22 Қазан, 2013

Қызық адам

625 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

ДүйсенбинКөптің ішінде аласы да, құласы да болатыны – өмір қағидасы. Біразымыз емтихандардан «орта» не «нашар» баға алып, онсыз да нан мен шайымызды әрең айыратын мардымсыз шәкіртақыдан қағылып қалмаудың қамымен қарбаласып жүрсек, енді біразымыз Алматының таусылмас қызығына ден қойдық. Кешкілік «барымызды киіп, бақанымызды қолға алып» дегендей «қалыңдықтар қоймасы» атанған қыздар институты мен шетел тілдері институтының жатақханаларын жағалаймыз. Ал үшінші бір топ – білім жолында барлық қызық атаулыны жинап қойып, оқу-ізденудің соңына шырақ алып түскендер. Олардың ішінде Болат Бабақов, Ақселеу Сейдімбек, Құрманғазы Мұстафин, сонан соң осы Дүйсенбінің Пернебайы бар болатын.

ДүйсенбинКөптің ішінде аласы да, құласы да болатыны – өмір қағидасы. Біразымыз емтихандардан «орта» не «нашар» баға алып, онсыз да нан мен шайымызды әрең айыратын мардымсыз шәкіртақыдан қағылып қалмаудың қамымен қарбаласып жүрсек, енді біразымыз Алматының таусылмас қызығына ден қойдық. Кешкілік «барымызды киіп, бақанымызды қолға алып» дегендей «қалыңдықтар қоймасы» атанған қыздар институты мен шетел тілдері институтының жатақханаларын жағалаймыз. Ал үшінші бір топ – білім жолында барлық қызық атаулыны жинап қойып, оқу-ізденудің соңына шырақ алып түскендер. Олардың ішінде Болат Бабақов, Ақселеу Сейдімбек, Құрманғазы Мұстафин, сонан соң осы Дүйсенбінің Пернебайы бар болатын. Жатақханаға жатып шығу үшін ғана келіп, қалған уақыттарын университеттегі дәрістерін тыңдауға, одан шыға кітапхананың оқу залында отыруға арнар еді. Оқуға келгенше әскер қатарында болып, орысша тіл сындырып қайтқан үш-төртеуінен басқамыз, орысша «мой мама» деп сөйлейтін, ауылдан келгендерміз. Біздің «орысшаның майын ішкен» деп таныған Дәрібай, Мұқан, Сәуірбай, Шолпанымыз орыс тілі мен әдебиеті, орысша оқытылатын шетел әдебиеті сияқты пәндерден емтихан тапсырар кезде көмек қолдарын созады. Орысшасы бізден төмен, арғы беттен келіп, оқуға түскен Омар досымыз ондай емтихандар кезінде «мантыға бір тойғызамын» деп, тілге жетіктерді тәржімашы етіп алатын. Сондықтан алғашқы курстарда күшіміздің денін осы тіл үйренуге арнайтынбыз. Әскер қатарына кеткенше-ақ Пернебайдың бұл тілдің біраз иін қандырып, өз ойын еркін жеткізетін халге жеткенін көрдік. Ал әскери қызметте болған аз мерзім оны іштей де, сырттай да біраз есейтіп тастағаны анық еді. Соның бір дәлелі үзілген оқуды қайта жалғастырған кезде оқу озаты атанып, көтеріңкі шәкіртақы алып жүрді.

