Аймақтар • 04 Тамыз, 2020

Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Балайым Кесебаева мен Абзал Ералиев Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындарымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

Сапар барысында мәжілісмендер халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және коронавирустық инфекцияның таралуымен күрес мәселелеріне назар аударды.

Аудан тұрғындарымен әңгімелескен депутаттар коронавирус індеті орын алған қиын кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, азаматтарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері ел басшылығы мен депутаттардың ерекше бақылауда екенін атап өтті. Депутаттар Шиелі ауданында темір жол арқылы өтетін жолдың құрылыс алаңында болды, бүгінде онда 160-тан астам адам жұмыс істеуде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан көпір жол пойыздар қозғалысы кезінде өткелдегі кептеліс мәселесін шешеді. Мердігерлер нысанды 10 желтоқсанға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Шиелі ауданының Көкшоқы ықшам ауданына барған депутаттар аула аумақтарын абаттандырумен айналысатын "Шиелі жолшы" ЖШС-ның жұмысшыларымен кездесті. Бүгінгі таңда кәсіпорында 20 адам жұмыс істеуде.Олардың 10-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылған. Жалпы, облыста "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 21 жоба жүзеге асырылып, оның аясында 700-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, депутаттар Б.Кесебаева мен А.Ералиев ауданаралық аурухана мен провизорлық орталыққа барып, коронавируспен күресу шараларымен танысты. Дәрігерлердің айтуынша, қазір аудандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Алғашқы күндері ауруханаға 100-ден астам науқас түскен. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 39, ал провизорлық орталықта 35 науқас ем қабылдауда. Осы ретте, дәрігерлер 80 мың халқы бар ауданда коронавирустық пневмония диагнозында негізгі болып саналатын өкпенің бірде-бір томографиялық аппараты жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, дәрігерлер ауданда қауіпті инфекцияны анықтайтын жеке зертхананың жоқтығын, сондай-ақ, аудандағы жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратының салынуына депутаттардың ықпал етуін сұрады.

Ауыл дәрігерлерінің тілектері мен ұсыныстарын тыңдаған Мәжіліс депутаттары Үкіметке тиісті сауалдар жіберіп, оларды тезірек шешу үшін шаралар қабылдайтындықтарын айтты. Одан әрі депутаттардың облыстағы басқа да елді мекендерге баруы жоспарланған. Ол ең алдымен, медицина және денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мәселелерді анықтауға және жедел шешуге бағытталған.