Абай • 04 Тамыз, 2020

Абайды ұлықтау – елдіктің белгісі

991 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Биылғы күнтізбе халқымыздың тарихи тұлғаларымен және оқиғаларымен тығыз байланысты айрықша даталарға толы. Әлем таныған ойшыл Әл-Фара­би­дің 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ұс­тазы – қара өлеңнің киесі Абайдың 175 жыл­дығы, Ата заңымыздың 25 жылдығы еліміз­дің рухани өміріндегі ерекше белес ре­т­інде аталып өтуде.

Абайды ұлықтау – елдіктің белгісі

Бұл оқиғалар – бір-бірімен сабақтас дүниелер. Әл-Фараби адамзат тарихында алғаш рет өркениетті қоғам үлгі­сін жазса, ұлы ойшыл көтерген идея­ны хакім Абай қайта жалғастырды, ізгі­лік­ке, өркениеттілікке үндеумен өтті, себебі «білім-ғылым үйренбекке талап қылу­шы­ларға әуелі білмек керек». Ал бүгінгі Ата заңымыз – осы бабаларымыз арман­да­ған өркениетті Мәңгілік елдің төл­құ­жа­ты. Елбасы айтқандай, «Мәңгілік ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы», ал Тәуелсіздік – ұлтты дербестікке, ер­кін­­дікке бағыттай отырып, ел мүд­де­сінің өрі­­сін кеңейтуге негізделген құндылық, бас­­ты байлығымыз.

«Адам баласына адам баласының бәрі дос» деген Абай – бір ұлттың шеңберінде қал­май, адамзаттың рухани биігіне көте­ріліп, ізгілік пен данышпандықтың үлгі­сін көрсеткен тұлға. Әуелден-ақ ата­­ның баласы болмай, адамның баласы болуды көздеген арманы, ақынды адам­зат­тың ардағына, адамзаттың ақы­ны­на, адам­заттың ақылманына айнал­дыр­­ды. Әуелі халқының тұңғиық дана­лы­ғына, қала берді әлем классиктері мен ой­шыл­да­ры­ның философиясына терең бойлаған Абай­дың болмысындағы биік рухани ілім оны жалпы адамзаттың көгі­не шығарды.

Оның «адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген гуманистік идеясы көпұлтты Қазақ елінің татулық тағанына айналып, соның негі­зінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен құрылған Қазақстан хал­қы Ассамблеясы мемлекеттік сая­сат­ты іске асыру, мемлекеттік және аза­маттық қоғам институттарының эт­но­­саралық қатынастар саласындағы өза­ра іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында ширек ғасырдан бері елі­­мізге қызмет етіп келеді. Ал орасан өзара ынтымақтастық үшін кең бо­ла­­шаққа жол ашып, дүние жүзінде зом­бы­­лық, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдыр­мау­ды мақсат тұтқан әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съез­дерін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлем­дік қоғамдастыққа жалпыұлттық кон­сен­сус­тың және қоғамды біріктіру үлгісін көрсетіп, бейбітшілік пен прогресті және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін болашақта үйлесімді бейбітшіліктің негізі ретінде бірлескен іс-қимылдар жа­сау­ға ықпал етіп келеді, себебі «тату­лық­тан артық жолдас жоқ».

Абай – ұлт ұстазы, қазақтың адас­тыр­мас темірқазығы. Ғұламаның шығар­малары ел мәдениетіндегі өзіне дейінгі идеяларды жалғап тұрған рухани көпір іспеттес. Әсіресе «Қара сөздерінде» ұлы қаламгер дана ойларымен ұлт санасын қалыптастыруға, қазақ мәдениетін заңғар биігіне көтеруге ұмтылды. Қарқынды дамудың бірден-бір жолын білім мен ғылымды игеруден көрді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз мақаласында Абайды рухани өміріміздің темір­қазығы ретінде қабылдауға шақы­рып, мол мұрасының ұлт болып бірле­суі­мізге, ел болып дамуымызға тигізер пайдасы зор екеніне аса мән беріп, ақын сөзде­рінің бүгінгі заманда да өзектілігіне жұрт­шылықтың назарын аударды.

