Қазақстан • 03 Тамыз, 2020

2021 жылы ТҚЖБ ипотеканы онлайн-режимде беруді жоспарлап отыр

164 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2020 жылғы қаңтарда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі түбегейлі жаңа сервис — видеобанкингті іске қосты. Клиент оның көмегімен банк менеджерімен бейне байланыс арқылы байланысып, қашықтан кеңес ала алады. Бұл туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

2021 жылы ТҚЖБ ипотеканы онлайн-режимде беруді жоспарлап отыр

Л. Ибрагимованың айтуынша, төтенше жағдай режимі басталғаннан бері Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің алдында онлайн-режимде қызмет көрсетуді жалғастыру міндеті тұр.

"Біз Қазақстанның барлық іскерлік белсенділігі соқтығысқан проблемаларға тап болдық. Наурыз айының соңында, карантиндік шаралар қабылданады деп жарияланған кезде және кейбір қалалардың санитарлық дәрігерлері біздің филиалдарымызға жұмыс істеуге тыйым салған кезде біз кейбір функцияларды онлайн режимге көшірдік, — деді ол.

Осы қиын-қыстау кезеңде сұранысқа аса ие қызметтердің бірі осы жылдың қаңтар айында іске қосылған видеобанкинг болды. Жаңа сервистің іске қосылуымен бірге жаңа мамандық — видеобанкир пайда болды.

"Сайттан бейне қоңырау жасағанда, сіз филиалға келген кезде жасайтындай операцияларды орындайсыз. Сізге қарама-қарсы видеобанкир отырады. Сіз өзіңізді таныстырған кезде бірнеше минут ішінде жүйе бірнеше фотосурет пен биометриялық сәйкестендіру жасайды", — деді ТҚЖБ басқарма төрайымы.

Биометриялық сәйкестендіру — бұл адам тұлғасын бет бейнесі, саусақ ізі немесе дауысы арқылы тануға мүмкіндік беретін технология. Жүйе шығындарды азайтады, клиенттерге қызмет көрсету уақытын қысқартады, алаяқтардан қорғайды, бизнес-процестерді оңтайландырады және кірісті арттырады. Мұндай технологиялар біртіндеп бүкіл әлем бойынша — АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдерінде әртүрлі салаларды қамтып келеді. Бүгінгі таңда биометриялық технологияларды енгізу енді стартаптарға арналған сәнді тренд пен «ойыншықтар» емес, экономиканың әртүрлі салаларын дамытудың міндетті шарты болып табылады.

Адам тұлғасын анықтағаннан кейін банк операторлары операцияларды орындауға кіріседі. Қазіргі уақытта видеобанкинг арқылы екінші депозитті ашу, шарттық соманы өзгерту, басқа банктерге басқа шоттарға ақшаны аудару, депозитті онлайн шегеру және т. б. секілді ТҚЖБ қызметтері қолжетімді.

Биыл тамыз айында тағы да бірқатар қызметтер қолжетімді болады, атап айтсақ: шартты толық бұзу, депозиттерді біріктіру, онлайн-сақтандыру. Сонымен қатар Л. Ибрагимованың айтуынша, болашақта тіпті алғашқы депозитті ашуды онлайн форматқа ауыстыру жоспарланып отыр.

"Ол тұтастай жаңа онлайн-қызмет болады. Сіз аталған депозитті банктің филиалына келместен, онлайн режимінде аша аласыз. Біз бұл өте дұрыс шешім болады деп ойлаймыз. Бұл пандемиямен күресудің маңызды шарасы, мұнда адамды тікелей байланысқа шақырмаймыз, филиалдарымызда адамдардың көптеп жиналуын шектейміз", — деді ол.

Сонымен қатар Банктің филиалдық жүйесі қарыз беру процесіне шоғырландырылатын болады. Бұл қарыз беру кезінде туындайтын көптеген шектеулерге байланысты. Мысалы, бағалаушыны шақыру, мәмілені нотариалды растау және т. б. Алайда, Л. Ибрагимованың айтуынша, бұл мәселеде де банк онлайн-форматқа көшу мүмкіндігін қарастыруда және келесі жылы Қазақстанда онлайн-ипотека пайда болуы мүмкін.

"Бүгінде заңнамалық бастамалардың шағын топтамасын дайындап, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, Ұлттық банкпен мәселені талқылап жатырмыз. Үкіметке кейбір заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынғымыз келеді, бұл Қазақстанда толыққанды онлайн-ипотека құруға мүмкіндік береді, онда сіз үйден шықпай-ақ, өз үйіңізге несие ресімдей аласыз", — деп хабарлады Л. Ибрагимова.

Оның айтуынша, қазір бұл ішінара жүзеге асырылған. Банкте алдын ала саралау қарастырылған. Мұнда клиент өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасының көмегімен өтінімге қол қояды, ал банк өз кезегінде оның төлем қабілеттілігін Бірінші кредиттік бюроның, зейнетақы қорының деректері бойынша бағалайды және соңында берілуі мүмкін ең жоғары соманы көрсете отырып, сертификат береді.

"Біз бұл онлайн-сервисті кепіл шартын ресімдеуге, меншік құқығын ресімдеуге дейін енгізгіміз келеді. Үйден шықпай-ақ, ипотека алу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл үлкен міндет. Менің ойымша, жыл соңына дейін заңнамалық бастамаларды тағы да талқылаймыз. Келесі жылдың басында, Отбасы банкі болатын уақытта, біз оны толығымен енгіземіз", — деп хабарлады ТҚЖБ басқарма төрайымы Л. Ибрагимова.