Оны Елбасы атымен атауға ұсыныс жасалды
Астанаға әйгілі америкалық экономист, «Үшінші индустриялық революция» еңбегінің авторы Джереми Рифкин келді. Ол мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың, сондай-ақ, іскерлік құрылымдардың басшыларына арналған семинар өткізді. Оған Премьер-Министр Серік Ахметов бастаған бірқатар министрлер қатысты.
Оны Елбасы атымен атауға ұсыныс жасалды
Астанаға әйгілі америкалық экономист, «Үшінші индустриялық революция» еңбегінің авторы Джереми Рифкин келді. Ол мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың, сондай-ақ, іскерлік құрылымдардың басшыларына арналған семинар өткізді. Оған Премьер-Министр Серік Ахметов бастаған бірқатар министрлер қатысты.

Мұнымен қатар, семинарға ұлттық компаниялардың жетекшілері, елдегі шетелдік компаниялардың басшылары мен түрлі саланың өкілдері де келді. Семинар 2 сағатқа ұласты. Экономикалық трендтерді зерттеу қорының президенті, жоғарыда аталған еңбекпен қатар «Эмпатикалық өркениет», «Еуропалық арман», «Сутегілік экономика», «Биотехнологиялар ғасыры» және «Жұмыс соңы» атты адамзат өміріне қажетті еңбектер жазған Рифкин бұл жолы «Үшінші индустриялық революция» жөнінде баяндады. Ол әлемдегі энергия мәселелеріне тоқталып, барлық елдерді көмір сутегінен қуат көзін өндіруді біртіндеп шектеп, Германия сияқты кезең-кезеңімен «жасыл экономика» мен «жасыл» энергияға көшуге шақырды. Сөйтіп, ақылды энергияға көшудің түрлі жолдарын ұсынды. Егер адамзат қоршаған ортаны бұдан артық ластай беретін болса, келешекте орны толмас апаттар орын алуы ықтимал екенін де тілге алды.
Доктор Рифкин Қазақстан халқын 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесін өткізу байқауын жеңіп алуымен құттықтады. Сонымен қатар, көрме тақырыбы бүкіл әлем халқының жаңа дәуірге, яғни «жасыл энергияға» өту кезеңдерінің алғышарты болатынын айтты. Негізі Джереми Рифкин Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдаманы әзірлеу барысында консультант ретінде тартылып, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің эскиз-идеялары бойынша халықаралық сәулетшілік байқаудың кеңесін басқарған еді. Сондықтан оның біздің елімізді жақсы білетіні көрініп тұрды. Ұлы Жібек жолының ортасына орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығыстың арасында «жасыл» энергия көпіріне айналып, осы салалардың орталық хабына айналуға да мүмкіндігі мол, деді. Сіздердің елдеріңіз бай әрі мамандарыңыз сауатты екен, деп жалғастырды ол сөзін. Сондықтан тартынатын ештеме жоқ, деп түйіндеді.
Егер еске алар болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты» Жолдауында Үшінші индустриялық революцияны ХХI ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің бірі ретінде атап өткені белгілі. Болған семинарда сол сын-қатерден Қазақстанның лайықты өтуі әңгіме арқауына айналды. Семинардың екінші бөлімі сауал-жауапқа, қызықты пікірталасқа ұласты. Сондағы бірталай ұсыныстарды саралаған доктор Рифкин Назарбаев Университетіне жоғары баға бере келіп, әлемнің ең озық технологиялары осы жерде шоғырланғанын, сондықтан әлем бойынша теңдесі жоқ жаңадан ашылатын ғылыми-технологиялық биосфера зерттеу орталығын Мемлекет басшысының атымен атауға ұсыныс білдірді. Оның ойынша, биосфералық зерттеу орталығын Елбасы атымен атауға Қазақстан халқының толық құқығы бар.
Доктор Джереми Рифкин бүгінде маңызды бірқатар кездесулер өткізіп, Назарбаев Университетінде дәріс оқиды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».