Егемен еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен хакім Абайдың ұлт мәдениетіндегі есімін ұлықтау ісі өз деңгейінде жүзеге асырыла бастады. Абайтану ғылымы Тәуелсіздік тағылымын жалғайтын іргелі ілімнің біріне айналды, Абай тойы ЮНЕСКО көлемінде жоғары дәрежеде аталды. Елбасының Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнап жазған мақаласында «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп айтқандары ойшылдың рухани тұлғасын салмақтай түсетін тарихи шындықтың біріне айналды.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі ой алыбы атанған ойшылдың 175 жыл­дық мерейтойының ел ауқымында ғана емес, дүние жүзінің түкпір-түк­пі­­­рін­де кең көлемде аталып жат­қа­ны оның бүгінгі ұрпақ тарапынан, әлем­­дік ру­ханият дүниесіндегі орны­ның лайықты бағаланғаны болып есептеледі. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты халыққа Жол­да­уында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мемлекеттік маңызы бар шара ретінде көрсетіп, өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында атап көрсеткендей: «Абайды қалай дәріп­тесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмы­ры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы». Мемлекет тарапынан ірі ойшылдардың руха­ни мұраларының зерделенуі кез­дейсоқ нәрсе емес. Оның үстіне қазір­гі адамзат әлемінде орын алған құбы­лыс­тар мен өзгерістер елімізге, әсіресе экономикаға кері әсерін тигізуде. Жаһан­ды жайлаған пандемияның салдарынан мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар шектелуде. Алпауыт елдер арасында түрлі деңгейдегі шиеленістер күшеюде. Сондықтан осындай күрделі уақыт жағдайында туындап отырған қайшылықтарды жеңе білу ұлт ұстазының «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұстанымына ден қойып, қоғамнан ақыл-парасаттылық пен ауызбіршілікті талап етеді.

Абайдың тарихта қалған ілімдері қай қоғамның тұсында болсын, сол уақыт жағдайындағы мемлекеттің мәселелерін ше­шетін идеяларға толы. Техниканы, қазір жиі айтылатын технологияның түр­лерін әрине қолдан жасауға болар. Бірақ Абай сынды ойшылдар – өз дәуі­рі­нің ғана емес, тұтас бір ел тари­хы­ның тұлғасы ретінде өмірдің, уақыт­тың және ұлт мүддесінің талабымен қоғам алдына шы­ғып отырады. Осы себептен даналық пен ойшылдардың білімі, идеялары тарихтың өрісінде ғана сақталмақ. Бұл ұлттың игілігіне жарап отыратын дең­гей­ге тек қана ойшыл адамдардың ілімі лайықты келетінін дәлелдейді.

Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаев интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алатынын айтты, ол: «Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», дей келе Абай мұрасының еліміздің рухани әлеуетінің дамуына қосатын үлесінің салмағын саралап берді. Қоғамның қай саласы болсын, дербес әрі берік болуы тікелей оның адамына да байланысты.

Қазіргі өркениетті елдердің мәде­ние­тін алып қарайтын болсақ, осыдан екі-үш ғасыр бұрын ол елдің зиялылары болашақ үшін қоғамды біріктіріп отыратын құндылықтарға ерекше мән бергенін көреміз. Біздің де тарихымызда солай болған. Кешегі хандарымыздың тұсында ке­меңгер адамдардың тұлғалық тереңдігі ел мәдениетінің рухани белдеуіне айналды. Ал Абай заманында Алаш тұлға­ла­­рының дәстүрі жаңаша сипат алғаны белгілі.

Егемен елімізде мемлекет тарапынан қолға алынған «Мәдени мұра», «Ха­лық тарих толқынында», «Рухани жаң­ғыру» бағдарламалары Тәуелсіздікті ны­ғайту мақсатында ұсынылған руханият саласындағы ауқымды бастамалар. Мем­лекет тарапынан қолға алынған бұл бағ­дарламалардың қоғамға тигізген пайдасын ой елегінен өткізу, әрі қарай ірі ойшылдарымыздың идеяларын бүгінгінің талабы негізінде сомдап отыру – үлкен міндеттердің бірі. Қазіргі жағдай мемлекет пен халықтан осыны талап етуде. Себебі «билемесе бір кемел, не болады өңшең нөл» деп Абайдың айтқанындай, ел ішінде кемелі де, бастамашылары да болады. Ал «көпті ебін тауып, жөнге салу» басшының қолында болса, басшыны қолдау халықтың қолында. Әсіресе бүгінгі жаһандану заманында жұдырықтай жұмылудың қажеттілігін түсінгеніміз абзал. Бұл туралы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Ондай жағ­дай­да ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзі­міз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ хал­қының тағдыры тарих таразысында тұр», деп түйіндеді.

Абайдың әрбір мерейтойын атап өтуде оның идеяларын қоғамдық санаға толықтай орнықтыру ісі ұлт болашағына үлкен пайда әкелері даусыз. Ойшылдың өзі айтқан: «Дүние – үлкен көл, заман – соқ­қан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».

 Дүниеде барлық нәрсе бір орында тұра бермейді. Бір ұрпақтың орнын жаңа ұрпақ басады, даму дегеніміздің өзі осы.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп хакімнің өзі айтқандай, жастарымызды білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық сана сезімі жоғары адам ретінде тәрбиелеу бү­гін­гі басты мұрат. Елімізде білімді жас­тарды қолдау мақсатында іргелі істер атқарылып жатыр. «Болашақ» бағ­дарламасымен әлемдік белгілі оқу орын­дарында білім алу, озық ойлы жас­тар­ды «Қазақстандағы 100 жаңа есім» қа­тарына енгізу – тарих, қоғам, болашақ алдындағы өзінің жауапкершілігін терең сезінер танымы терең, талғамы берік жас буынды қоғамдық санада алға жетелейтін құндылықтар сақталып, дәріптелуі арқы­лы әлеуметтік ортада өзгеріс жасаумен байланысты. Осындай қанатқақты қа­рым­ды жобалардың нәтижесінде ақын арма­нындағы «пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылған» еркін ойлы жастар өсіп келеді. Озық ойлы жас­тардан құрылған Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталып, қоғамдық құрылысқа араласа бастады. Ендігі жерде ел болашағы ғылымға іңкәр «талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген» жалынды жастардың қолында!

Абайдың барлық шығармалары халықтың қай заманда болсын өркениет тығы­рығынан сүрінбей өтуі үшін жазыл­ғанын тағы да атап өтуге болады. Әсіресе бүгінгі ұрпақ ойшылдың «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» деген өлеңін ескерсе екен дейміз. Ой алыбының ой-толғамы, әсіресе бүгінгі қоғамға нақты бағыт-бағдар беруде. Білімді, өнерлі, еңбекқор, кәсіпкер, іскер, қоғамға адал болу, өз ісіңе жауапкершілік – бұл ойшыл сомдаған әр ұрпақтың ескеруі қажет құнды­лықтар.

Қазақта көнеден бері келе жатқан іргелі дүниелер бар. Ол көбінесе руха­ният пен ата дәстүрді сақтаумен тығыз байланысты. Бүгінгі ұрпақ осы негізгі құнды­лық­тарымызды дәріптеумен де өркениет биігіне шығары анық. Яғни қазіргі таңда экономиканы жетілдіру мақсатында елде халықаралық туризмді дамыту түпкілікті қолға алынса, елімізде Абайтану ғылымы да осы бағытта елдің мәдениеті мен экономикасына қызмет етері анық.

Абайдың шыққан ортасы қарапайым қазақ ауылы болды. Мұның ерекшелігі ұлттың табиғаты мен болмысының Абай сынды қазақ баласына биік талғамды, ерік-жігерді, табандылықты дарытып оты­руында. Туған жердің болмысынан әсер алу кез келген мәдениетте бола бермегенін ескерсек, Абай сынды қазақ ойшыл­дарының қалыптасу ерекшеліктері ел мәдениетіне тән құбылыстың бірі деп топшы­лауымызға болады. Осы тарихи ортаның бірден-бір куәгері Абайдың өзі болса, оның ата-бабасы, өзі туып-өскен жерді де тарихи орынға айналдыру құп­тар­лық іс.

Былтыр Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Шығыс Қазақстанға жұмыс са­па­рымен келгенде бұл мәселеге көңіл бөлу керектігін айтқан еді. Прези­ден­ті­міз­дің іссапар барысында «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деп айтқаны шынымен де зиялыларға үлкен әсер қалдырды. Бұл ретте өңір басшысы Д.Ахметов: «Басты міндет – ұлы ақынның ата-бабасына құрмет көрсету. Абай ата-анасының рөлін асқақтатып, бағалай отырып, біз халқымыздың дәс­түр­лі құндылықтары сақталып, арта түсе­тінін көрсеткіміз келеді», деп атап көрсетті. Бұл хакім Абайдың айналасын құрметтеу арқылы дәуір сабақтастығын саралап, Абай жолын жалғастыруға мүм­кіндік берері анық.

Өткен ғасырда Абаймен өкшелес болған Алаш зиялыларының ойшыл мұраларының ұрпаққа жетуіне көп еңбек сіңіргендігі белгілі. Бүгінгі Абайтану бағытында олардың да қажырлы еңбегі ұрпақа кеңінен насихатталуы керек. Олардың қазақ қоғамының қандай қиын­дық­тарға тап болғанына қарамастан, жасаған ерліктері арқылы Абайдың идея­лары ұлт әлемінде жалғасын тапқан.