Hanif01-111

Болашақ журналиске жақсы оқып қана қою аздық етеді. Бес-алты жол газет хабарын жаза алмайтын, бірақ оқу озаты атанған журналист-шәкірттің беделі жоққа тән. Содан да әр студент алғашқы курстарда жүріп-ақ редакцияларды жағалап, өзінше де қам-қарекет жасауы керек. Пернебай жоғары курсқа жақындағанда жай ғана хабар-ошар жазатын журналист емес, басқа бір соқпаққа түсіп, өнер зерттеуге, оның ішінде бейнелеу, кескіндеме жанры туралы ой толғай бастады. Студент жігіттің өзі суретші болмаса да, суретті кәсіби суретшідей талдаған мақалалары өткен ғасырдың 60-жылдарының соңын ала біз қызмет істеп жүрген «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жариялана бастады. Сол кездегі редакторымыз Шерағаң, Шерхан Мұртаза өнер түрлеріне арналған «Аққу» эстетикалық клубын ашып, сонда Пернебайдың бейнелеу өнерінің алыптары Леонардо да Винчи, Сикейрос, Левитан, Рылов, Коненков, Сарьян сияқты біртуарларынан бастап, қазақ тіршілігі тақырыбына мол еңбегін арнаған П.Г.Хлудов, қазақтың тұңғыш кәсіби суретші әйелі Айша Ғалымбаева туралы білгірлікпен жазылған танымдық эсселерін жариялады. Атақты биші Шара Жиенқұлова, өнер қайраткері Болат Аюханов екеуі бірігіп қойған «Қыз Жібек» балеті жөнінде де білгірлікпен жазды. Тіпті өзбек ағайындар меншіктеп алып, мақтанышы қылып отырған суретшісі, КСРО және Өзбекстан КСР Халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының академигі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығы туралы жазу үшін Шерағаңның арнайы Ташкент қаласына балаң студентті іссапарға жібергені есте. «Мұндай қаламы жүрдек, білімдар азаматты қызметке алайық», – деп Шерағаң бір-екі дүркін ұсыныс жасағанда да ол Сарысуынан шыға алмаған. Айтар уәжі: «Жасы келіп қалған әке-шешені елде қалдырып, өз тірілігімді күйттеп кете алмаймын». Қазіргі көп жастарымызда бола бермейтін мұндай кісілік қасиетке кім дау айта алар, онымен Шерағаң да келіскен.

Иә, Сарысуда мұғалімдіктен басталған түрлі қызметтерде жүріп-ақ қаламы қолынан түскен жоқ. «Бұл шіркін сурет өнеріне сонша неғып құмартты?» десем...

...Менің кезекті бір цифрды дөңгеленткен қуанышыма арнайы шауып келген Пернебай ағаштың бетіне кескінімді бедерлеп салып әкеліпті. «Өй, мұндай да өнерің бар ма еді?» десем: «Біздікі еліктеу ғана ғой», – дейді. Өзі зерттеп жүрген суретшілерге біраз «еліктесе керек». Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момыш­­­­­ұлының мемориалдық мұражайына қойыл­ған Пернебай салған Баукең мен Панфи­­­­ловқа арналған «Қос қыран» атты коллаж­дық тәсілмен салынған әсерлі полотносын көргенім бар. Сондай-ақ, туған жері­нің келбетін майлы бояумен бедерлеген «Май­­салы мамыр айы», т.б. әртүрлі басылымдарда жарияланған суреттерін көріп: «Бұл шіркін о баста осы жолды қуғанда, біраз жерге жетеді екен-ау», – деген де ой келген.

П.Дүйсенбіұлы қаламы жүрдек, кейіп­керлерінің жан-дүниесін тамыршыдай тап басатын, әр образдың бір-біріне ұқсамайтын характерлерін аса шеберлікпен суреттейтін, көбіне балалар тақырыбына қалам тербейтін жазушы ретінде танылды. Астанадан шалғайда, әдеби орта мен жазғандарын қалың оқырманға жеткізетін басылымдар мен баспалардан алыста, ауылда жүрген авторлардың көп жағдайда шетқақпай қалатыны да жасырын емес. «Мен бар едім ғой, бұларыңыз қалай?!» дейтін мінез біздің кейіпкердің жаратылысында жоқ. Оның шығармашылық қарымын мойындатқан баяғы кеңестік кезеңде жыл сайын өткізілетін балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби шығармалардың Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия, кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті және «Жалын» баспасы өткізетін жабық бәйгесі дер едім. Қатарынан 1979, 1980, 1981 және 1986 жылдары кеуде тұстағы бәйгелерді иеленген жүлдегер атанды. Жүлдегер шығармалардың жинағы келер жылы-ақ жарық көріп жататын. Сол жылдары «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Күлкі күмбезі»», «Тектінің тұяғы еді» атты т.б. повестер мен әңгімелер жинақтары жарияланған болатын. Ол алғашқы шығармаларымен-ақ нағыз аламанның алысқа шабар жүйрігіндей қарымды қаламгер боларын бірден-ақ сездіріп еді. Әдеби баспасөз беттерінде үлкен бағаға ие болған. Алғашқы «Жұлдыздар неге жылайды?» лирикалық повесінде: «Қайыры жоқ қауымның түксиген қабағынан түрткі көрген қайыршыдай жылауық күз соңғы күндері құшағындағы бауыры қара жерді өкпеге оқша қадалған қара суығымен ықтырып, қытымыр қылық танытып алған» деген сөйлеммен басталады. Автор жазып отырған күздің қара суығы оқырманның да өкпесіне оқша қадалғандай. Алдағы болар оқиғаның да жанды жабырқатар көңіл­сіз өрбитінін сезесің. Ол аздай «жол шеті­не оқшау өскен шеңгелдің селдір өскен сыл­дырмағы... ілби басып келе жатқан жүдеу өңді жасөспірім балаға... зарлы бір ызыңмен бебеу қағады...». Баланың жүдеу өңділігі, шеңгел сылдырмағының бебеу қағуы – бәрі-бәрі көңілсіз өрілер оқиға­­лар­­дан хабар беріп, жаныңды да бебеу қақтырады.

