22 Қазан, 2013

Жемқорларға тықыр таянды

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

01-Бас прокуратура Коорсовет суретиСыбайлас жемқорлыққа не­ғұрлым бой алдырған мемле­кеттік сатып алу саласы болып отыр. Бюджеттік қаражат көбінесе жоспарлау сатысының өзінде ұрлыққа жағдай жасап беретін бағдарлама әкім­шілерінің өздерінің кінәларынан талан-таражға түседі.

Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Соған орай Елбасының тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға бағытталған шаралар біртіндеп жүзеге асырылуда.

01-Бас прокуратура Коорсовет сурети

Алайда осыған қарамастан, жасыратыны жоқ, қабылданып жатқан шаралар әзірге айтар­­­лық­тай нәтиже бермей тұр. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері қаржы полициясы органдары 2240 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтады. Бірақ бұл сандар еліміздегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының шынайы көрінісін бермейді. Қылмыстардың негізгі бөлігі қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қасақана иеленіп алу немесе ысырап ету және қызмет бабын пайдалану арқылы алаяқтық жасаумен байланысты келеді. Міне, әр адал адамның алаңдаушылығын туғызған осы мәселелер кеше Бас прокурор Асхат Дауыл­­баев­тың төрағалығымен Заңды­лықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамта­масыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Онда сыбайлас жем­қорлық қылмыстарын анықтау, ашу, қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау барысындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды.

Қолында билігі барлардың сыбайласа жеу деректерін көбі­рек аша алмаумен қатар, пара алу фактілерін анықтау да азайған және ол анықталған қылмыс­тардың оннан бір бөлігін ғана құрайды екен. Өйткені, пара беру және парақорлыққа делдал болумен байланысты қылмыстар өте аз анықталады. Әдетте, көп жағдайда болмашы қылмыстар үшін қатардағы қызметкерлер қылмыстық істердің өзегіне айналып жатады, ал жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасайтын лауазымды тұлғалар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалады. Мысалға, биыл республикалық деңгейдегі 6 және облыстық деңгейдегі 167 басшы ғана жауапкершілікке тартылған.

Сыбайлас жемқорлыққа не­ғұрлым бой алдырған мемле­кеттік сатып алу саласы болып отыр. Бюджеттік қаражат көбінесе жоспарлау сатысының өзінде ұрлыққа жағдай жасап беретін бағдарлама әкім­шілерінің өздерінің кінәларынан талан-таражға түседі. Мәселен, Қылмыстық атқару жүйесі коми­тетінің үш тергеу абақты­сының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 300 млн. теңге белгі­лен­ген, бірақ ол небары 13 млн. теңгеге жасалған. Ақтау теңіз порты «АИ-92» маркалы 80 мың литр бензинді литріне 168 теңгеден көтерме сатып алу туралы хабарландыру берген, ал оның бөлшек сатудағы анық­талған құны 112 теңгені құраған.

Үйлестіру кеңесінің мүше­лері қалыптасқан жағдайға түбегейлі және шынайы баға берді, сыбайлас жемқорлықтың таралуының, сондай-ақ онымен күрес тиімділігінің төмен болу себептері талданды. Талқылау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге, оның кез келген кө­рі­ністерін уақтылы анықтау және жолын кесуге мүмкіндік бе­ре­тін нақты заңнамалық және ұйым­дастырушылық-прак­тика­лық шаралар жөнінде бас­тама көтерілді.

Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру аясында қыл­мыстық заңнамада пара беру үшін жауапкершілікті пара алуға қарастырылған санкциямен бірдей етіп күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, Бас прокурор сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда стандарттан тыс және тиімді шешімдер іздеу, қоғам­да профилактикалық және түсін­діру жұмыстарын күшейту қажет­тілігіне ерекше назар аударды. Ол тұрғындардың көп бөлігінің менталитетін өзгертудің, сыбайлас жемқор­лықты қабылдамауға бағыт­талған қоғамдық сананы қалып­тастырудың маңызды екенін атап көрсетті.

Өз қатарындағы сыбай­лас жемқорлық құқық бұзу­шы­лықтарды жасаудың алғы­шарт­тарын жою, сыбайлас жем­қорлық жағдайына тұрақ­ты мони­то­ринг жүргізудің де маңызды екендігі айтылды. Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелді азайту мақсатында Бас прокуратура Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау үшін бағалар мониторингі орталығын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларды өткізетін тәуелсіз мемлекеттік орган құруды ұсынды. Осыған орай, жиналысқа қатысушылар Бас прокуратура әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі Іс-шаралар жоспары жобасының өзектілігін атап өтті, онда мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі даму бағыт­тары белгіленген.

Бас прокурор уәкілетті ор­гандардың басшыларынан сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстардың нәтижелілігін, сыбайлас жем­қорлықпен күрестегі ведом­ствоаралық өзара іс-қимылдың белсенділігін арттыруды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді талап етті. Ал атал­ған отырыс жұмысына Үйлес­тіру кеңесінің мүшелері, Пре­зидент Әкімшілігінің өкілдері, Жоғарғы Соттың, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің, Эконо­мика­лық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер ми­нистрлігінің, Кедендік бақы­лау комитетінің, Мемле­кет­тік қызмет істері жөніндегі агент­тігінің басшылары, Бас про­ку­ра­тура жанындағы Заң­ды­лық­ты қамтамасыз ету жөнін­дегі қоғамдық кеңестің мүшелері қатысып, барлық кемшілікті өз құлақтарымен естіді. Демек, енді сыбайлас жемқорларға шын мәнінде де тығырық таяна түскен шығар деп ойлаймыз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар