Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Арқалық қаласына жасаған сапарын алдымен «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол учаскесі құрылысынан бастады. «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол тармағы болашақта тек Жезқазған-Арқалық өңіріне ғана емес, тұтас еліміз экономикасының дамуына қызмет ететін стратегиялық маңызы бар құрылыс болып табылады. Теміржол түскен аймаққа онымен бірге әлеуметтік құрылыстар да салынады, адамдарға жұмыс орны ашылады. Ұзындығы 214 шақырым болатын бұл теміржол құрылысында қазір көтерме жол салынып, көпір мен жол өтпелерінің, су өткізетін құбырлардың монтажы аяқталып қалды. Премьер-Министр Серік Ахметов заманауи технологиялармен салынып жатқан жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Жақсы баға берді.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Арқалық қаласына жасаған сапарын алдымен «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол учаскесі құрылысынан бастады. «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол тармағы болашақта тек Жезқазған-Арқалық өңіріне ғана емес, тұтас еліміз экономикасының дамуына қызмет ететін стратегиялық маңызы бар құрылыс болып табылады. Теміржол түскен аймаққа онымен бірге әлеуметтік құрылыстар да салынады, адамдарға жұмыс орны ашылады. Ұзындығы 214 шақырым болатын бұл теміржол құрылысында қазір көтерме жол салынып, көпір мен жол өтпелерінің, су өткізетін құбырлардың монтажы аяқталып қалды. Премьер-Министр Серік Ахметов заманауи технологиялармен салынып жатқан жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Жақсы баға берді.
– Бұл теміржол тармағы осы өңірге жаңа тіршілік береді. Жол бойында көптеген кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындарын ұсынатын болады. Қазір құрылысы жүріп жатқан мерзімнің өзінде бұл жерде үш мыңнан аса жұмысшы еңбек етеді. Кейін теміржол іске қосылғанда онда бір мың адам өзінің тұрақты жұмыс орнын табады. Қазір теміржол құрылысына өзіміздің отандық тауар өндірушілер шығарған материалдар пайдаланылуда. Президенттің нұсқауы бойынша Арқалық-Шұбаркөл теміржолы келесі жылы желтоқсан айында пайдаланылуға беріледі. Ол іске қосылғанда еліміздің оңтүстік шығыс, батыс және орталық аймақтарына шығатын жолдар түйісетін болады, – деді Серік Нығметұлы. Жаңа теміржол тармағы моноқала Арқалықты транзиттік қалаға айналдырады. Ал бұл қала дамуының екінші тынысын ашады деген сөз.
Мұнан кейін Үкімет басшысы Торғай боксит кен басқармасының карьеріне келді. ENRG корпорациясы құрамына кіретін «Алюминий Казахстана» акционерлік қоғамының филиалы болып табылатын Торғай боксит кен басқармасы негізінен боксит пен отқа төзімді саз балшық өндіреді. Онда бүгінгі күні бір мыңға жуық адам нәпақасын тауып отыр. «ENRG Казахстан Алюминий Казахстана» акционерлік қоғамының президенті Алмаз Ибрагимов Премьер-Министрге өндіріс орнының бүгінгі тынысын таныстырды. Қазір өндірісте 4 карьер кен аршиды, жылына 0,4 миллион тонна кен өндіріледі. Бірақ халықаралық стандарт бойынша мұндағы боксит қорының шеті көрініп қалды, 3 миллион тоннадай ғана. Бұл кен басқармасының өмірі 7-8 жылға ғана жетеді деген сөз. Ал кен өндіру жөніндегі келісімшарт 2017 жылы аяқталады. №8 Ашутас карьерінде жылына 150 мың тонна отқа төзімді саз балшық шығарылады. Ол Орал металлургия зауытына артылады. Торғай кен басқармасы қаланың әлеуметтік және экономикалық өсуіне ықпал етіп отыр. Оның жыл басынан бері Арқалықтың әлеуметтік саласына бөлген қаржысы 69 миллион теңгені құрады. Карьер басында тұрғанда Серік Ахметов кен таусылған күнде де Арқалық қаласының өмір сүруі үшін жасалатын жұмыстарды қарастыру керектігін ескертті.
– Арқалықтың айналасында ауыл шаруашылығын мықтап көтеріп, ұқсату кәсіпорындарын ашуымыз керек. Шағын қаланың дамуы үшін барлық тетіктерді іске қосқан жөн. Сонда Арқалықтың екінші тынысы ашылады. Президент аймақтарды дамыту бағдарламасының лайықты деңгейде атқарылмай отырғандығын ескертті. Егер мемлекеттің мүмкіндіктері мен жеңілдіктерін ұтымды пайдалана білсеңіздер, Арқалық қаласы өмір сүре береді, гүлденеді, – деді Премьер-Министр Серік Ахметов.
Мұнан кейін Серік Нығметұлы Арқалық қаласындағы жылу-энергетикалық орталығына келді. Мұнда қыс маусымына дайындық тыңғылықты жүргізілді. Алайда қыстан Арқалықты алып шығу жыл сайын өзекті мәселеге айналып отырғаны анық. Сондықтан Премьер-Министр Серік Ахметов айналдырған 28 мың ғана халқы бар шағын қаланы мазутпен жылыту өте қымбатқа түсетінін айтты.
– Мемлекет Арқалық қаласына мазут үшін жылына 800 миллион теңге қайтарымсыз қаржы бөледі. Мазутты көмірге ауыстыру қажет. Мүмкіндікті пайдаланған дұрыс, мысалы Құсмұрын көмірі оған молынан жетеді, – деді Серік Нығметұлы.
Облыстағы Құсмұрын карьерінен көмір шығады. Ол Арқалық қаласына алыс емес, көп дегенде 200-300 шақырым ғана. Оны Арқалыққа тасып жеткізу мазутқа қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Бұл жөнінде Премьер-Министр облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовқа және тиісті орындарға тапсырма берілетіндігін жеткізді.
Премьер-Министр сапар соңында тоқтаған «Агроинтерптица» құс фабрикасы аз уақыттың ішінде Арқалықтағы қала құраушы кәсіпорынға айналып үлгерген. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорын озық технологиямен жұмыс істейді. Биыл тоғыз айда 74,5 миллион жұмыртқа өндірді. Алдағы жылы кәсіпорын толық қуатына енгенде жұмыртқаның саны жылына 300 миллион данаға жеткізіледі. Қазір мұнда 230 арқалықтық нәпақасын табады. Ал кәсіпорын толық қуатына енгенде Арқалық қаласының 480 тұрғыны мұнда тұрақты жұмыс істейді.
Арқалық қаласының дамуына 2013-2015 жылдарға арналған моноқалалардың кешенді даму жоспары шеңберінде қолға алынған жобалар кепіл болмақ. Қазір ұн комбинатының, құрама жем зауытының, мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп отыр. Дамудың кешенді жұмысы үшін республикалық бюджеттен 580 миллион теңге қаржы бөлінді. Арқалықтың тынысы кеңейіп келеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.