Абай мұрасы – кез келген адамға өмірде жол көрсететін дүние. Ол шынымен де кез келген адамға ұлтына, тіліне, дініне қарамай түзу ақыл-кеңесін берген. Аз уақыт ішінде барлық адамзатқа ортақ пайдасы мол қазына қалдыруын ойшылдың тұлғасына тән қасиет дейміз. Заман көшіне ілесуді көздеген ел қашанда елдіктен қуат алғанын Абай мен Алаш зиялыларының дәстүрі толық дәлелдейді, яғни Абайдан бас­та­латын ұлттық оянулардың заңды жал­ға­сы Алаш тұлғаларының идеяларында көрініс тапты. Абайды ұлықтау – елдіктің белгісі. Ойшылдың тұлғасы өз заманынан бастап халқының құрметіне бөленген. Бұған кешегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ойшылдың шығармаларын жарыққа шығарудағы, идеяларын қоғамға насихаттаудағы ең­бек­тері куә. Осы тұста Абайды ұлықтау дегенді әр ұрпақ, буын, оның мұраларын өз заманындағы қоғамның талабына сай зерделеу деп қабылдағаны жөн. Себебі тұлғалар өнегесі тозбайды, олардың тағылымынан да халық қол үзген емес. Мәселен, Абай биік адамгершілік, кісілік, тектілік жөнінде айтса, оның ой-толғамы елдің барлық өмірімен бірге байланысып отырады. Абай тұлғасын ұлықтаудың мәнін елдің тәуелсіздік алған тұстағы қоғам алдында тұрған мәселелерімен де ұштастыра аламыз.

Мәселен, Елбасы Абайдың 150 жылдығына арналған баяндамасында Абай мұраларын зерделеуді алдымен зиялыларға жүктесе, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын тұтастай қоғамға арнап жазғанын байқаймыз. Бұдан шығатын түйін, бүгінгі Абайдың иеяларын зерделеу міндеті толықтай мемлекетке, қоғамның өзіне жүктелуде. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Абай мұралары қоғамның зердесіне айналуға тиіс. Абай мен халық арасында тікелей байланыс болғанда ғана қоғамның уақыт талабына бейімделе түсері анық. Идея көп, енді соны іске асыратын адамдар көбейсе дейміз. Бұл ретте «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай» ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен жүретіндер емес, жүрегінде от жалындаған азаматтар керек. Бірлігі күшті, талғамы берік, парасаты биік, болашаққа зерде биігінен қарайтын қоғамның санасы түбінде үлкен мәдени құбылысқа айналып отыратынын Абайдың ілімі толық дәлелдейді. Сондықтан да Абайды ұлықтауды ұлт болашағына өркениет биігінен қарау деп қабылдаймыз.

Абай заманындағы халық – ұлттың атамекен жері мен адамды тәрбиелейтін мәдениеті сақталған жерде, оның жойыл­май­тындығын білген. Бүгінгі халық осыны терең түрде пайымдай білуі тиіс.

Осы мақаланың басында ойшыл­дардың есімін Ата заңмен байланыстырған себеп те осы болатын. Тәуелсіздік халық үшін негізгі мүмкіндік болса, мұны дұрыс пайдалана білу, игіліктерін кейінгі буын­ға табыстау ісі қашанда елдіктің негізі болған.

 Халқымыздың төл перзентінің дүбірлі тойын жоғары деңгейде атап өтуге туған топырағы үлкен ынта-ықыласпен кірісіп, киелі топырақ Семей өңірінде Абайдың мерейтойына қатысты мемлекет және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тара­пынан, жергілікті азаматтардың қол­дауымен бірлесіп атқарылып жатқан жұ­мыс­тар да аз емес.

Абайдың тұлғалық айналасы тақы­ры­бында еңбектердің жазылуы, ескерт­кіш­тер орнатылуы, Құнанбайдың мәңгілікке тыныстаған жері Ақшоқы, ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақтың абаттандырылуы – ойшыл өмір сүрген ғасырдың бейнесін жандандыру. Мұның арғы жағында бүгінгі ұрпақтың Абайға, туған халқына деген іштей құрмет сезімінің жатқанын көресіз.