Бұл шығармада ешбір диалогтар жоқ, кейіпкерлер өзара тілдеспейді, музыка, ән-әуен дегендер жоқ, ойнап жүрген балалардың шуылы да естілмейді, тіпті автор атаған бас кейіпкер он үш жасар Тайжан жеткіншектен басқа оның әке-шешесінің, басқа да кісілердің есімдері де аталмайды. Айнала, бүкіл ауыл, барша әлем құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштықта. Тіпті орманға кеткен Тайжанның ағасын бірнеше жігіт үйге көтеріп кіргізген соң оның қиналысын баланың сезінуі арқылы білгенімізбен, ағасының қандай кеселге ұшырағанын біле алмаймыз. «Соғыс жылдары еді» дегенді де автор, тым болмаса, емеурінмен білдірмейді. Алайда, ауыл адамдарының жүдеу тіршіліктерін, кәрі-жастың түгелдей күн-түн демей жұмыс істейтіндерін, бір қолы жоқ мұртты ағайдың кейбір үйлерге үшбұрышты хаттарды әкелгенде, олардың ерекше қуанышқа бөленетіндерін, ағасының сылти басып, ауылға оралғанда, анасының, бүкіл ауылдастардың ерекше қуанғандарын оқып білген кезде уақыттың барлық ауыртпалығын арқалаған адамдар тіршілігі туралы оқығанда, «Иә, бұл соғыс жылдары екен ғой» дейсің.

Орманға тал қиюға барып, ауырып қайтып кеп, ұзамай көз жұмған аға қайғысы. Жұрттың азапты тіршіліктері – бәрі де оқиға басындағы жүректі үрейге жетелеген ауыр суреттер, бала жанындағы трагедияның бас­талуы екен.

Сөйтсек, үнсіздікпен өтіп жатқан өмір суреттерінің себебі, бас кейіпкеріміздің бес жасында қатты ауырып, сөзден қал­ған мылқаулығында, құлақтан қалған саңы­­­раулығында екен. Әдебиетімізде бұрын-соңды кездеспеген жазушы іздені­сінің тың соқпағы – Тайжан бейнесі де жүректі елжіретер ерекше образ. Тайжан ештеңені естімеген соң автордың да тек көзбен көргенді суреттеуі – айналаны түгелдей тым-тырыс тыныштыққа бөлеуі – бұл да табылған тәсіл, ешкім жазбаған нұсқа. Әттең, грузин ағайындардың үнсіз фильмдері сияқты кино түсірер ме еді деген ойға келесің. Алайда, «Кімнің қандай шы­ғармалары бар екен?» деп оқитын, ізденетін біздің киногерлеріміз жоқ қой, шіркін... Олар не іздесе де Батысқа қарай береді.

Біз жазушының бір ғана шығармасына тоқталдық. Оның «Сол бір асу» атты хикая­­­сындағы Кертай бейнесі де өзінің траге­диялық келбетімен, «Шуақ», «Ал­тын мүйіз­ді киік», т.б. әңгімелері де мазмұн­дылы­ғымен, оқиға қоюлығымен, кейіп­керлер­дің бедерлі бейнелерімен оқырман есінде қалады.

Кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да жүздеген талапкер қатысатын жабық бәйгеде дүркін-дүркін алдыңғы жүлделерге ие болуы оның қаламының қарымын айғақтаса керек. 1994 жылы оның «Ойынпаз ойыншықтар отауында» атты ертегі повесі «Балауса» бәйгесінің екінші жүлдесін иеленді. Бірінші жүлде ешкімге берілмеді. 2013 жылы халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде Пернебайдың романтикалық повесть-ертегісімен екінші орынды жеңіп алғандығын тағы да еске салып кеткеннің артықтығы жоқ.

Ол соңғы он-он бес жылдың бедерінде тәмам жұртқа осы керек-ау деген мақсатпен шығармашылық ізденімпаздығын мүлде жаңа арнаға бұрыпты. Жасырары жоқ, бұл күнде елінің, жерінің тарихын жазып, ата-бабасының шежіресін тізіп, оны бизнестің көзіне айналдырушылар баршылық. Біліп жазса қанеки. Туған жерінің, өскен ортасының тарихын ерінбей зерттеп кәдеге асырса, бұл ұрпақ үшін, бүгінгі сол жердің перзенттері үшін таптырмас дерек көзіне айналар еді. Әртүрлі кітаптарда, газет-журналдарда шыққан, көбіне жеке кісілер туралы мақалаларды жинастырып, бастыра салу жер тарихы бола алмайды. Пернебайдың ауылдағы мұғалімдік, директорлық, журналистік, аудандық мәслихаттың депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы сияқты түрлі жұмыстарды атқара жүріп, осынау туған жер тарихы атты мәселеге көптен бері ден қойғаны анық еді. 2003 жылы жарық көрген «Шежірелі Сарысу» атты көлемді еңбегі, 2008 жылы жарияланған «Сарысунама» атты танымдық томы – осыған дәлел. Ел мен жердің тарихтың терең қойнауында қалған деректерін мұрағаттардан, көне кітаптар мен жазбалардан, ел ішіндегі көнекөз қарттардың жадында сақталған әңгіме-әпсаналарды мұқият жинастырып, жерлестеріне ұсынды.

Шежіре – ел тарихы. Кім кімнен тарады, туыс-туғандары кім – мұның бәрі де саналы адам баласының бір-бірімен қарым-қатынасын, тіпті қандық жақындықты анықтау үшін де қажет. Бүтін шежірені айтпағанда, әр азамат тым болмағанда, жеті атасын білуге тиісті. Кейінгі кездері шежіре жазатындарды түгелге жуық рушыл деп кінәлай да бастағандаймыз. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, шикілі-пісілі деректердің басын қосып, кітап қып бас­тырып, пайдасын ойлайтындар да (атын шығару, қаржы табу) бар. Алайда, шежіре жазудағы басты мақсат – ел тарихына үлес қосу. Пернебай бақандай сегіз жылын сарп етіп, еліміздің біраз түкпірлерін, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдердің де біраз жерлеріне сапарлап, көнекөз қарттармен әңгімелесіп, дерек көздерін жинады. Көне тарихи кітаптар зерделеніп, кей отбасылар сақтап жүрген шежірелердің көшірмелері жинақталды, әр жердегі мұрағат деректері сұрыпталды. Сөйтіп, сонау ХVIII-ғасырдың соңын ала тағдыр тауқыметімен батыстан көшіп, Орталық, Оңтүстік Қазақстанға еріксіз қоныс аударып, тарыдай шашылып кеткен Он екі ата Байұлының шеркеш, тама-әліп, тама-жөгі, жағалбайлы ұрпақтары туралы «Үркердей болып көшкен жұрт...» атты 130 баспа табақ аса көлемді еңбегін жарыққа шығарды. Бұл – «пәлен атадан түгендер тарайды» дейтін үйреншікті тізбелер немесе кестеленген сызба тәсілмен ғана жазылған шежіре емес, деректік, танымдық, тарихи, әдеби, шежірелік деректер молынан қамтылған ерекше еңбек. Бір институт жылдап зерттеп барып жарыққа шығарар осынша ауқымды істі бір адамның – Пернебай достың жүзеге асыра алғанына таңмын... Айтулы ғалым, көрнекті тарихшы Ақселеу Сейдімбек осы еңбекке ерекше жоғары баға беріп, өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» атты атақты еңбегінде жоғарыдағы еңбектен аса көптеген деректерді ыждағаттылықпен пайдаланғанын айтып еді.

