикалық ынтымақтастық көршілес аймақтар өмірінің даму екпініне соны серпін естіріп те отыр. Өндірісті өлке мәдениеті мен өнерінің Қызылордадағы күндері соның нақты бір көрінісіне айналып, еліміздің ертеңін еңселетер жасампаз істер ізін тереңдетуге тың жол салды. Сондай-ақ, шаһардың құрылғанына 195 жыл толуы мерекесімен тұспа-тұс келіп өткен бұл мерейлі шара Сырды Арқаның ән мен жыр самалына бөлеп қоймай, ниеттес серіктестікке ынталандырған сан салалы шаруашылықтың кең тынысын алға жайды.
Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылудағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың маңызды бөлігі қос облыстың үлесіне де тисе, соның ішінде «Құмкөл», «Қарақойын» мұнай айдау құбырлары, Жезқазған – Бейнеу темір жолының Сексеуілмен түйісетін құрылысы мақсаты ортақ, мүддесі бір қойын-қойнауы байлыққа толы аймақтар игілігін бірлесіп еселеуге серпіліс беруде.
«Сарыарқа – сайран елім» атты тақырып аясында ән мен күйге күмбірлеген күндер жас жағынан да, жолы жағынан да үлкен қаланы әсем әуенге тербетті. Қарағандылықтардың мәдениет және өнер мерекесі Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Сарыарқа – далалық өркениеттің алтын бесігі» көрмесінің көрсетілуімен басталып, Нартай Бекежанов атындағы драма театры ғимаратында арнайы әзірленген Арқаның інжу-маржаны төгілген саз кешімен жалғасты. Ертеден де «Арғындар «ахау» десе, кетеді ұзап, кісідей былтыр кетіп, биыл келген» дейтін әзіл сөздері бар жергілікті жұртты Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемалов, Сержан Мұсайын сынды саңлақ өнерпаздар шырқаған туған топырақтарының аспандаған, мың бұралған әндері құлақ құрышын қандырды.
Қазақта сұлу Сыр еліне арналған әсем әуендер аз ба! Ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзіне шығарылған танымал сазгер Есжан Әміровтің қасиетті дария суындай толқып сыңғырлаған «Қыдыр қонған – Қызылордам» әні солардың қатарынан орын алғандай қызылордалықтарға тамаша тарту болды.
Мемлекет басшысы білімін тереңдеткен Қарағанды мемлекеттік техникалық және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттері арасында оқыту жүйесін, ғылыми байланыстарды жетілдіру бойынша келісімшарт жасалды. Елімізге белгілі инженер кадрлары қанат қаққан Орталық Қазақстандағы беделді оқу ордасының ректоры, ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиев мұнай мен газ саласы мамандарын даярлау бөлімі ашылуына орай осы қазына мол өңір талапкер жастарына жол ашықтығын айтып, қуантты.
Қарағандылықтар делегациясының бір қауым шоғырлы тобын бастап келген облыс әкімі Бауыржан Әбдішев қарсы алушы өңір басшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге Сырдария арнасын бөгеп, күріш алқаптарына су тарту құрылысын барып көрді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оқушыларға интерактивті тақта тарту етті. Өңіраралық мәдени байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған меморандумға қол қойылу рәсімінде Бауыржан Түйтеұлы Елбасының аймақтардың әріптестіктің барлық деңгейін көтеру тапсырмасына сәйкес жаңғыртылған бұл шара даму қадамын қарыштатуға ықпалы зор болмақтығын атай келіп, өндіріс ошағы ретінде облыстың көршілік көмек-қолдауды күшейтуі мерейлі міндет саналады деді. Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы мұның өте маңызды және тәлімді тәжірибе екенін айтып, екіжақты ынтымақтастық арта беретіндігіне, экономикалық әлеуеті мықты өлкенің соған шынайы ынтасы мен мүдделестігіне ризалық білдірді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда – Қарағанды.