Аймақтар • 04 Тамыз, 2020

Қостанайда 500 шақырым жол жөнделеді

544 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 500 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда 500 шақырым жол жөнделеді

Аймақта "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 18,8 млрд теңге болатын 37 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Соның 20-сы биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Қалғаны алдағы жылы жалғасады. Бағдарламаның орындалу барысы облыс әкімдігінде талқыланды.

Жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтің баяндамасы тыңдалды.

"Бүгінге дейін 291 шақырым асфальтбетон жабынын фрезерлеу жұмысы атқарылды. Сондай-ақ, ескі қыртысқа жаңа материал араластыра отырып қайта өңдеу арқылы - 239 шақырым жол жөнделіп, 194 шақырым жолға бетондыасфальт жабыны төселді. Бұл жолдардаың бойындағы 38 су өткізу құбыры ауыстырылды", деді О.Нұрғалиев.

Облыста республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге 15,5 млрд теңге бөлінген. Бұл 2019 жылға қарағанда 2 есе көп. Биыл аймақтағы республикалық маңызы бар жол күтіміне 1,7 млрд теңге бөлінді. Басқарма басшысының айтуынша, 6 ай ішінде бұл қаржының 72%-ы игерілген.

Жиын соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жауапты басқарма басшыларына автокөлік жолдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.