Ел тізгінін ұстап жүрген Абай же­рі­­нің әр азаматы тағдырлы шақта Абайға жүгінеді, сондықтан да Абай ауылы азаматтарының әрқайсысының жасаған ісінде береке, қарекетінде қажыр­лы­лық жатады. Сонау Кеңгірбай мен Өс­кен­байдан, Құнанбай мен Абайдан М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановқа дейін үзілмей жеткен тектілік мен Абай еліненмін, жеріненмін деген жүрегінде иманы бар азаматтың тірлігінен менмұндалап тұрады. Ылайым солай бола бергей! Өйткені әлем Абайды тек қана құдіретті өлең сөзінен ғана емес, кіндік қаны тамған туған жерінен, елінен де іздейді. Елдің берекесі қашпаса, Абай асқақтай бермек. Ұлы ақынның әрбір мерейтойы «тас түскен жеріне ауыр» дегендей, сол елге үлкен сын ғана емес, зор мәртебе, асқан абырой. Олай болса, Абайдың мерейтойы бәрімізге абыройлы болсын.

Осы орайда ұлттық руханияттың тұлғатану жадын жандандыратын бірер мәселеге көңіл аударылса дейміз. Ең алдымен, Абай тұлғасы ұлт ұстазы деңгейінде ұлықталуы керек. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлттың рухани-мәдени тұрғыдан өсіп-өркендеуі үшін Абайды тану әлеуетін арттыра түсу керек. Оның орталығы ретінде мемлекеттік маңызы бар Абай институты құрылып, оның қыз­меті Қазақ елінің аясынан шығып, Абайды, Абай арқылы қазақты әлемдік аренаға шығаратын бірнеше бағытта дамыса. Қытайдың Конфуций институты, немістің Гете институты секілді Абайдың ұстанымдарын мемлекеттік идеологияға айналдырып, әрбір Қазақстан азаматын Абай ілімімен қаруландырып, ойшылдың гуманистік ойлары мен адамзатты сүю идеясымен сусындап өсіп, жетістікке жеткен тұлғалар білім мен ғылымды, мәде­ниетті дамытуға үлес қосар еді. Бұл ұлт­тық құндылықтар мен болмысқа негіз­дел­ген ұлттық идеологиямызды қа­лып­тастыруға ықпал етер еді.

Абайтану саласында біраз жетіс­тік­тер­ге қол жеткіздік. Абайды қазақтың бас ақыны ретінде танытқан Алаш арыстарынан бастап, оның тарихи тұлғасын әдеби қаһарманға айналдырып, әлемге танытқан М.Әуезов, ақынның әдеби, тұлғалық айналасын талдап, ойшылдың «толық адам» идеясын зерделеген көптеген ғалымдар хакім тәмсілін тереңдетіп келеді.

Абай атындағы дарынды балалар мектептерінің ашылуы, орта мектепте арнайы «Абайтану» оқу бағдарламаларының енгізілуі, «Абайтану» оқулықтарының шығарылуы елімізде жүргізіліп жатқан игі шаралар екені даусыз. Ендігі жерде Абай мұраларын оқыту әдістемесі балабақшадан басталып, білім берудің барлық деңгейінде жүзеге асырылуы үшін озық әдіс-тәсілдер қолданылып, ақын мұралары өскелең ұрпақтың санасына сіңірілетіндей оқытылғаны ләзім. Хакім мұраларының таралу аумағын кеңейту үшін «Абайтану» пәнінің оқы­тылуы мемлекеттік тілде ғана емес, орыс, ағылшын, қытай, француз, араб тіл­дерінде жүзеге асырылып, шетелдерде қолданылу жағдайы қарастырылып, бұл іске абайтану саласында қызмет етіп жүрген барша ғалымдар жұмыла кіріссе нұр үстіне нұр болар еді.

Абай атындағы Республикалық қор жұмысы жандандырылып, әлеуетке ие болуы керек.

Түйіп айтқанда, Әл-Фарабидің «Қа­йырымда қала» теориясы мен Абай­дың елді тәрбиелеу туралы толға­ныс­тары әділетті қоғам идеясына әкеледі. Бұл ретте ғұламалар адамды, сол арқылы мем­лекетті, ұрпақты, ұлтты сақтайтын кемел білім екендігін тұжырымдайды. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжы­рым­да­масы Абай армандаған әділетті қоғам идеясымен ұштасып жатыр.

Ұлы кемеңгерді ұлықтауға арналған айтулы мереке халқымыздың мерейін асқақ­татып, еліміздің руханиятын байы­туға, тарихымыздың тағылымды қыр­ла­рын танытып, елдігімізді паш етуге зор үлес қосары анық.

Мәңгілік Қазақ елі, қабырғалы халқы барда абыз Абай есімі асқақтай беретіні хақ. Ұлт ұстазының терең тағылымын рухани байлығымыздың байрағы ретінде жоғары ұстасақ, еңселі еліміздің абыройы асқақтай берері сөзсіз.

 

Дүйсенғазы МУСИН,

Парламент Сенатының депутаты