Биылғы жылдың 18 шілдесінде «Алма­ты ақшамында» белгілі жорналшы Жеңіс Шыныбековтің «Темір өзек адам» атты мақаласын оқығанда, оның қажыр-қайрат­ы­ның қаншалықты мол екендігіне таңданбай тұра алмайсыз.

Студент кезінде де шұқшиып, кітап­тар­ды ақтарғаннан, сессия кезінде оза шауып «өте жақсы» дегеннен өзге бағаны біл­мейтін, басқа «өнері» жоқ Пернебай мей­лінше ақылды, ақжүрек, сонымен бірге, аңқау, аңғырт болатын. Айдың соңына ала ақшалары таусылып, аш жүретін жігіт­термен қалған тиын-тебенін бөліскенін талай көрдік. Не болса да шынын айта салып, қарап тұратын мінезі де өзіне жарасар еді...

Жалпы, Пернекеңнің еңбектері елеусіз қалды деуден аулақпын. Кезінде Әзілхан Нұршайықов, Сейітжан Омаров, Мұхтар Мағауин, Сайымжан Еркебаев сынды ағала­рынан бастап, Бекен Ыбырайымов, Қар­жау­бай Омаров, Әлия Бөпежанова сияқты заман­дастары жазушы шығармашылығы тура­лы көлемді мақалалар жазды. Ең бас­тысы, оның кітаптарын оқыған кішкентай оқыр­­­мандары жазушы есімін ардақ тұтары анық.

Кезінде «Ана тілі» басылымында жария­ланған «Тағы да жеті ата туралы» үлкен мақаласы оқырмандар қызығушылығын туғызғанын атап өткен жөн. Биылғы жылы Жамбыл облыстық «Үздік журналист» байқауында П.Дүйсенбіұлының «Ана тілің – ар-намысың немесе намыссыздық синдромы» атты эссесі конкурстан оза шауып, бірінші бәйгені иеленгенін еске салсақ артық болмайды. Ол республикалық баспасөз беттерінде өзекті мәселелер бойынша мақалалар жариялап тұрады. Кезінде Ауған соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алған, елеусіз жүрген Қайырболат Майдановтың елге танылуына ықпал жасап, «Егемен Қазақстан» газетінде үлкен материал жариялады.

Ал 2011 жылдың 7 мамырында еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» ішкі айқарма бетінде « Ұлы Отан соғысы: қазақтан қанша батыр шықты?» деген танымдық материалды жариялады. Бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтары беттерінде Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген қазақтардың саны бірде 95, бірде 97, енді бірде 98 болып беріліп келген еді. Тынбай ізденген Пернебай Дүйсенбіұлы Ұлы Отан соғысында батыр атағын иеленгендердің саны 103 екенін тасқа басқан таңбадай етіп, әр батырдың суреті мен қысқаша өмірбаянын жариялаттырды. 8 мамыр күні Елбасымыз соғыс ардагерлерімен кездесуде осы деректі мақтан ете айтқаны есімізде.

Күй абызы Ықылас денесінің аяқ баспас, елсіз аралда, елден жырақ жатқандығы, Сау­дакент маңында мәрмәр кесенесінің қаңы­рап, бос тұрғандығы турасында да түрлі басылымдарда дабыл қаққандығы мәлім.

Ал ақылдылығына... оның жетпістің биігіне жеткенше тындырған игілікті істері дәлел.

...Біз танысып, достасқаннан бері зымыран уақыттың жарты ғасырдан астамы өте шығыпты. Қанша мойындағымыз келмегенмен, кешегі бұрқақты жастық шақты басымыздан көшпестей көріп жүргендер бүгін қариялықтың ауылына ат тұяғын іліндіріппіз. Тек ілгерінді-кейінді келіп жатқан қарттығымыз балаларға қадірлі, ағайын-жұртқа қазыналы болуын тілейік.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері.

Соңғы жаңалықтар